«10 күн сайын бір кісі өлтіру, 15 күн сайын бір зорлау тіркеледі»: астаналық депутат не деп жүр?

Жаңалықтар
view 207
news

Фотосурет: депутаттың Instagram-дағы парақшасынан

Астана қалалық мәслихатының депутаты Талғат Ерғалиев елордадағы қылмыс деңгейі туралы жақында айтқан мәлімдемесі үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Еске сала кетсек, 12 желтоқсанда Астана мәслихатының отырысында депутат Талғат Ерғалиев Сарыарқа ауданының бюджетін шамамен 60-70 миллион теңгеге арттыруды ұсынған еді. Сонда ол ауданның қылмыс деңгейі бойынша әлемде 2-орында тұрғанын мәлімдеді. Тіпті, Нәрікбаев атындағы университет пен MAIN талдау орталығының деректеріне сілетеме жасап, Астанадағы барлық қылмыстың жартысынан көбі қаланың небәрі 3% аумағында – теміржол вокзалы маңында, оған жақын орналасқан жеке секторда және өнеркәсіп аймағында жасалатынын айтты.

Сарыарқа ауданында қаладағы барлық қылмыстың 50%-на жуығы тіркеледі. Әр 10 күн сайын – бір кісі өлтіру, әр 15 күн сайын – бір зорлау. Күн сайын ұрлық, есірткі қылмыстары, бұзақылық... – деп бір-ақ тізді депутат.

Алайда ол баяндамасын аяқтамай жатып, отырысқа қатысқан қала әкімі Жеңіс Қасымбек сөзін бөліп жіберді.

Мұндай мәлімдемелерді жасарда өте мұқият болу керек. Қазір біз тікелей эфирдеміз және сіз келтірген деректерді дәлелдеу қажет. Жағдайды Венесуэламен салыстыру дұрыс емес. Құрметті депутаттар, әрбір сөз үшін жауапкершілік бар. Мұндай мәлімдемелер өте қауіпті, мен бұған келіспеймін. Қаласаңыздар, бұл мәселені жеке талқылай аламыз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Ескертуден кейін депутат өз сөзінің ашық дереккөздерге негізделгенін айтса да әкім одан әрі сөйлетпеді.

Түсінемін, бірақ мұның бәрін дәлелдеу қажет. Интернетті ашып қарасаңыз да болады. Деректерді қайдан алғаныңызды білмеймін, менің ойымша, бұл дұрыс емес, маған ренжімеңіз. Каракаспен немесе басқа біреумен салыстыру орынсыз. Біз мұнда жауапты адамдармыз, әсіресе БАҚ өкілдері қатысып отырған және тікелей эфирде тұрғанда. Ескерту жасау менің міндетім емес, бірақ қала басшысы ретінде сіздерден мұны ескеруді сұраймын: бізді адамдар тыңдап отыр, қоғамдық пікірді дүрліктіріп жіберуіміз мүмкін. Әр сөзіміз үшін жауапқа тартылуымыз ықтимал, – деді әкім.

Енді міне, сол Астана қалалық мәслихатының депутаты Талғат Ерғалиев қазір Instagram-дағы парақшасына бұрын айтқан ақпаратының шындыққа сәйкес келмейтінін жазып отыр.

Өкінішке қарай, бұл ақпарат көмекшім тарапынан құзырлы органдарға жүгінбей дайындалған. Ішкі істер министрлігінің ресми деректері Астананың қылмыс деңгейі төмен, қауіпсіздігі жоғары қала екенін көрсетеді, – деп ақталды ол.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *