ТҰМАУ «КҮШКЕ МІНГЕН» ШАҚ
Қосшы жаңалықтары
118
Адам баласының ең басты қымбат қазынасы - денсаулық. Әсіресе, қыстың қаңтар, ақпан айларында адамдар арасында тұмау тез таралады. Өте оңай жұғып, бір адамның өмірінде бірнеше рет қайталанатын тұмау ауруын асқындырмау үшін, сонымен бірге одан тез арада қалай айығып кету жолдарын білу мақсатында қосшылық дәрігер Меруерт Улимбаевамен кездесіп әңгімелескен болатынбыз.
Қыс айларында тұмаудың өршитіні бар. Емделудің қандай тәсілдерін қолданған жөн? Тұмау дертінің асқынуымен одан сақтанудың жолдары қандай? Әсіресе суық тиюдің нәтижесінде болатын ауру кезінде иммунитетті қалай сақтаған дұрыс? Сондай-ақ дертті асқындырып алмау үшін қандай шараларды істеу керек? Осы сауалдар төңірегінде кеңесін айтқан дәрігер емделмеген тұмаудың салдары туралы ескертті. Оның айтуынша, тұмау асқынса COVID-19-дан да қауіпті болуы мүмкін.
- Емханада бүгінде 32 мың 500 адам тіркелген. Қосшы қаласында жалғыз емхана болғандықтан тіркелген науқастар да, тіркелмегендер де біздің поликлиникаға келеді, - дейді «Жанұя» емханасының дәрігері Меруерт Төлегенқызы. - Олар әуелі фильтр кабинетке келеді. 2 фельдшер жұмыс істейді. Қазір келіп жатқан науқастар көп. Түскі уақытта да, үзіліс кезінде де науқастар саны көп болады. Күніне 60-70 адам қабылдаймыз.
Тұмау вирусы ауа арқылы тарайды. Науқас адам жөтелген, түшкірген кезде, сондай-ақ оның қақырығы, ұстаған заттары арқылы да жұғады. Сондықтан тұмау маусымы кезінде бұл аурудың белгісі байқалған адамдардан мүмкіндігінше аулақ болуға тырысып, үйде науқас адамды күткенде бетперде тағып, сақтық шараларына барынша мұқият болған дұрыс.
- Тұмау ауру тыныс алу жолдары арқылы жұғады. Бұл маусымдық сырқат күз және көктем, қыс мезгілдерінде жиі көрініс береді. Осы кезеңдерде адам имунитеті төмендейді. Одан соң күн райы күрт өзгеруі де әсер етеді. Бұл тұмауға кп адам мән бере бермейді. Егер науқастың дерті асқынса өзге органдарына да әсер етуі мүмкін. Тұмаудың алғашқы белгілері әр жанда түрлі болуы мүмкін. Жиі кездесетіні қызудың көтерілуі, құрғақ жөтел, мұрынның ағуы және буынның ауыруы.Көп науқастар қызу түспей жатқан соң келеді, тіпті біреулері тұмау асқынып пневмония, бронхит болған соң да келіп жатады. Балалар да бұл сырқат кезінде іш ауыруы мүмкін. Денелеріне бөртпелер шығады. Тамаққа тәбеті болмай, құсып та жатады. Ал ересектерде бұған қарағанда жеңілдеу болады, - дейді дәрігер.
Сондай-ақ, маманның айтуынша, тұмау тромбоцитопения немесе буындардың зақымдануы секілді аутоиммунды ауруды тудыруы мүмкін. Жасыратыны жоқ, тұмау көп тарайтын жұқпалы ауру түріне жатады. Жылдар бойы ол эпидепия көзі болып, 5-10 процент ересектер мен 20-30 процент балаларды зақымдауда. «Тұман түбі – жұт, тұмау түбі – құрт» дейді халық даналығы. Тұмау көптеген ауру түрлерін қоздырушысы болып табылады.
- Тек тұмауда емес, басқа аурулардан да сақ болу үшін дұрыс тамақтанып, спортпен жиі айналысуымыз қажет. Өйткені бұл дағдылар имунитетіміздің жоғары болуына септігін тигізеді. Ауырған кезде жеңіл қабылдаймыз. Спорттық би, жүзу, жүгірумен айналысу бұлшық еттің қатаюына әсер етеді. Суды көп тұтынғанымыз жақсы. Күніне 7-8 бокал су ішкеніміз дұрыс. Организм құрғамауы қажет. Құрғаған организм дертті тез жұқтырады. Мұрынның шырышты қабатында сезімтал рефеклестер көп орналасқан. Егер ол маңай сулы болып тұрса онда вирусты өткізе қоймайды. Ал егер суды аз ішіп, дұрыс тамақтанбасақ мұрынның шырышты қабаттары құрғақтанып, инфекцияны жедел жұқтырады. Тұмау жұқтырмас үшін ұйқыны да реттеуіміз қажет. Ал, имунитетті көтеру үшін түрлі витаминдер ішу де пайдалы. Тұмауға қарсы вакцинаны міндетті түрде салдыру керек, - дейді ол.
Тұмаудың ең басты емі — дәрігердің бақылауында болып, оңаша, ауасы таза бөлмеде жатып емделу қажет. Дене қызуын, дене сырқырауын, аспирин, пирамидон және т.б. дәрілер тез басады. Ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде аузы-мұрнын қолымен немесе орамалмен жабуы тиіс. Меруерт Төлегенқызы науқастың тек өзіне арналған ыдысы, орамалы жеке қадағаланып, олар жиі қайнатылып залалсыздандыруы қажет екенін айтады.
- Жөтелді тез басып тастауға болмайды. Жөтелді түрлі емдейді. Балаларға сұйық дәрілер 5 жасқа дейін берілмейді. Өйткені олар қақырығын шығара алмайды. Өкпесінде бактерия жиналып, пневмонияға ұласып кетуі мүмкін. Балаларға көп су ішкізу керек. Сонда олар құсу арқылы қақырығын шығарып жібереді. Олардың арқасына дренажды массаж жасау қажет. Ал үлкендер құрғақ жөтел жағдайында сұйық дәрілерді ішу керек. Оларға бұл нәрсе қақаырығын шығаруға көмектеседі. Үй жағдайында тамағын фурацилинмен және тұз сумен шаюға болады, - дейді қосшылық дәрігер Меруерт Улимбаева.
Тұмаудың түрі көп. Екпені тұмаудың бір түрінен алсақ, басқа түрі де болуы мүмкін. Сондықтан екпені міндетті түрде алу керек. Дегенмен, екпе толықтай көмектеспейді. Тек жеңілдетеді. Ең бастысы адамдар өзі сақ болу қажет. Тұмау асқынғанда буынға, жүрекке, бүйрекке әсер етеді. Кішкентай балаларға аяққа әсер етіп, жүре алмай қалуы мүмкін.
- Тұмаумен ауырған науқастар бір нысанның ішінде ауа арқылы жұқтырады. Кеңсенің ішін ылғалдандыру қажет. Ол 50-60 пайыздай болғаны жөн. Кеңсенің іші 18-20 градустан артық ыстық болмау керек. Сыртқа шығып таза ауа жұту адамға жақсы әсер етеді. Қолды үнемі жуу керек. Адамдар көп шоғырланған жерлереге бармауы қажет. Тұмау кезінде көп сұйықтық ішу керек. Әсіресе, сорпа мен су. Қуырылған тағамдарды жеуге болмайды. Тауық сорпасы, сиыр етінен сорпа ішу қажет. Түрлі жемістерден жасалған шәй да қанға сіңген инфекцияны зәр және тер арқылы қуып шығады. Асқынған инфекция қанға барады. Ал қанды тазарту үшін көп сұйықтық ішу керек. Сонда қызу да түсіп, бірқалыпты бола бастайсыз, - деді дәрігер.
Иә, тұмау - қатерлі сырқат. Салауатты өмір салтын ұстану үшін толыққанды ұйқы, таза ауа, белсенді демалыс, дәруменге бай тағамдар қолданылса ол ағзадағы кез келген инфекциямен күресуіне толық ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан бұл күресте жеңіп шығу, яғни ауырмау үшін жоғарыда айтылған шараларды міндетті түрде бұлжытпай орындап, күнделікті тұрмыста денсаулықты назарға алып, отырғанның еш артықшылығы жоқ.
- Қазір тұмау өршіп тұр. Әр адам өз денсаулығына көңіл бөлуі керек. Суды көп ішу, емдік шөптен жасалған шәй, жеміс-жидек имунитеттің қалыптасуына көмектеседі. Қазіргі вирус Антибиотиксіз түсіп жатқан жоқ. Ал, антибиотиктер иммундық жүйенің әлсіреуіне әсер етеді. Сол себепті сақ болған жөн, - дейді «Жанұя» емханасының дәрігері Меруерт Төлегенқызы.
А.ЖӘДІГЕРҰЛЫ
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)