Жас мамандарға кәсіби қолдау көрсетілді

Қосшы жаңалықтары
view 28
news

Фото: Ресми дереккөзден

Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының жас мамандарына арналған кәсіби қолдау семинары өтті. Жиынның негізгі мақсаты – еңбек жолын енді бастаған жастарға кәсіби ортаға бейімделуге көмектесу, психологиялық тұрақтылығын қалыптастыру және жұмыс барысында кездесетін түрлі жағдайларды тиімді басқару дағдыларын дамыту.

Семинар барысында жас мамандардың кәсіби ортаға бейімделуі, өзіне деген сенімділікті арттыру, әріптестермен дұрыс қарым-қатынас орнату және эмоционалдық тұрақтылықты сақтау мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар өз жұмысында кездесуі мүмкін түрлі жағдайларды талдап, оларды шешудің тиімді жолдары бойынша тәжірибелік тапсырмалар орындады.

Кәсіби қызметті енді бастаған жас мамандар үшін жұмыс орнындағы психологиялық ахуалдың маңызы ерекше. Себебі жаңа ортаға бейімделу, жауапкершілікті сезіну және кәсіби міндеттерді орындау барысында түрлі қиындықтардың туындауы заңды. Осындай сәттерде адамның өзін дұрыс басқаруы мен эмоциясын тұрақтандыра білуі кәсіби дамуына оң ықпал етеді.

Семинар-тренингке психолог Айнагүл Байтұяққызы спикер ретінде қатысып, жас мамандарға психологиялық тұрақтылықты сақтау, күйзелісті басқару және өз мүмкіндіктеріне сенімді болу бағытында пайдалы кеңестер берді. Сонымен қатар қатысушылар кәсіби дағдыларын жетілдіруге арналған практикалық жаттығуларға белсенді қатысты.

Семинар қатысушысы:
«Бұл кездесу мен үшін өте пайдалы болды. Жұмысқа енді араласқан кезде жаңа ортаға бейімделу, әріптестермен қарым-қатынас орнату және өзіңе деген сенімді қалыптастыру маңызды. Семинар барысында осындай мәселелерді шешудің нақты жолдарын үйрендік. Әсіресе эмоционалдық тұрақтылықты сақтауға қатысты кеңестерді күнделікті жұмыс барысында қолдануға болады деп ойлаймын. Осындай кездесулердің жас мамандардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына берері мол».

Іс-шара соңында белсенділік танытқан жас мамандарға семинарға қатысқаны үшін сертификаттар табысталды.

Кәсіби қолдауға бағытталған мұндай кездесулер жастардың еңбек жолына сенімді қадам басуына, жаңа ортаға тез бейімделуіне және өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға ықпал етеді. Жас маманның кәсіби білімімен қатар, психологиялық дайындығы мен адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната білуі де еңбек жолындағы маңызды факторлардың бірі.

Ахметова Бірғаным - Қосшы ЖРО маманы

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *