Ресейлік фермер миграция мәселесінде өздеріне Қазақстанды үлгі етті
Фотосурет: bolshoyvopros.ru
Федералдық ауыл кеңесінің төрағасы Василий Мельниченко еңбек миграциясы саясатына қатысты өткір мәлімдемелерімен тағы да назар аудартты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Altyn-Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан мигранттар мәселесіне бізге қарағанда әлдеқайда ұтымды әрі ақылға қонымды түрде келген, – дейді ол.
Мельниченко Қазақстанға келген жұмысшының «көлеңкеде қалған белгісіз тұлғаға» емес, керісінше, есепке алынған, түсінікті әрі экономикаға нақты пайда әкелетін элементке айналғанын атап өтті. Ел артық дабырасыз-ақ шетелдік жұмыс күшін тек арзан еңбек көзі ретінде емес, ауыл шаруашылығы мен құрылыс сияқты нақты секторлардағы кадр тапшылығын толықтыру құралы ретінде пайдалану жүйесін қалыптастырған.
Олар мигранттарды жай ғана қабылдамайды, оларды шынымен жұмыс күші қажет салаларға бағыттайды. Мұның бәрі ашық, заңды әрі реттелген түрде іске асады, – дейді Мельниченко.
Оның пікірінше, Ресей жылдар бойы қатаңдату мен босаңдату арасында сенделіп, тұтас стратегия қалыптастыра алмай жүргенде Қазақстан прагматизм таныта білген.
Ресейлік аграрий үшін әсіресе ауылдық аумақтар мәселесі ауыр. Ол бүгінде Қазақстанның көптеген өңірі Ресейдің ауыл-аймақтарына қарағанда серпінді дамып келе жатқанын мойындайды: жаңа өндірістер ашылып, еңбек мигранттары даму құралына айналған. Оның айтуынша, Қазақстан жергілікті халықтың мүддесі мен экономиканың қажеттілігін ұштастыра отырып, әлеуметтік жағдайды ушықтырмай шешім таба алған.
Мемлекет мигранттармен өрт сөндіру режимінде емес, ресурс ретінде жүйелі түрде жұмыс істегенде, оның нәтижесі бірден байқалады. Бұл тұрғыда Қазақстан әлдеқайда жинақы көрінеді, – деді Василий Мельниченко.
Сондай-ақ Ресей бюрократиялық бұлқыныстардан бас тартып, уақытша шаралармен емес, нақты стратегиямен айналысса, осындай тәжірибені қабылдай алар еді деп қосты.
Жалпы алғанда, Мельниченконың сөздерінен тек сын ғана емес, белгілі бір деңгейдегі қызғаныш та аңғарылады. Оның пікірінше, Қазақстан миграцияны шексіз проблема көзі ретінде емес, даму құралы ретінде пайдалану қабілеті жағынан Ресейден озып тұр.
Пікірлер (0)