Абай облысында құрылыс компаниясы халықтан заңсыз 1 млрд теңге жинаған
Фото: видеодан скрин
Абай облысында «Dala SK Construction» ЖШС мен оған байланысы бар бірқатар компанияның басшылығына қатысты азаматтардың қаражатын үлестік құрылыс ретінде заңсыз тарту фактілері бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қытайдан қашпауымыз керек – Абай облысының әкімі
«Қытайдан қорықсақ, Айға не Марсқа көшіп кетейік»: Әкім Берік Уәли қатаң сынға қалды (ВИДЕО)
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, екі жыл бойы компания басшылығы қажетті рұқсат беру құжаттарынсыз, жобалық-сметалық құжаттамасыз, мемлекеттік сараптама мен авторлық қадағалаусыз тұрғын үй кешендерін салумен айналысқан. Азаматтардың қаражатын тарту мақсатында түрлі интернет-ресурстарда пәтерлердің нарықтан төмен бағамен сатылатыны және пайызсыз бөліп төлеу ұсынылатыны туралы жарнамалар жарияланған.
Алайда «Irtysh Riverside» тұрғын үй кешенінің жоспарланған алты мұнарасының тек біреуінің ғана қаңқасы тұрғызылған.
2024 жылғы қазанда «Dala SK Construction» ЖШС-не ӘҚБК-нің үш бабы бойынша (заңсыз құрылыс, жобалық-сметалық құжаттамасыз құрылыс, рұқсатсыз кәсіпкерлік қызмет пен хабарлама жіберместен әрекет жасау) әкімшілік жаза қолданылып, құрылыс жұмысы тоқтатылды.
Сот шешімдеріне қарамастан, компания басшылығы жобаның сәтті жүзеге асып жатқандай көрініс жасап, азаматтарды алдауды жалғастырған. Жаңа сатып алушыларды тарту үшін пәтерлердің сатылымы мен бөліп төлеу жөніндегі жарнамалар жалғаса берген.
Нәтижесінде 64 азаматпен жалған брондау шарттары жасалған. Заңсыз тартылған қаражаттың жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асты.
Түскен қаражат Өскемен қаласындағы басқа да байланысы бар компаниялардың шоттарына аударылып, онда да заңсыз құрылыс жұмысы жүргізілген.
Залалды өтеу және үлескерлердің мүдделерін қорғау мақсатында күдіктілердің мүлкіне – 2 пәтерге, 10 жер учаскесіне және 6 автокөлікке тыйым салынды, – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.
Ұйымдастырушы қамауға алынды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Пікірлер (0)