Елімізде 2026 жылдан бастап несие алу қиындайды

Жаңалықтар
view 200
news

Фотосурет: Еркеғали Болатұлы

Қазақстанда тұтынушылық несие беру тәртібі кезең-кезеңімен қатаңдай түседі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтардың борыш жүктемесін азайту және қаржылық тұрақтылықты күшейту мақсатында бірқатар жаңа талапты енгізуге дайындалып отыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл өзгерістер алдымен несие тарихы әлсіз және табысы төмен қарыз алушыларға тікелей әсер етеді.

Жоспарланған талаптарға сәйкес, 2026 жылдан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары бұрын алған несиелерін уақытында өтемеген немесе қарыз жүктемесі жоғары азаматтарға тұтынушылық несие беруге шектеу қоюы мүмкін. Яғни, қаржы ұйымдары қарыз алушының ресми табысына, қолданыстағы міндеттемелеріне және несие тарихына бұрынғыдан да мұқият қарайды. Бұл шешім азаматтардың шамадан тыс қарызға батып кетуінің алдын алуға бағытталған.

Сонымен қатар онлайн несие рәсімдеу тәртібі де өзгереді. Қашықтан қарыз алу кезінде биометриялық сәйкестендіру, яғни Face ID қолдану міндетті талапқа айналады. Бұл шара үшінші тұлғалардың атынан заңсыз несие рәсімдеу, алаяқтық әрекеттер мен жалған құжаттарды пайдаланудың жолын кесу үшін енгізілмек. Биометриялық тексеріс арқылы қаржы ұйымдары қарыз алушының жеке басын нақты анықтай алады.

Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістердің басты мақсаты – несиелеуді мүлде тоқтату емес, оны жауапты әрі қауіпсіз ету. Қаржы реттеушісі азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырумен қатар, банктердің тәуекелін азайтуды көздейді. Ал қарыз алушылар үшін бұл табысын ашық көрсетуге, несие тарихын таза ұстауға және қаржылық мүмкіндігін нақты бағалауға деген талаптың күшейгенін білдіреді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *