Қызметкер қазақ тілін еркін меңгерсе, жүйе өзі табиғи түрде қазақыланады - ғалым

Жаңалықтар
view 32
news

Фотосурет: Qaz365.kz коллажы

Қазақ тілі ХХІ ғасырда толыққанды мемлекеттік, ғылыми, кәсіби және халықаралық коммуникация тіліне айналады. Бұл – белгілі ғалым, тіл жанашыры, Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешовтің пікірі. Әрі қарай осы тақырыпта өрбіткен әңгіменің жалғасын төмендегі сұхбаттан оқи аласыздар, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Ербол Ердембекұлы, бүгінде тіл саясаты елдің стратегиялық дамуымен қатар қарастырылып жүр. Жалпы, қазақ тілінің қазіргі ахуалына қандай кешенді баға беруге болады?

Жалпы алғанда, қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі үлесі соңғы он жылдықта едәуір арта түсті. Мемлекеттік басқару, білім беру, бұқаралық ақпарат құралдары, бизнес коммуникациясының көп бөлігі қазақшаға ауысып келеді. Алайда бұл кеңею бірқалыпты емес. Аймақтар, салалар арасында айырмашылық бар. Қазақ тілі баршаға ортақ мемлекеттік коммуникация тіліне толық айналды деу үшін әлі көп жұмыс қажет. Басты мәселе – заңнан бөлек, тілдік ортаның тұрақты, табиғи қолданысын қалыптастыру.

Тіл саясатының құқықтық базасы туралы сөз қозғасақ. Қолданыстағы заң қазіргі қоғамдық қарым-қатынасты қамтуға жеткілікті ме?

1997 жылғы «Тіл туралы» заң ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңіне арналған еді. Қазіргі коммуникациялық орта мүлде басқа. Цифрлық платформалар, жаңа медиа, урбанизация, көптілді орта, халықаралық байланыстар түгел өзгерді. Сондықтан тіл саясаты да соған сай жаңғыруы қажет.

Жаңартылған заң мынадай нақты үш мәселені айқындауы керек:

Біріншіден, мемлекеттік тілдің міндетті қолданыс аясы. Қай салада, қандай деңгейде қазақ тілі негізгі құрал болуға тиіс, бұл нақты жазылуы керек.

Екіншіден, жауапкершілік және бақылау. Талап бар, бірақ оның орындалуын қамтамасыз ететін нақты механизм жеткіліксіз.

Үшіншіден, қолдау тетіктері. Мемлекеттік тілдің қолданылуына жағдай жасайтын инфрақұрылым – кадр, оқыту, цифрлық құралдар заңда көрініс табуға тиіс.

– Ал қазақ тілін мемлекеттік қызметтің толыққанды тіліне айналдыру үшін не істеу керек?

– Алдымен кадр саясаты. Егер қызметкер қазақ тілін еркін меңгерсе және оның қазақша жұмыс істеуіне жағдай жасалса, жүйе өзі табиғи түрде қазақыланады.

Екіншіден, тілдік орта. Мемлекеттік органдарда қазақ тілінде жүргізілетін құжат айналымы, жиналыс, хаттама, цифрлық сервистер әлі де біркелкі емес. Орта болмай, тіл қолданылмайды.

Үшіншіден, цифрлық инфрақұрылым. Әр мемлекеттік қызмет, әр портал, әр мобильді қолданба қазақ тілін басты нұсқа ретінде ұсынуы керек. Бұл техникалық мәселе болып көрінгенмен, стратегиялық қадам.

Латын әліпбиіне көшу үдерісі қоғам ішінде әлі қызу талқыланып жатыр. Сол мәселе не болды өзі?

Бұл асығыстықты көтермейтін, ғылыми дәлдік пен қоғамдық келісімді қажет ететін реформа. Әліпби – тілдің қаңқасы. Бір дыбысты дұрыс бере алмаса, орфография бұзылады, сауаттылық төмендейді. Соңғы жылдары бірнеше нұсқа ұсынылды, олардың әрқайсысы тәжірибеде сыналды. Қазір лингвистер ең тиімді, ең ықшам нұсқаны талдап жатыр. Әрі бұл үдерістің өзі ашық жүргізіліп келеді. Ең бастысы, әліпби практикалық тұрғыдан ыңғайлы, оқу-жазуды жеңілдететін, қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дәл беретін болуы керек.

Қазақтілді және орыстілді орта арасындағы алшақтық туралы жиі айтылады. Бұл айырмашылықты қалай азайтуға болады?

Енді бұл дегеніңіз – күрделі әлеуметтік мәселе. Бірінші фактор – білім сапасы. Қала мен ауыл мектептерінің деңгейінде айырмашылық бар. Қазақ тілін сапалы оқытатын мұғалімдердің дайындығы мен әдістемесі де әркелкі.

Екінші фактор – медиа ортасы. Жастардың негізгі тұтынатын контенті – интернет. Егер біз қазақ тіліндегі тартымды, кәсіби, бәсекелі онлайн контентті көбейтсек, жастар тілді табиғи түрде игереді.

Үшінші фактор – қоғамдық орта. Мәдени жобалар, жастар арасындағы белсенді алаңдар, аралас шығармашылық бастамалар тілдік көпір жасайды.

Алдағы жылдары қазақ тілі қандай бағытта дамиды деп ойлайсыз?

Қазақ тілінің әлеуеті өте жоғары. Біріншіден, демографиялық көрсеткіштер тілдің табиғи кеңеюін қамтамасыз етіп отыр. Екіншіден, мемлекеттік саясат тілдің институционалдық мәртебесін күшейтуді жалғастырады. Үшіншіден, цифрлық дәуір тілді жаңа формада дамытудың мүмкіндігін береді. Машиналық аударма, жасанды интеллект, автоматтандырылған қызметтер бәрінде қазақ тілінің болуы жаңа кезең ашады. Болашақ тілді үйретуде де, қолдануда да практикалық, технологиялық тәсілге негіз болады. Егер осы бағыттан таймасақ, қазақ тілі ХХІ ғасырда толыққанды мемлекеттік, ғылыми, кәсіби және халықаралық коммуникация тіліне айналады деп сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан Ерік ЕЛЕУСІЗ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *