Теннисші Жібек Құламбаева ITF турнирінің чемпионы атанды

Жаңалықтар
view 23
news

Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Нагпур қаласында (Үндістан) өткен ITF W15 сериялы турнирінің жұптық сынында жеңіске жетті. Бұл спортшының ауыр жарақаттан кейін қалпына келіп, биылғы маусымда иеленген алғашқы жеңісі, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Турнирдің шешуші кезеңінде Құламбаева ресейлік Екатерина Яшинамен жұп болып, Элина Неплий мен Ксения Лоскутоваға қарсы кортқа шықты.

Бірінші сетте қарсыластар 5:7 есебімен басым түсті. Екінші сет кезінде қазақстандық-ресейлік жұп есепті теңестіре алды – 6:4. Шешуші сетте Жібек пен Екатерина шеберлік танытып, 10:6 есебімен жеңісті жұлып алды.

Бұл жеңіс Жібек үшін психологиялық тұрғыдан өте маңызды болды. Жарақаттан кейін спортқа оралып, бірден тұғырдан көріну — жоғары шеберліктің белгісі, — дейді мамандар.

Құламбаева тек жұптық сында ғана емес, жекелей кестеде де айқын басымдық көрсетіп келеді. Жартылай финалда әлемнің 419-ракеткасы жергілікті теннисші Зеел Десаиды (583 WTA) еш қиындықсыз жеңді.

Енді финалда Жібек тағы бір үндістандық спортшы — Сонал Патилмен (1159 WTA) бас жүлдені сарапқа салады. Егер жеңіске жетсе, Құламбаева Нагпурдан екі кубокпен оралады.

Сәуір айында отандық теннис жанкүйерлерін тағы бір маңызды оқиға күтіп тұр. 2026 жылдың 10-11 сәуірінде Жібек Құламбаева Қазақстан құрамасы сапында әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысады. Астана төрінде өтетін бұл сында спортшыларымыз Канада құрамасына қарсы ойнайды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *