Тайтөбе ауылының тұрғындары әкімдерін сайлап алды
Фото: JANABASTAU.KZ
Қосшы қаласына қарасты Тайтөбе ауылында жергілікті әкімді сайлау науқаны жоғары деңгейде өтті. Ауыл тұрғындары үшін маңызды саяси шара жалпы орта білім беретін мектеп ғимаратында ұйымдастырылды. Үш үміткер - Ақашев Айдос Қабылдаұлы, Ахметов Рүстем Мұратбекұлы және Сикумбаев Нұрлан Зархомұлы сынға түскен додада әр кандидат өз бағдарламасын ұсынып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салды. Сайлау қорытындысы бойынша AMANAT партиясы атынан ұсынылған Ахметов Рүстем Мұратбекұлы 82,21 пайыз дауыспен ауыл әкімі болып сайланды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Ауылдық сайлау комиссиясының төрағасы Мұсабек Досмағамбетовтің мәліметінше, дауыс беруге құқылы 1316 адамның шамамен 75,91 пайызы сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасаған. Бұл – тұрғындардың саяси белсенділігі мен ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Ерекше атап өтерлігі, биыл 18 жасқа толған 17 жасөспірім алғаш рет дауыс беріп, азаматтық құқықтарын пайдаланды. Солардың бірі – Тайтөбе ауылының тұрғыны Шахназ Абдухамитова. Ол алғаш рет дауыс беру сәтіндегі толқынысын жасыра алмай, бұл күннің өз өміріндегі айрықша кезең екенін жеткізді.

Сайлау учаскесіне келе жатқанда алғаш рет дауыс беретін болған соң ба, аздап толқыдым. Бұл мен үшін маңызды әрі керемет күн болды. Бұл – азамат ретіндегі алғашқы таңдауым. Кейбір адамдар «бір дауыстан не өзгереді» деп ойлауы мүмкін. Бірақ мен олай ойламаймын. Әсіресе, ауыл әкімін сайлау күнделікті өмірімізге тікелей әсер ететін маңызды шешім. Ауылымыздың болашағы, жастардың дамуы мен жаңа мүмкіндіктер үшін өз таңдауымды жасадым. Алғашқылардың бірі болып дауыс бергенім үшін естелік сыйлықтарға ие болдым. Бұл мен үшін зор мақтаныш. Құрбы-құрдастарымды да өз құқықтарын пайдалануға шақырамын, – деді жас сайлаушы.
Шынында да, ауыл әкімін тікелей сайлау – жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтудың нақты тетігі. Бұл – халықтың өз ауылындағы өзекті мәселелерді шешуге тікелей ықпал етуіне берілген мүмкіндік. Жол, жарық, ауызсу, абаттандыру, әлеуметтік нысандардың жағдайы секілді күнделікті тұрмысқа қатысты мәселелердің шешімі ең алдымен ауыл әкімінің тиімді жұмысына байланысты. Сондықтан әрбір дауыс – ауылдың ертеңіне қосылған үлес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Халыққа есеп беретін мемлекет құру – басты мақсатымыз. Жергілікті басқару жүйесі барынша ашық әрі халыққа жақын болуы тиіс», – деп атап өткен болатын. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау – осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі.
Тайтөбедегі сайлау науқаны тұрғындардың жауапкершілігін, әсіресе жастардың белсенділігін көрсетті. Бұл – ел ертеңіне деген сенімнің айғағы. Ауылдың болашағы – ауыл тұрғындарының қолында. Ал сол болашақты айқындайтын басты құрал – саналы таңдау.
Пікірлер (0)