Ерғали Ділдәбек, Қосшы қаласы мәслихатының депутаты: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ОСЫНДА РЕСМИ ТІРКЕУДЕ ТҰРУЫ МАҢЫЗДЫ

Қосшы жаңалықтары
view 47
news

Фотосурет: Нұрбол ҚАНАҒАТ

Қосшы қаласы халқының өсуі қала инфрақұрылымына жаңа талаптар қойып отыр. Мектеп пен балабақша тапшылығы, ауызсудың сапасы, жерасты сулары, жол мен көлік кептелісі, абаттандыру, қоқыс полигоны және жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы... әлі де тұрғындарды толғандыратын негізгі мәселелердің қатарында. Біз қаладағы осы және өзге де түйткілдер, олардың шешілу жолдары мен жергілікті әріптестерінің халықпен жұмысы туралы Қосшы қаласы мәслихатының депутаты Ерғали Ділдәбекпен сұхбаттасқан едік.

– Ерғали Дүйсенұлы, сіз депутат ретінде тұрғындармен жиі кездесіп, олардың мәселелерін тыңдайсыз ғой. Қазір Қосшы қаласы үшін ең өзекті мәселе деп нені атар едіңіз?

– Бірден айтсақ, Қосшы үшін қазір ең маңызды мәселелердің бірі – әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды халық санының өсуіне сай дамыту. Әсіресе мектеп пен балабақша мәселесі өзекті. Қалада тұрғындар саны көбейіп келеді, соған сәйкес балалар саны да артып жатыр. Сондықтан әлеуметтік нысандарға деген қажеттіліктің жылдан-жылға күшейіп отырғанын білесіздер.

Сонымен қатар Қосшыда жерасты суларының жақын орналасуы да назар аударуды қажет етеді. Бұл – бір күнде шешіле салатын мәселе емес. Жерасты суын төмендетудің бір жолы – дренажды канал салу. Бірақ мұндай жобаны жүзеге асыру үшін қомақты қаражатпен қатар, ғылыми зерттеу жүргізіп, нақты есеп жасау қажет.

 – Демек, Қосшыдағы мәселелерді бір-бірімен тікелей байланысты деуге болады ғой?

– Әрине. Қала халқы көбейген сайын мектепке, балабақшаға, емханаға, жолға, суға, қоғамдық көлікке деген сұраныс артады. Инфрақұрылым да соған сәйкес дамуы керек. Егер қала өссе, бірақ инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым сол қарқынмен дамымаса, тұрғындардың күнделікті өмірінде түрлі қиындықтар пайда болады. Сондықтан Қосшының бүгінгі мәселелерін ғана емес, ертеңгі қажеттілігін де алдын ала есептеу керек. Қазір қанша тұрғын бар, бірнеше жылдан кейін қанша болады, қанша бала мектепке барады, осының бәрі жоспарлау кезінде ескерілуге тиіс деп білеміз.

 – Тұрғындар сізге көбіне қандай мәселелермен жүгінеді?

– Көбіне су мәселесімен келеді. Ауызсудың сапасын жақсарту туралы ұсыныстар айтылады. Енді судың өзі адамның күнделікті өміріндегі ең негізгі қажеттіліктің бірі ғой. Сондықтан бұл мәселе тұрғындар үшін өте маңызды.

Мысалы, біз депутат ретінде халықтан келген өтініштерді тиісті деңгейде мәселе етіп көтеруге тырысамыз. Су инфрақұрылымына қатысты жұмыстар да депутаттық бақылауда болады. Өйткені тұрғынның мәселесін тыңдау жеткіліксіз, оның шешілу барысын да бақылау қажет.

 – Сонда қала халқының өсуі инфрақұрылымға қаншалықты әсер етіп отыр?

– Әсері өте үлкен. Қосшыда тұратын адамдардың барлығы бірдей қалада тіркеуде жоқ. Бұл – маңызды мәселе. Себебі бюджеттен қаржы бөлу кезінде халық санының ресми көрсеткіші ескеріледі. Адамдардың нақты осы жерде тұратыны ғана емес, олардың тіркелуі де белгілі бір дәрежеде маңызды.

Егер тұрғындар Қосшыда тұрақты тұрып, осында тіркелсе, халық саны туралы нақты көрсеткіш қалыптасады. Ал ол мектеп, балабақша, емхана және басқа да әлеуметтік нысандарға қажеттілікті негіздеуге мүмкіндік береді. Біз бұл мәселені үнемі айтып жүрміз. Облыс әкімі келген кезде де көтереміз. Бірақ кез келген бюджет қаражатының заңнамалық негіздемесі болуы керек. Сондықтан халық санының нақты көрсетілуін қала инфрақұрылымын жоспарлаудың маңызды факторларының бірі дер едім.

 – Мектеп пен балабақша мәселесіне қайта оралсақ, қазір қалада әлеуметтік нысандардың саны тұрғындар санының өсуіне сай келе ме?

– Жоқ, әзірге толық сәйкес келмейді. 2022-2024 жылдар аралығында Қосшыда 4 мектеп салынды. Бұл – үлкен жұмыс. Бірақ соған қарамастан мектептер әлі де жеткіліксіз. Себебі бір мектеп салынып біткенше, қалаға жаңа тұрғындар көшіп келеді, жаңа үйлер бой көтереді, сөйтіп балалардың саны артады. Сондықтан мектеп салу мәселесін бір реттік жоба ретінде емес, тұрақты түрде жоспарлау керек.

Балабақша мәселесі де сондай. Қалада жас отбасылар көп. Демек әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы тұрғын үй құрылысының қарқынымен қатар жүруі қажет.

 – Жол мен қоғамдық көлік мәселесі де тұрғындар тарапынан жиі көтеріледі. Мұнда көлік кептелісін азайту үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Иә, Қосшының өсіп келе жатқанын жолдағы көлік қозғалысынан да көруге болады. Жеке көлік саны артқан. Сондықтан жол инфрақұрылымын дамыту – маңызды бағыт.

Көлік кептелісін азайту үшін Қосшыда LRT жобасы жүзеге асырылып жатқанын білесіздер. Сонымен қатар Абылай хан даңғылын Астана-Теміртау бағытына шығару мәселесі де қарастырылып отыр. Бұл бағыт іске асса, көлік қозғалысын жеңілдетуге ықпал етер еді. Әйтпесе жол мәселесі адамның жұмысқа, мектепке, балабақшаға, емханаға және басқа да қажетті орындарға уақытылы жетуіне әсер етпей қоймайды.

 – Қаланың инфрақұрылымы дегенде жол мен инженерлік желілер ғана емес, тұрғындардың күнделікті өмір сүретін ортасы да ескеріледі ғой? Енді Қосшыдағы абаттандыру жұмыстары туралы не айтасыз?

– Дұрыс айтып отырсыз. Қала тұрғындарына жайлы аулалар, аллеялар, демалыс орындары қажет. Мысалы, 2023 жылы әкімдік ғимаратының жанынан аллея салдық. Оны мәслихат депутаттары өз қаражатымыз есебінен жүзеге асырдық. Бұл бағыттағы жұмысты алғашқылардың бірі болып бастағанымызды да еске сала кетейін. Кейін Республика көшесінің бойында тағы бір аллея жасалды.

Мұндай жобалардың маңызы бар деп ойлаймын. Себебі қала дегеніміз тек үйлер мен жолдардан тұрмайды. Адамдардың демалатын, серуендейтін, балаларын алып шығатын орындары болуы керек.

 – Сіз балалар мен спорт алаңдары мәселесін де көтерген едіңіз...

– Иә, қалада балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау керек. Қазір балалардың көп уақыты телефонның алдында өтеді. Сондықтан оларды спортқа, белсенді өмір салтына тартатын жағдай қалыптастыру қажет.

Балалар алаңдары мен спорт алаңдары – жай ғана абаттандыру нысаны емес, балалардың бос уақытын ұйымдастыратын қоғамдық орта. Сондықтан қала бюджетін қалыптастыру кезінде осындай алаңдарға да қаражат қарастыру қажет деп есептеймін.

 – Жалпы, мәслихат депутаттарының қаладағы ірі жобаларға бақылауы қалай жүргізіледі?

– Депутаттық бақылау – біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. Әріптестеріміз кезектесіп, қаладағы ірі жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылайды. Су құбырларының, газ желілерінің тартылуы, салынып жатқан мектептер мен емханалардың жұмысы назарда болады.

Мақсат – қандай да бір жобаны сырттай бақылап қана қою емес, оның тұрғындар үшін қажеттілігін, орындалу барысын көру. Халық қандай мәселе көтеріп отыр, сол мәселе бойынша қандай жұмыс атқарылып жатыр дегеннің арасында өзара байланыс болуы керек.

 – Сайлаушылармен жұмыс кезінде уәде мәселесі де маңызды. Сізде сондай бір уәде беріп, кейін орындай алмай қалған жағдай болды ма?

– Жоқ, ондай жағдай болмады. Уәде берген нәрсені орындауға тырысамын және өз міндетімді толық атқаруды басты талап деп санаймын. Мектеп, емхана, қоғамдық көлік мәселелері бойынша да, сайлаушылармен жұмыс барысында айтылған мәселелер бойынша да берген уәделерімді орындауға көңіл бөлемін.

Депутат үшін халықтың сенімі өте маңызды. Тұрғын бір мәселені айтып келсе, оны тыңдап қана қоймай, мүмкіндігінше шешілу жолын қарастыру керек. Менің ұстанымым сол.

 – Егер сізге қала бюджетіне байланысты бір ғана мәселені өзгерту мүмкіндігі берілсе, қай бағытқа басымдық берер едіңіз?

Полигон мәселесіне назар аударар едім. Қазір Қосшының өзінде қоқыс полигоны жоқ. Қаладағы тұрмыстық қалдықтар Астана қаласының полигонына тасымалданып отыр. Бұған Астана қаласының әуежайына қатысты талаптар да әсер етеді. Аэропорттың талабына сәйкес, 15 шақырым аумақта қоқыс полигоны болмауы керек.

Қала халқы өскен сайын тұрмыстық қалдықтардың көлемі де артады. Сондықтан қалдықтарды басқару мәселесін алдын ала шешу қажет. Бұл – қала инфрақұрылымының маңызды бағыттарының бірі.

  Қосшы – жастар көп шоғырланған қала, иә? Ал олардың қала өміріне белсенді араласуы үшін не қажет деп ойлайсыз?

Бірінші кезекте патриоттық сезім болуы керек. Қаланы қолдау, оның дамуына үлес қосу, қажет кезде қорғау үшін адамның туған жеріне, еліне деген жауапкершілігі болуы қажет қой.

Екіншіден, тіл мәселесі бар. Меніңше, патриотизмді дамытатын факторлардың бірі – тіл. Өз тіліңді білу, оны құрметтеу – елге деген құрметтің бір көрінісі.

Жалпы, бұл жастар қаланың қоғамдық өміріне белсене араласуы керек. Спортпен айналысуы, білім алуы, қоғамдық бастамаларға қатысуы маңызды. Себебі бұлар – ертеңгі Қосшының қоғамдық өмірін қалыптастыратын буын.

 Сіз айтқан мәселелердің барлығын біріктіретін бір ортақ шешім бар ма?

Меніңше, ол – қаланың өсу қарқыны мен инфрақұрылымның даму қарқынын сәйкестендіру. Қосшының өсіп келе жатқаны – жақсы көрсеткіш. Бірақ өсіммен бірге жауапкершілік те артады.

Халық көбейсе, мектеп керек. Туу көрсеткіші артса, балабақша керек. Тұрғындар санымен қатар, су мен кәріз жүйесіне, жолға, қоғамдық көлікке түсетін салмақ та ауырлайды. Қалдық көлемі артады. Демалыс орындары мен спорт алаңдарына сұраныс пайда болады. Сондықтан бір мәселені екіншісінен бөлек қарауға болмайды. Қаланың дамуы кешенді түрде жүргізілуі қажет.

 – Ал тұрғындардың бұл үдеріске қосатын үлесі қандай?

– Тұрғындардың белсенділігі артса, әкімдік пен мәслихат жұмыс істейді, түрлі жобалар іске асырылады. Сондықтан жұрт бізге өз ұсынысын айтуы, мәселесін көтеруі керек. Мысалы, халықтың тіркелуі қарапайым нәрсе сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның артында мектеп, балабақша, емхана және басқа да нысандарды жоспарлау мәселесі тұр емес пе?

Сол сияқты қаланың тазалығы мен абаттандырылуына да әр тұрғынның өз жауапкершілігі қажет. Қала барлығымызға ортақ болғандықтан, оның дамуына да ортақ жауапкершілікпен қарайық.

 – Аға, жалпы, сіз Қосшының болашағын қалай елестетесіз?

– Қосшының болашағы үлкен. Қала жылдан-жылға өсіп келеді дейміз, енді бастысы – осы өсімді дұрыс басқару. Халық санының артуы жаңа мүмкіндіктермен бірге, тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін жаңа міндеттер де жүктейді. Сондықтан бүгінгі мәселелерді ғана шешіп қоймай, ертеңгі қажеттілікті де алдын ала есептеуіміз керек қой. Ол үшін нақты дерек, заңнамалық негіз, қаржыландыру және жүйелі жұмыс қажет. Ал мәслихат депутаттарының міндеті – тұрғындармен тұрақты байланыста болып, олардың ұсыныстары мен мәселелерін көтеру, ірі жобалардың орындалуын бақылау және қала дамуына өз үлесін қосу.

Бұл ретте бәрін әкімдік пен мәслихатқа міндеттеп қойып отырмай, халықтың өзі де мәселесін ашық айтып, қоғамдық өмірге белсенді араласса, ал жауапты органдар сол ұсыныстарды жүйелі түрде шешуге бағытталған жұмыс жүргізсе, қаланың дамуына қажетті негіз қалыптаса береді.

Қысқаша айтқанда, өсіп келе жатқан жас қаланың ертеңі осы өсімді қаншалықты дұрыс жоспарлап, тұрғындардың қажеттілігін қаншалықты дер кезінде ескеретінімізге байланысты.

 – Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан Бірғаным АХМЕТОВА

Пікірлер (1)

  • Graig

    Chào anh em, mm88 hiện là nền tảng chất lượng với giao diện hiện đại. Kho game phong phú từ game bài, hỗ trợ tốt. Mình cảm thấy ok, anh em đang tìm nhà cái thì vào trải nghiệm nhé! https://mm88io.com/

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *