“Танакөз: Сахнадағы сыр мен мұң”
Сурет: Ашық дереккөзден алынды
Қазан айының 25, 26-сы жұлдызы аралығында Астана қаласындағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында Мұхтар Шахановтың “Танакөз” поэмасы бойынша спектаклдің премьерасы өтті. Екі құрамның да ойынын көрдік.
Мұхтар Шахановтың “Танакөз” поэмасы – қазақ әдебиетінің алтын қазынасына енген туынды. Поэмада терең философиялық ойлар мен адамгершілік құндылықтары сөз болды. Бұл шара көрермендер үшін қазақ әдебиетінің поэтикалық әлеміне енуге мүмкіндік берді.
Мұхтар Шахановтың шығармасы метафорикалық құрылымы және символикалық образдарымен ерекшеленеді. Поэмадағы Танакөз бейнесі – ұлттық рухтың, әйелдің нәзіктігі мен күшінің символы. Автор өлең арқылы оқырманды өмір мен өлім, бақыт пен қайғы мәселелерін терең ойлауға итермелейді.
Спектакльде Танакөздің киімімен салыстырғанда Зергүлдің костюмі көркемдік тұрғыдан ұтымдырақ болып шықты. «Танакөз» кейіпкерінің киімі басқа кейіпкерлерден ерекшеленбей, оның бейнесінің тереңдігін толық аша алмады. Мұндай жағдай Танакөздің рөлінің тереңдігі мен маңыздылығын ескерсек, кейіпкердің ықпалын әлсіретіп, қойылымның динамикасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан, танымал әрі маңызды кейіпкердің образын мейлінше толыққанды сомдау үшін костюмді қолданудың маңызы зор. Киім суретшісі - Арман.Т декорацияның қарапайымдылығы актерлердің ойындарына назар аударуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде сахнадағы шынайылықты арттырады. Декорацияның бірегей ерекшелігі — сахна ортасында су элементінің соңына дейін қолданылуы. Бұл элемент кейіпкерлердің ішкі күйзелістерін, өмір мен өлім арасындағы шиеленісті, сондай-ақ оқиға ағымының динамикасын бейнелеу үшін ерекше маңызға ие болды. Сонымен қатар, орындықтар мен шелектің қолданылуы сахналық қимылдарда функционалдық рөл атқарды. Билер сахнасында орындықтар мен шелектер бейнелі түрде қосымша рөл атқарып, кейіпкерлердің эмоционалдық жағдайын, олардың арасындағы қарым-қатынастардың шиеленісін көрсетуге қызмет етті. Мұндай көркемдік шешімдер сахналық кеңістіктің мағыналық тереңдігін арттырып, жалпы спектакльдің эстетикалық құндылығын жоғарылатты.
Спектакльдегі жарықтандыру элементі өнер туындысының визуалдық қабылдауына елеулі әсер етті. Жарықтың қарқындылығы мен бағытталуы сахнадағы эмоциялық атмосфераны қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Бұл аспект спектакльдің жалпы эстетикалық құндылығын жоғарылатып, сахналық көріністің айқындылығын қамтамасыз етті. Жарық суретшісі - Әли.Б
Мұхтар кейіпкерін сомдаған актер - Серік.М өз образын шеберлікпен, жеңіл әрі шынайы сомдады. Екі құрамда әртүрлі актрисалармен жұмыс істеп, кәсібилігін тағы да бір рет айқын көрсетті. Актер өз кейіпкерінің психологиялық және эмоционалдық күйін терең сезініп, оны шынайы әрі нанымды түрде жеткізді. Бұл процесс барысында актердің ішкі жан дүниесі мен рөлдің талаптары арасындағы үйлесімділік орын алып, кейіпкердің эмоционалдық контексті толықтай ашылды. Актерлік шеберліктің бұл деңгейі көрерменнің рөлге сенімділігі мен актердің өнеріне деген құрметті арттырды.
Актер Әмірхан.О Мұрат рөліндегі өнері барша күткенімізді ақтады:репликаларын сезініп, Танакөзге деген сезімін жеткізе алмайтын сахнада шынайы актерлік шеберлігін қолдануы арқылы анық көрсете білді.
Екінші құрамдағы Мұрат рөлін сомдаған актер - Дарын.П актерлік интерпретациясында актер Оразбақ Әмірханнан өзгеше стильде ойнады. Спектакльдің басында бала Мұрат бейнесін шебер жеткізе алды. Бұл процесс барысында актердің ішкі конфликтісі мен эмоционалдық қарым-қатынасы көрініс тауып, Танакөз образына қатысты нәзік және күрделі психологиялық деңгейлерді ашуға мүмкіндік берді.
Танакөз рөліндегі актриса - Ділназ.Е өз бейнесін шынайы әрі терең түрде сомдай отырып, кейіпкердің психологиялық күрделілігін айқын көрсетті. Оның актерлік шеберлігі спектакль барысында эмоциялық диапазонды толық қамтып, көрермендердің назарын өзіне тартты. Актрисаның ойын барысында физикалық және эмоционалдық экспрессиялардың үйлесімділігі көрерменнің танымдық тәжірибесін байытты, нәтижесінде Танакөз образының шынайылығы мен шынайы сезімдері ерекше әсер қалдырды.
Тима кейіпкері де ерекше назар аударуға тұрарлықтай, “Мұрат комбайнның астында қалып қалды” деген репликасы жүректен шыққандай естілді. Актер өз кейіпкерін сүйкімді әрі қызықты етіп, спектакльдің соңына дейін сомдай білді. Алайда, Мұхтардың чемоданын жинап,кеткелі жатқан сәтінде Тиманың “Мен де барайыншы” деген репликасы драматизмнің күшеюіне кедергі келтірді. Бұл фраза кейіпкердің ішкі күйзелісін жеткізудің орнына, сахнаның эмоционалдық жүктемесін төмендетіп, көрерменнің назарын бөле алды.Егер апасы Нұргүл шыққан кезде диалогты тереңдету мақсатында драматургиялық шешімдер қарастырылса, сюжеттің шиеленісу деңгейі едәуір артып, көрерменнің эмоционалдық қатысуын күшейтуі мүмкін еді.
Мұрат пен Мұхтар арасындағы конфликт толық ашылды, ал төбелес сәтінде екі кейіпкердің киімдері жыртылып, көздеріндегі реніш, іштеріндегі айта алмаған сөздері һәм сезімдері көрініп тұрды. Екі құрамдағы актерлер де бұл сахнаны жоғары деңгейде көрсете алды. Спектакль ортасындағы реквизиттер (төсек, чемодандар, сүт сауатын машина және т.б) ауыл мәдениетінің шынайы көрінісін берді.
Алайда, қазақ сахнасындағы кейбір тілдік нюанстар, мысалы, “ғой”, “қой” және басқа шылаулардың аяғына дейін айтылмауы драмалық қойылымның мазмұндық құрылымына елеулі әсер етті. Әсіресе Танакөз рөліндегі актриса Дильназ.К Мұхтар кейіпкерімен(Серік.М) диалогы кезінде көп кездесті. Мұндай қателіктерді түзету қажеттілігі туралы айту маңызды, себебі олар спектакльдің жалпы әсеріне теріс ықпал етеді.
Айта кететін жайт, екінші құрамдағы Танакөз рөлін сомдаған актриса - Кабдырова. Д өз кейіпкерін ашуға белсенді талпынғанымен, бұл ұмтылыс қаһарманның құндылығын айқындауда аздық еткен. Актрисаның ойын барысында эмоциялық ауқымның шектеулі болуы кейіпкердің ішкі әлемін толыққанды жеткізуге кедергі келтірді.
Мәселен, Мұраттың мүгедек болғаны туралы жаңалықты естігенде немесе Мұрат пен Мұхтардың арасындағы шиеленіс сәтінде актрисаның бет-әлпетінде ешқандай терең эмоция байқалмады. Мұндай сәттерде рөлін терең сезініп ойнау актрисаның шеберлігін арттыра түсуі мүмкін еді. Егер эмоциялық мәнерлілік пен физикалық экспрессия бірлесе үйлестірілсе, бұл спектакльдің жалпы драматургиялық құрылымын күшейтіп, көрермендердің эмоционалдық қатысуын тереңдетер еді.
Басты рөлдердегі Мұхтар мен Маратты сомдаған актерлер (Прекеш.Д; Мақсотов.С) үшін бұл кәсіби жетістіктің үлкені болып табылады. Театрда осындай жоғары деңгейде өнер көрсету – актерлердің шынайы еңбегінің нәтижесі. Олардың шеберлігі мен дайындықтары спектакльдің көркемдік деңгейін айтарлықтай арттырды.
Спектакльдегі билер күрделі хореографиялық құрылымдар мен вариациялардан құралған, бұл олардың эстетикалық мәнін айтарлықтай арттырады. Әрбір би нөмірі актерлердің техникалық шеберлігін және шығармашылық қабілеттерін көрсетуге бағытталған, сондай-ақ, көрерменнің эмоциялық қабылдауына терең әсер етеді.Хореографиялық композициялардың көпқабатты құрылымы мен синхрондылығы драматургиялық контекстпен үндесіп, сюжеттік желіні тереңдетуге ықпал етеді. Хореограф - Карина.Д
Режиссер - Әли Бидахмет спектакльдің көркемдік тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында кешенді шығармашылық үдерісті жоғары деңгейде ұйымдастырды. Оның концептуалдық көзқарасы мен сценарийдің құрылымына терең анализ жүргізуі, актерлердің шеберлігін дамытудағы жүйелі жұмысы, спектакльдің эстетикалық және эмоционалдық әсерін елеулі түрде күшейтті.
Түйіндей келгенде, “Танакөз” спектаклі – қазақ театрының дамуына қосылған бағалы үлес, әрі оның кемелділігі үшін әрбір актер мен шығармашылық топтың бірлескен еңбегі маңызды.
Орындаған: Театртану мамандығының 2 курс студенті Қайрат Нұрсая
Пікірлер (0)