Жұмысы жоқтық, қарны тоқтық…

Экономика
view 685
news

Жұмыссыздық  – ел экономикасы мен адами капиталға кері әсер ететін үлкен індет.  Бұл мәселе әлем елдерінің барлығын алаңдатып отыр.

Жалпы ел көлемінде экономиканың әртүрлі салаласында 9 млн адам жұмыспен қамтылған деген мәлімет бар.  Оның 6,9 млн-ы жалдамалы қызметкер, 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

Еңбек бөлінісінің  16,7%-ы білім беру саласына, 12,5%-ы өнеркәсіп  саласына, 12,4%-ы ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейді.«2022 жылы елімізде 458,3 мың жұмыссыз адам болды. 15 пен 28 жастағылар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8% құрады. NEET жастарының жұмыссыздық үлесі – 6,5%. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2022 жылғы желтоқсан айының соңына 132,3 мың жұмыссыз ресми тіркелген», - деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.

Осы ақпаратқа сүйенсек, тіркелген жұмыссыздардың үлесі жұмыс күшінің 1,4%-ын құрайды. 

Ал, Қосшы қаласында осы жылдың 1 мамырында жұмыспен қамтылған халық саны 26 649 адамды құрады. Биылғы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша жұмысқа орналасу мәселесі бойынша 579 адам тіркелген. Оның ішінде 203 адам жұмысқа орналастырылды, 253 адам жұмыссыз деп тіркелді.  410 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде тұрақты 362, уақытша 34. Қала халқының жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі орташа есеппен 48 955 теңгені құрады. Қосшы қаласының орташа облыстық күнкөріс деңгейімен арақатынасы 114,6%.

2023 жылы ХЕҰ болжамынша, жұмыссыздар саны 3 млн-ға артып, 208,2 млн-ға жетеді. Ал 2024 жылы жұмыссыздар саны 210,9 млн адам болмақ. 

Жұмыссыздық деңгейі  гендерлік ерекшеліктерге қарай айтарлықтай өзгермейді. Мысалы, 2022 жылы әйелдерде жұмыссыздық деңгейі 5,8% болса, ерлерде арасында 5,7% болды. Ал 2023-2024 жылдары ерлер арасындағы жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз қалып, әйелдер арасындағы жұмыссыздық көбейіп, 5,9% болмақ.

Табыс деңгейі бойынша мемлекеттер тобына бөлгенде 2022 жылы жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейі табысы жоғары елдерде байқалды: 4,5%. Бұл ретте ХЕҰ аталған көрсеткіш 2023 жылы 4,9%-ға, 2024 жылы 5%-ға жетеді деп болжайды.

Ал табысы төмен елдердегі жұмыссыздық деңгейі қазір 5,8% болса, 2023-2024 жылдары болжам бойынша 5,7%-ға төмендемек. 

Табысы ортадан жоғары елдерде (Қазақстаннан басқа, мысалы, Ресей, Түркия және Қытай секілді елдер) 2022 жылы жұмыссыздық деңгейі 6% болды, ал 2023-2024 жылдары, ХЕҰ болжамынша, 5,8 % болмақ.

Жұмыссыздықтың алып келер зардабы да көп. Жүйеге теріс және оң әсер ету тұрғысынан қарастырылатын жұмыссыздықтың ең маңызды, әлеуметтік және экономикалық салдарының егжей-тегжейлі жіктелуін ұсынуға болады.

Жұмыссыздықтың әлеуметтік салдары:

1. Қылмыстық жағдайдың шиеленісуі.

2. Әлеуметтік шиеленісті күшейту.

3. Физикалық және психикалық аурулар санының өсуі.

4. Әлеуметтік дифференциацияның артуы.

5. Еңбек белсенділігінің төмендеуі.

Жұмыссыздықтың экономикалық салдары:

1. Оқыту салдарының құнсыздануы.

2. Өндірісті қысқарту.

3. Жұмыссыздарға көмек көрсету шығындары.

4. Біліктілігін жоғалту.

5. Өмір сүру деңгейінің төмендеуі.

6. Ұлттық табыстың толық өндірілмеуі.

7. Салық түсімдерін азайту.

Қазақстандағы жұмыссыздықтың өңірлік ерекшелігін экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Ж. А. Кулекеев «Қазақстан облыстарының табиғи ресурстармен, өңірлердің табиғи-климаттық жағдайларымен қамтамасыз етілуіндегі экономикалық дамуының жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейіне елеулі әсер ететін өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, ауқымды экономикалық реформалар басталғанға дейін өңірлерде өндірістің айқын мамандануы болды. Салалық тиістілігі бойынша көмір өндіру, металлургия өнеркәсібі Солтүстік және Орталық Қазақстанда, оңтүстігінде жеңіл химия және жеңіл өнеркәсіп шоғырланған», – деп түсіндірді.

Жұмыссыз ретінде тіркелу

Жұмыс іздеп жүрген адам жұмыссыз ретінде тіркеледі: тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығында; Электрондық еңбек биржасында (Enbek.kz) автоматты түрде

«Жұмыссыздарды тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2018 жылғы 19 маусымдағы № 259 бұйрығымен бекітілген.

Назар аударыңыз!

«Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ЖҰМЫССЫЗ болу және жұмыспен қамтуды қолдаудың мемлекеттік шараларын алу үшін ЖҰМЫС ІЗДЕП ЖҮРГЕН АДАМ ретінде тіркеуден өту қажет.

Жұмыс іздеп жүрген адам ретінде қалай тіркелуге болатындығы туралы толығырақ осында.

Жұмыссыз ретінде тіркелген адам жұмыспен қамтуды қолдау және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау жөніндегі мемлекеттік шараларын ала алады: жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер; лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу; мемлекет субсидиялайтын уақытша жұмыс орындарына жіберу: қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орны, жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісімшарты, күміс жас; бастапқы бизнесті дамытуға грант.

Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 14-бабына сәйкес жұмыссыз ретінде тіркелмейді: он алты жасқа толмағандар; еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін, оның ішінде жұмысты толық не толық емес жұмыс уақыты жағдайларында ақы үшін орындайтын немесе табыс (кіріс) әкелетін, өзге де ақы төленетін жұмысы бар адамдар. 

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толғандар; жұмысы мен табысының (кірісінің) жоқ екндігі туралы көрінеу жалған мәліметтерді қамтитын құжаттарды, сондай-ақ басқа да анық емес мәліметтерді ұсынған адамдар; сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға үміткер студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары.

Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган халықты жұмыспен қамту орталығынан тиісті ақпаратты алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде мынадай жағдайларда жұмыссызды тіркеу есебінен шығарады:

1) жұмыспен қамту орталығы ұсынған лайықты жұмыстың үш нұсқасынан бас тартса немесе лайықты жұмыстың ұсынылған нұсқаларына келісім беру не одан бас тарту туралы жұмыспен қамту орталығын уақтылы хабардар етпесе

2) дәлелді себептерсіз:

  • халықты жұмыспен қамту орталығы хабардар еткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ұсынылған жұмысқа орналастыру немесе оқыту орнына бармаса
  • халықты жұмыспен қамту орталығының шақыртуы бойынша үш жұмыс күні ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына бармаса

3) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуды өз бетінше тоқтатса

4) жұмыссыз халықты жұмыспен қамту орталығына бару немесе хабардар ету мерзімдерін дәлелді себептерсіз бұзса

5) жұмыссыз бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотталса немесе заңды күшіне енген сот шешімі бойынша мәжбүрлеп емдеуге жіберілсе

6) халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссызбен одан әрі жұмыс істеуге ықпал ететін келесі мән-жайлардың туындағаны туралы ақпаратты уақтылы (бес жұмыс күні ішінде) ұсынбаса:

  • тұрғылықты жерін ауыстыру
  • азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша тұрақты, уақытша жұмысқа орналасу
  • кәсіпкерлік қызметпен айналысу
  • ұйымдық-құқықтық нысаны мен меншік нысанына қарамастан ұйымдарға құрылтайшы (тең құрылтайшы) болу
  • мүгедектік тобын белгілеу немесе өзгерту
  • зейнетақы төлемдерін тағайындау

7) жұмыссыз үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар түссе немесе Бірыңғай жиынтық төлем төленсе. Бұл жұмыссыздың еңбек қызметін жүзеге асыру немесе табыс алу фактісін растайды

8) көрінеу жалған немесе қолдан жасалған құжаттар берсе.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *