«Ұят жағдай»: ІІМ басшысы Қарағандыдағы полиция бекетінде болған оқиғаға пікір білдірді
Фотосурет: видеодан скриншот
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Қарағанды қаласындағы полицияның тірек пунктінен табылған қыздың өліміне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Еске сала кетсек, 1 қазанда Қарағандыдағы полиция бекетінде бір қыздың мәйіті мен ес-түссіз жатқан учаскелік инспектор табылған болатын. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, қызметтік тергеу тағайындады.

Ұят жағдай. Полицейдің атына көлеңке түсетін оқиға. Қазір қылмыстық іс қозғалды, әртүрлі нұсқалар тексеріліп жатыр. Мен жеке бақылауыма алдым. Әсіресе, сол жерде полиция қызметкері болғандықтан, істің толық ашылуын қамтамасыз етеміз. Маған алғашқы минуттарда-ақ баяндалды, біз бақылауға алдық. Тергеу жүріп жатыр, оның нәтижесін міндетті түрде жариялаймыз, – деді министр Үкімет сағатындағы брифингте.
Оның айтуынша, тәртіп сақшылары оқиға бойынша бірнеше нұсқаны қарастырып жатыр. Ес-түссіз халде табылған полицей қазір қызметінен шеттетілген және ауруханада емделіп жатыр.

Біріншіден, ол ауруханада жатыр. Оқиға кезінде кома жағдайында болғаны белгілі. Сол себепті қызметінен уақытша шеттетілді. Қылмыстық істің егжей-тегжейін талқыламаймын. Іс қозғалды, барлық деректер тексеріледі. Бұл жағдай жақсы емес. Сондықтан біз бәрін анықтап, қоғамға толық ақпарат береміз, – деп түйіндеді сөзін Ержан Сәденов.
Пікірлер (0)