Жыл сайын 1.5 мың адам өндірістік жарақат алады

Жаңалықтар
view 481
news

Фото интернеттен

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша әлемде жыл сайын 2 миллионнан астам өндірістегі өлім жағдайы, 160 миллион өндірістік ауру және 270 миллионнан астам жазатайым оқиға тіркеледі екен. Соның салдарынан 1 триллион доллардан астам мөлшерде материалдық шығын келтірілетін көрінеді. Жыл сайын ТМД елдерінде өндірістерде  6 мыңнан астам адам қайтыс болады. Әрбір бесінші жұмыскер еңбек қорғау нормалар мен ережелердің талаптарына сай келмейтін жағдайда еңбек етеді. 
 
Біздің еліміздегі өндірістерде жарақаттану деңгейі жоғары екендігі айтылып жүр. Сенатор Нариман Төреғалиевтің айтуынша, жылына 1 500 адам жарақаттанып, оның 200-ден астамы қайтыс болады. 700-ге жуығы түрлі деңгейдегі жарақаттар алады. Кәсіби кеселдену нәтижесінде мүгедек болып қалатындар саны да көп. Осыдан 3 жыл бұрын жүргізілген тексерулер қорытындысында 1.6 миллион жұмыскердің 92 пайызы зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында істейтіні анықталған. Тексеру кезінде 500 адамда кеселденудің алғашқы белгілері байқалса да еңбек етуді тоқтатпағаны белгілі болған. Еңбек инспекторларының тексеруі барысында 2 жылда 11 мыңнан астам еңбек ережелерінің сақталмау фактілері анықталған. Оның 34 пайызы – еңбек қауіпсіздігі мен еңбек қорғау саласына қатысты.
 
Алысқа бармай-ақ, «АрселорМиттал –Теміртау» кәсіпорнында қаншама шахтерлардың қазаға ұшырағаны белгілі. Тек былтыр өндістік апаттан 27 шахтердың бірден о дүниеге аттануы ғана Үкіметті тыңғылықты шешім қабылдауға мәжбүрледі. Әйтпесе шетелдік инвесторлардың жұмысын тексеру немесе тоқтату үшін өндірістерде оған дейін де бірді-екілі адамдардың қаза тауып жатқаны жеткіліксіз болса керек. Соның өзінде бұлыңғыр, түсініксіз жағдайлар аз емес.
 
Семей орманында 16 құтқарушының қаза табуы, Тараз қаласындағы жарылыстан 17 әскеридің көз жұмуы кездейсоқтық емес, ол – заңдылық. Біз қазіргі кезде жазатайым оқиғалардың себебін емес, салдарын ғана айтамыз. Олардың негізгі себептері – өндірістік жабдықтардың тозығы жеткен, уақыт талабынан қалып қойған, кейінгі кезде ішінара қойылып жатқан жабдықтар мен жалпы техникалық жүйелердің сәйкес келмеуі, орнатылып жатқан жабдықтар сапасының сын көтермейтіндігі.
 
Өткен жылдың аяқ жағына таман Парламенттің белсенді депутаттарының бірі Ерлан Саиров елімізде өндірістегі жазатайым оқиғалардан 2 500-ден адамның қаза болғандығы, ондай шығын кішігірім соғыстарда да болмайтынын атап өтті. 
 
Бұның негізгі себептерінің бірі – мамандардың жетіспеушілігінде. Техникалық сала мамандарына деген сұраныс өндіріс орындары қуатының кемуімен, жабылуымен және қажеттілік болмауы себепті 1990-2015 жылдар аралығында күрт төмендеп кетті. Сұраныс болмаған соң мамандардың біразы басқа елдерге кетті, ал аға буын қартайып, зейнетке шықты, өндірістен тысқары қалды. Ел есін жиып, техникалық мамандықтар дайындауға гранттар бөлініп жатқанымен, жастардың осы салаға оқуға түсіп жатқаны шамалы. Тіпті техникалық мамандықты 4 жыл оқыған түлектердің ішінен кәсіби білікті маманның даярланып шығуы қиын. Дайын емес мамандарға өндіріс тарапынан сұраныс үлкен емес. Сонымен өндіріс саласындағы еңбек қорғау бағыты тұралап қалды. Ғасыр бұрын айтылытан «іс тетігін мамандар шешеді» деген қағиданың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. 
 
Шетелдік инвесторлар өздерінің технологиясы мен техника саласының мамандарын өздерімен бірге ала келеді. Жергілікті халықтан мамандар даярлауға олар құлықсыз. Сырттан келген мамандарға мемлекеттен квота бөлінеді. Алпауыт компаниялар квотамен келген өз мамандарына қазақстандықтарға қарағанда жалақыны 3-5 есе артық жалақы төлеп, өз мемлекетінің мүддесіне жұмыс істейді. Оған шетелдік компаниялар ықыласты. Шетелдіктерге жергілікті халықтың техника мен технологияны меңгеріп алғаны керек емес. Өйткені білікті жергілікті кадр көбейген сайын шетел жұмысшысына берілетін квота да азаяды, инвестормен келіссөз жүргізу кезінде, келісімшарт рәсімдегенде Үкіметтік позициясы жақсарады.  Еңбекақы төлеу теңсіздігі жойылады. 
 
Өндірістегі жазатайым оқиғалардың артуына қоғамдағы меншік түрлерінің өзгеруі де әсер етуде десек қателеспейміз. Соның салдарынан еңбек заңнамаларының сақталмауы да арта түседі. Шағын және орта бизнесті қолдау аясында тексеруге мораторий жарияланғанын пайдаланып, жұмыс берушілер мерзімдік немесе уақытша жүргізілетін жұмыстарға жұмысшы күшін пайдалануда еңбек шартын жасауға асықпайды. Ал онсыз жұмыскер өз құқығын қорғай алмайды. Осыдан кейін зейнетақы қорына тиісті аударымдар жасалмай, салық төлеуді айналып өтуге мүмкіндік туады. Тіпті жазатайым оқиға орын алған жағдайда жарақаттанғандарға ем-шараларына ешбір төлемақы төлемей кететін жағдайлар да бар. Ал мүгедектікті рәсімдеу туралы сөзді қозғаудың өзі артық. Жарақтанғандарға алғашқы медициналық көмекті жеке клиникаларда немесе жеке дәрігерлерге жасатып, арғы жағын сиырқұйымшақтандырып жібереді. Мұндай жағдайда зардап шегетін ең бірінші  – еңбек шартын жасауды талап етпеген жұмысшы. Жарақаттанып, уақытша еңбекке жарамсыз болған уақытта оның отбасы күнкөріс көзі  – айлық табыстан қағылады. Денсаулығына келетін зиян тағы бар. Жұмыскерге санитарлық-профилактикалық оңалту мекемелеріне жолдама беру деген өте сирек. 
 
Жалпы, тиімді және қолайлы еңбек жағдайын жасаудың алғышарты – ұжымдық еңбек шартынан басталатыны белгілі. Көп жағдайларда ұжымдық еңбек шарты шартты түрде өтеді деуге болады. Кәсіпорындардың көпшілігі жекешеленген тұлғаларға тиесілі болғандықтан, ең алғашқы кезекте де «қожайынның» мүддесі қорғалатыны белгілі. Өте ірі кәсіпорындарда ұжымдық шарттарда жұмыскерлердің мүддесін қорғайтын қоғамдық ұйымдар болғанымен, орта және шағын бизнесте жұмыскердің мүддесін қорғайтын адам жоқ. Оған ресми мүдделі кәсіподақ болатын болса, оның өзі қазіргі кезде қауқарсыз, қолында билік те, қаражат та жоқ. Көп жағдайда кәсіподақ басшысы жұмысберушіге бас шұлғып, күлімсірей қарай жүріп, жалақы алатын адам. Жұмыстан шығаруға бірінші басшы толықтай құқылы. Оған ешкім қарсы келе алмайды, тек еңбек заңын қадағалайтын прокуратура ғана, оған елдің бәрінің қолы жете бермейді. 
 
Елімізде белең алған жұмыссыздық салдарынан еңбек адамының белсенділігі төмендеп кеткені мәлім. Соның салдарынан «Еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігін» қамтамсыз ететін Еңбек кодексінің өзі де негізінен жұмысберушінің мүддесіне бейімделген. 
 
Сондықтан жұмысшылар еңсесін тіктеп, есін жиып, өз құқығы мен мүддесін қорғау үшін сайланған депутаттардың қабылдауына жиі барып, мұң-мұқтажын айтып, азаматтық қоғам құруға ұмтылудан бастау керек. Содан кейін дұрыс бағыт алып, жөнге келер деген үміттеміз. 
 
Жалпы қорытындылай айтқанда, еңбек қауіпсіздігі – өзінің маңыздылығын әлі де толық ала алмай келе жатқан мемлекеттік іс. 
 
Ерғали ДІЛДӘБЕК, 
Қосшы қаласы мәслихатының депутаты

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *