Қанат Ахметов: «Қосшыда үш ауысымды және алты күндік оқытудың мәселесі шешілді»
Фото әлеуметтік желіден
Қосшы қала статусын алғалы тұрғындар саны күрт артып, балаларды мектепке орналастыру үлкен проблемаға айналған болатын. Осы орайда қала басшылығы шұғыл шешімдер қабылдап, Үкіметтің қолдауымен қаламызда бірқатар жаңа мектептер тез арада салынып, қолданысқа берілді. Қазіргі кезде қаламыздағы 7 мектепте 10 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Оның барлығының жағдайын жасап, күнделікті жұмысты ұйымдастырып отыратын қалалық Білім бөлімінің басшысы Қанат Ахметовпен әңгімелескен едік.
– Қанат Есенбекұлы сіз басқарып отырған бөлімнің жұмысы қауырт, шаруасы шаш-етектен, уақыт тапшы екенін жақсы білеміз. Дегенмен алтын уақытыңызды қиып, қосшылық оқырманмен газет арқылы тілдесуге келгеніңіз үшін көп рақмет! Жалпы, жас ұрпақты «біздің болашағымыз, елдің ертеңі» деп көп айтамыз. Алайда сол келешек ұрпақтың саналы азамат болып қалыптасуына тікелей атсалысып, керек кезде жауапты болатын ұстаздар мен сол ұстаздардың, сол мектептің әр қадамын үйлестіріп, әр қажетін тауып беріп, бағыттап-баптап отыратын білім басқармалары, яғни сіздер! Сол үшін де сіздердің атқарып отырған жұмыстарыңыз аса жауапкершілік пен ыждағаттылықты талап ететіні айтпаса да түсінікті. Әңгімені көп созбай, бірден сұхбатымызға көшсек, Қосшыдағы білім беру саласындағы басты жаңалықтар, негізгі мәселелер туралы не айтар едіңіз?
– Көп рақмет! Иә, рас айтасыз, ұлт ұстазы айтып кеткендей, «Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі» емес пе?! Сондықтан қаламыздың үнпарағы арқылы ата-аналарға, жалпы қала халқына білім саласындағы болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды бөлісіп, ойымыздағымен бөлісуге шақырғандарыңызға алғысым шексіз.
Өзіңіз білесіз, Қосшымыз өте жас қала. Сондықтан онда білім саласына қатысты проблемалар да жоқ емес. Алайда Үкіметтің үйлестіруімен, қала басшылығының жауапкершілігінің арқасында кез келген мәселені дер кезінде еңсеріп, өскелең ұрпақтың заманға сай білім алып шығуына, ертең еліміз үшін еңбек етуге бәсекеге қабілетті болуына бар күш-жігерімізді салып жатырмыз.
Жалпы, Қосшы қаласында қазіргі таңда 7 мектеп жұмыс істеп тұр. Оның алтауы мемлекеттік болса, біреуі жекеменшік «Дара» мектебі. Бұлардың әрқайсысы білім саласында өзіндік алатын орны бар, білікті ұстаздар қызмет ететін іргелі оқу ордалары. Осы мектептерде қосшының 10 мыңнан астам оқушысы заманға сай білім алып жатыр.
Қандай жаңалықтар бар дедіңіз ғой. Биылғы 2023-2024 оқу жылындағы басты жаңалықтарымыздың бірі екі бірдей жаңа мектептің ашылуы деп айтуға болады. Осының арқасында мектеп тапшылығы азайып, үш ауысымды және алты күндік оқытудың мәселесі шешілді деп қуана айта аламыз. Өйткені бала саны шамадан тыс, үш ауысыммен оқитын мектептерде тәжірибе көрсеткендей білім сапасы да, тәртіп-тәрбие де ақсайды. Қала басшылығының осы мәселені жете түсінуінің арқасында балаларымыз енді емін-еркін алып, ұстаздарымыз да ауыр жүктемеден арылып, білім сапасын арттыруға мүмкіндік алып отыр. Оның үстіне, 6 күндік оқу да бұғанасы бекіп, қабырғасы қатаймаған бүлдіршіндер үшін үлкен күш түсіретін еді. Енді сол мәселе де шешіліп, балалар бос уақыттарында өзін-өзі жетілдіруге, түрлі үйірмелерге баруға уақыт таба алатын болды.
Сонымен қатар биылғы оқу жылынан бастап 1-4 сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды. Қазіргі таңда білім беру саласындағы басты жаңалық – білім алушыларға «қазақ тілі», «қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінен 5-8, 10-сыныптарда емтихан жұмыстарының алынуын да жаңалық деп айтуға әбден болады.
– Жаңа мектептер заманға сай салынған шығар?
– Әрине, ол жағынан қазір ешбір мәселе жоқ. Үкіметтің шешімі бар, жергілікті атқарушы органдардың талабы бар, сондықтан құрылыс компаниялары мектепті заманға сай, жоғары технологияның барлық мүмкіншілігін пайдалана отырып, салып шықты. Мектептер «STEM» панельдер, робототехника жабдықтарымен қамтамасыз етілді.
– Мектептерде ұлттық тәрбиеге, қазақтың салт-дәстүрін насихаттауға қаншалықты көңіл бөлінеді. Қандай шаруалар атқарылып жатыр?
– Ұлттың болашағы – ұрпағында болса, ұрпақ тәрбиесі – ұстаз қолында. Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры.
Мемлекет басшысы Қасым-
Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында, мемлекеттің басты міндеті – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру керектігі айқындалған.
Бағытымыз анық, мақсатымыз – зияткерлік әлеуетті тәрбиелеу. Отбасы мен балабақшадан бастап, жоғарғы оқу орнын бітіргенге дейін жастардың сапалы білім алып, саналы тәрбиені бойына сіңіруіне ден қоюмыз қажет.
Биылғы оқу жылы тәрбие жұмысы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы бойынша «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» негізінде өз жұмысын жүзе асырып келеді.
Сонымен қатар қаламыздың барлық мектептерінде тәрбие жұмысының рөлін күшейту үшін ата-аналардың қолдауы өте маңызды. Осыған байланысты қыркүйек айынан бастап барлық білім беру ұйымдарында «Ата-аналарды педагогиқалақ қолдау орталығы» «Даналық мектебі» клубы құрылып жұмысын бастағаны белгілі. Орталықтың басты басылымдылықтары балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара іс қимылы бойынша жұмысты күшейту және ата-
аналардың позтитивті мәдениетін дамыту болып табылады. Қосшы қаласы бойынша барлық мектептерде осы бағытта ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жоспарлы түрде іс-шаралар ұйымдас-
тырып, өз жалғасын табуда.
– Жаңа қалыптасқан қала, жаңа салынған мектеп болған соң, оның айналасын абаттандыру, оқушылар жүріп-тұратын жолдар салу, көшені жарықтандыру деген сияқты өзі бір төбе, бірақ маңыздылығы білім процесінен еш кем емес тағы бір мәселе бар ғой. Сол жағы қалай болып жатыр?
– Дұрыс айтасыз, Қосшы – жас қала. Ол күн санап емес, сәт санап өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жа-
йып келеді. Соған сай инфрақұрылымы да жедел қарқынмен дамуы тиіс. Бәлкім, жекелеген үйлердің маңында шешілмеген мәселелер бар шығар. Бірақ жаңа мектептерді пайдалануға берген кезде сіз айтып отырған мәселелердің көбі шешімін көп уақыт өтпей табады. Қазіргі кезде мектептердің айналасында абаттандыру жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Көше жақтарындағы жолдардың барлығы асфальтталған, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаяу жүргіншілерге арналған жол қауіпсіздік белгілері, жылдамдық бәсеңдеткіш жолақтары және көше шамдары бар. Қалаберді, 2024 жылдың 13 сәуірінен бастап әр сенбі сайын сенбіліктер өткізілуде. Өткенде Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шекпеген өңірлердің абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына кірісе беруін тапсыр-
ған болатын. Соған сай қаламызда да, соның ішінде мектеп аулаларында тал егу, былтырғыдан қалған жапырақтар мен қоқыстан тазалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл мектептің айналасындағы территорияларды таза ұстауға көп септігін тигізетін шара.
– Көктем келісімен қар суы жер-көкті алып, еліміздің көптеген өңірлерін қарғын су басты. Кей облыстарда әлі де тасқын сумен арпалысып жатыр. Сәуір айы-
ның басында Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылына да апатты су анталап келгенімен, бүкіл халық болып бөгендер салып, суды бұрып, әйтеуір қаламыз бен ауылымызды топан судан аман алып қалды. Сол кездерде оқу процесі қалай жүрді? Оқушылар оқу бағдарламасынан қалып қойған жоқ па?
– Иә, ол бір қиын кезең болды. Қазір де Батыс өңірінде су қарқыны бәсеңдемей отыр. Үкіметтің қатаң бақылауымен, халқымыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмылған бірлігінің арқасында бұл қиындықтан да өтерміз.
Қосшыға да қауіп төнгені рас. Дегенмен, Құдайға шүкір, халықтың бірлігінің, басшылықтың ұйымдас-
тыру шеберлігінің арқасында судан аман шықтық. Өңірдегі хал-ахуал, су тасқыны біздің қаламызға зардабын тигізбеді. Оқушылар штаттық форматта оқыды. Оқу процесіне ешқандай кедергілер болмады.
– Қазіргі уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы көп айтылып жүр. Осы жоба Қосшыда қалай жүзеге асырылып жатыр?
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы Мемлекет басшысы Жолдауында: Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», деп айт-
қан болатын. Осыған орай, Қосшы қаласында 2024 жылы үш мектептің құрылысы жоспарланған. Атап айтар болсақ, Сирень бағы шағын ауданында 2 мың орындық бір мектеп, 20-шағын ауданда 1 500 орындық бір мектеп және Тайтөбе ауылында 1 200 орындық бір мектеп. Аталған мектептерді пайдалануға беру 2025 жылы жоспарлануда.
– Әңгімеңізге рақмет! Ұлт болашағы үшін, ұрпақ игілігі үшін атқарып жатқан еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!
Сұхбаттасқан
Әбу-Асқар Мекешұлы
Пікірлер (0)