Жаңа жылда көкөністі арзандату үшін Түрікменстанға жүгінеміз

Жаңалықтар
view 120
news

Фотосурет: Еркеғали Болатұлы

Үкіметте азық-түлік тауарлар бағасының өсуін тежеу жолдары талқыланды. Әсіресе жаңа жылда қымбаттайтын жылыжай көкөністеріне – қияр мен қызанаққа ерекше назар аударылатыны жеткізілді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Маусымдық қымбаттауды ескере отырып, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қысқа мерзімде Түрікменстаннан жеткізілетін көкөністер үшін шекаралық өткізу бекеттерінде «жасыл дәліздер» ұйымдастыруды тапсырды. Үкіметтің түсіндіруінше, бұл өз жылыжай өндірісі жеткіліксіз өңірлерге қияр мен қызанақтың тұрақты әрі қолжетімді бағамен жеткізілуін қамтамасыз етуге тиіс.

Сонымен қатар Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, 22-31 желтоқсан аралығында елдегі супермаркеттерде Bereke fest акциясы өтеді. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар фермерлерден тікелей жеткізіліп, төмендетілген бағамен сатылатын болады.

Өңірлерде ауыл шаруашылығы және мерекелік жәрмеңкелердің саны да артады. Үкімет дерегінше, желтоқсан айының өзінде Қазақстан бойынша осындай 800-ден аса алаң ұйымдастыру жоспарланған. Сауда комитетіне тауарларды шалғай өңірлерге, соның ішінде Ұлытау, Маңғыстау облыстарына жеткізуге жәрдемдесу тапсырылды.

Кеңес барысында қараша айында азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі 0,9%-ға дейін баяулағаны, ал азық-түлік бағасының өсімі 1% деңгейінде қалғаны айтылды. Үкімет мәліметінше, соңғы 4 аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы өспеген.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *