Соғыс басталғалы Украина халқы 8 миллионға азайды – БҰҰ
Фото: Радио Озоди
Халық санының азаю себептері арасында БҰҰ украиндардың елден кетуі мен соғыста адамдардың қаза болуын атады, деп жазады janabastau.kz inbusiness.kz -ке сілтеме жасап.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі басқармасының мәліметінше, соғыс басталғаннан бері кем дегенде 11 973 бейбіт тұрғын қаза тапты. Шамамен 6,7 миллион адам шетелде босқын атанды.
"Бұл адами капиталдың үлкен шығынын білдіреді", – деді қордың өкілі Флоренс Бауэр Женевада журналистерге арналған брифингте.
Сонымен қатар, соғыс демографиялық проблемаларды ушықтырды. Украинада туу көрсеткіші бір әйелге шаққанда бір балаға дейін төмендеді – Еуропадағы ең төмен әрі әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі, деп түсіндірді Бауэр.
Украина билігі гендерлік теңдікті, әкелерді бала күтіміне байланысты демалыспен қамтамасыз етуді және қолайлы жұмыс жағдайын жасауды қамтитын заманауи демографиялық саясатты жүргізу арқылы бұл үрдіске қарсы тұруда, деп атап өтті Қор. Осылайша, 2021 жылы балаға ортақ күтімді ынталандыратын заң қабылданды.
Бауэр сондай-ақ Украинада демографияны тиімді жоспарлау үшін қауіпсіздік жағдайын ескере отырып, халық санағын жедел жүргізу қажет екенін атап өтті. Мұқият демографиялық талдау экономикалық әрі әлеуметтік дамудың ұзақ мерзімді стратегияларын анықтауға көмектеседі, деп түйіндеді ол.
Пікірлер (0)