Үш тілділікті насихаттайтын шара өтті
Айтулы шараға қаладағы бірқатар мекеме-ұжым өкілдері де қатысып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. «Қазақстан қаншама ұлтқа пана болды. Өсіп, өркендеп, дамып отырған елде оның тілін де құрметтеу маңызды. Ұлы Абай атамыз айтпақшы «Өзге ұлттың мәдениеті мен тілін меңгерген адам, онымен тең дәрежеде болады». Тілге жанашырлық таныту, ұлтқа құрмет көрсетумен тең. Дамыған, өркенитетті заманда өзіміз де байқап отырмыз, көп тіл білгеннің мүмкіндігі де көп. Туған тілімізді құрметтеу әрқайсысымыздың қасиетті борышымыз деп білемін! Мереке құтты болсын!», деді Қосшы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Толқын Саттарқызы.
«Арқалықта туғанмын. Ол жерде бәрі қазақ тілінде сөйлейтін. Бала кезімде мен де көрші балаларға еріп, қазақша сөйлеуді үйрендім. Отбасымызбен Қостанайға көштік, одан кейін Алматыда болдық. Бір қызығы, аталған аймақтарда қазақ тілінде сөйлеушілер сирек еді. Сұраныс болмаған соң, мен де қазақ тілін ұмыта бастадым. Одан кейін Астана қаласына, жайлап Қосшы қаласына көшіп келдік. Ал мұнда қазақ тілін қолданушылардың аясының кеңдігін аңғардым. Осылайша, менің тілге деген қызығушылығым қайта оянды. Жүрген жерімде қазақ тілінде сөйлеп тұрғандардың әңгімесінің тек жартысын ғана түсінетіндігімнен ұялатын болдым. Сөйтіп, қазақ тілі курсына жазылған болатынмын. Балаларымның арасында кенжеміз қазақ тілін меңгеруге бейім. Қазақ тілінде ән айтып, сахнада өнер көрсетіп жүр», дейді Анна Бойко.
Қосшы қаласының Тілдерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен жыл сайын «Тіл шебері» байқауы өткізіліп жүр. Үш тілділікті насихаттайтын шараға қатысуға тілек білдіретіндердің көп екендігі қуантады. Қазақ, орыс, ағылшын тілін үйренемін деуші кез келген 18 жастан асқан азаматтар Тілдер орталығының тегін курсына жазылып, сабақ алуына болады. Биылғы жылы орталық арқылы қазақ тілін үйренуге ниет еткен азаматтар саны 51 болса, ағылшын тілін үйренемін дегендердің саны 101 адамды құраған. Сабақ аптасына екі рет өткізіледі. Көпшіліктің сұрауы бойынша курс жұмыстары, тіпті мекемелерде де жүргізіледі екен. Орталықта тілді үйрететін жеңіл онлайн сабақтар да қарастырылған.
1998 жылдың 20 қаңтарынан бастап 22 қыркүйекте тойланып жүрген «Қазақстан халқы тілдері күні» 2017 жылғы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев «Қазақстан Республикасы мереке күндер тізбесін бекіту туралы» Қаулысымен 5 қыркүйекке ауыстырылған болатын. Қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен қатар тойланатын тілдер мерекесінің орны бөлек. Саяси тұрақтылығымыздың кілті саналатын тіліміздің аясы кеңейіп, мәртебесінің биіктеуі үшін тер төгер азаматтардың қатары көбейсін деп тілейміз.
Гүлназ БИСЕН
Пікірлер (0)