Ұлдана Мырзуанның құрметіне өзі тұрған үйде мемориалдық тақта орнатылды
Фотосурет: дереккөз
Қызметтік міндетін атқару барысында қайғылы жағдайда көз жұмған жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуанның бүгін туған күні, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Марқұм Ұлдана Мырзуан жедел жәрдем қызметін атқару кезінде көпқабатты тұрғын үйден құлаған кондиционердің салдарынан қаза тапқан болатын.
Мемлекет басшысының Жарлығымен ол қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері ретінде «Ерлігі үшін» медалімен (марқұм) марапатталған.
Бүгін Қосшы қаласында Ұлдана Мырзуан өмір сүрген үйдің қабырғасына ескерткіш тас орнатылды. Іс-шара барысында марқұмның жарқын бейнесі, ел жадында қалған еңбегі мен адамгершілік қасиеттері еске алынды.
Жиынға қатысушылар Ұлдананың аз ғұмырында адал еңбегімен, жанқиярлығымен және мейірімділігімен көпке үлгі бола білгенін атап өтті. Орнатылған ескерткіш тас – марқұмның есімін ұлықтау, кейінгі ұрпаққа тағылым қалдыру және оның еңбегін ұмытпауға деген құрметтің белгісі екені айтылды.
Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын. Артында қалған туған-туыстарына сабыр мен береке тілейміз.
Пікірлер (0)