ЗАҢДЫ БІЛСЕҢ – ЗАРДАП ШЕКПЕЙСІҢ

Қосшы жаңалықтары
view 75

Бүгінде халық үшін маңызды мәселенің бірі – құқықтық сауаттылық. Соңғы жылдары алаяқтарға алданып жүргендердің де, алаяқтық арқылы ақша жасайтындардың да қатары артуда. Осы орайда сала жауаптылары мен мемлекет алдында қарапайым халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру міндеті тұр. «Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды» деген қағидаға сүйеніп, құқықтық сауатты болу әр адамның өз міндеті деп құр отыра берсек, мәселе шешілмейді. Күнде өзгеріп жатқан заңдарды бақылайтындай халықтың бәрі заңгер емес. Ендеше мәселені шешудің бір жолы – ақпараттандыру жұмысын күшейту болып табылады. Бұл Қосшы қаласының тұрғыны Сәлиманың (өзінің сұрауы бойынша есімі өзгертілген) пікірі. Біздің кейіпкеріміз әлеуметтік желіде менторлық қызмет көрсету жарнамасын оқып, кәсіпкердің қызметін 500 мың теңгеге сатып алғанын айтады. Өз оқиғасымен бөлісуді жөн көрген азаматша, бұл жағдайдан соң өзгеде тұрғындарға сабақ болуын қалайды. Алдымен, 21 ғасырда көптеген кәсіпкердің табыс көзіне айналған "менторлық қызмет" терминіне түсініктеме беріп өтейік. Ментор дегеніміз - сіздің кәсібіңіз, не қызметіңізді жетік білетін және оның табысқа жету жолын айқындай алатын тәжірибелі адам. Ол сізбен ақпаратын, өз білімін бөліседі. Сонымен қатар, ментор арнайы келісім шарттағы міндеттемелерді орындауы шарт. Менторлық жасайтын жеке тұлғалар мен осы қызметті ұсынатын компаниялар саны көп. Бастысы білікті маманды таңдап, алаяқтарға алданып қалмас үшін, азамат өз құқығын жақсы білу қажет. Кейіпкеріміз Сәлима менторлық қызметті ұсынған азаматтың танымал тұлға болғаны үшін бірден келісім шарт жасасуға дайын болғанын айтады. Арнайы келісім шартқа сәйкес, кәсіпкер тапсырыс берушіге бизнесін бастауға бағыт беріп, табысын арттырғанға жан-жақты сүйемелдеу көрсететінін айтқан. Сонымен қатар тапсырыс беруші үш ай ішінде ментордың айтқан кеңестерін, тапсырмасын толық орындап, нәтиже шығармаса қаржыны кері қайтаратынын да келісім шартта көрсеткен. Сөйтіп, Қосшылық тұрғын жеке кәсібін бастап, оны дамыту мақсатында менторға алдын ала 500 мың теңге көлемінде төлемақыны беріп қояды. Деседе, келісім шарт жасалып болған соң, кәсіпкер тапсырыс берушіге бизнес ашу жолын үйретудің орнына, өзінің дайын кәсібіндегі өнімді сату туралы тапсырмалар береді. Сәлима бұл қызметті алғаннан бастап, жақын құрбысымен бірге ақпаратты бөлісіп, әрбір тапсырма барысын көрсетіп отырған. Уақыт өте Сәлима ешқандай кәсіп ашпай, тек бизнесменнің жұмысына қатысты тапсырманы орындап жүрген қызметкер екенін түсінеді. "Ешқандай нәтиже болмаған соң, мен кәсіпкерге жұмысты тоқтатып, уәде етілгендей төленген қаржыны кері қайтаруды сұраймын. Алайда ол маған дөрекілік танытып, ақшаны да қайтармай, әрі қарай жұмыс жүргізбейтінін айтады. Мен бір айдан астам уақыт бойы ол азаматтың тапсырмасын орындап, оның өнімін сатумен айналыстым. Яғни келісім шарттағы ешбір пунктті орындамағаны желіде жазған хабарламаларда да көрсетілді. Мен оның ешбірін өшірмедім. Тіпті менімен дөрекі сөйлесіп, бағыт берудің орнына жеке өміріне қатысты уақыты жоқ екенін айтқан аудиожазбаларды да сақтап жүрдім. Соңында заңгердің көмегіне жүгіндім. Сотқада арыздандым. Әрине заңгерлік кеңес алып, сотта оның қызметіне жүгінк ақылы түрде болды. Сот онлайн форматта өткен болатын. Тіпті кәсіпкердің жасаған келісім шарты ҚР заңына сай болмай шықты. Осылайша барлық дәлелдемені көрсетіп, мен сотта жеңіп шықтым. Мен секілді қарапайым адамды алдап, оңай ақша тапқысы келген кәсіпкер қаражатты кері қайтарды. Мен Қосшы қаласының тұрғыны ретінде соттың әділдігіне сенемін"-деп өз оқиғасымен бөлісті ол. Қосшылық тұрғынның шаһарда халықтың құқықтық сауаттылығын арттыратын арнайы тегін орталық ашылғанын қалайды. Себебі халықтың барлығы ақылы заңгер көмегіне жүгінуге қалтасы көтермейді. Сондай-ақ ол, "Жаңа бастау" газетінің тұрақты оқырманы ретінде басылымның әр шығарылымында "Құқықтық көмек" секілді айдардың болуын ұсынуда. Осылайша,халық маман кеңесін оқи отырып, өзінің құқық саласындағы білімін арттырады, - дейді ол.

Азиза Өтеулиева

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *