АБАЙША КҮЛЕ АЛАМЫЗ БА?
Редакция таңдауы
687
Күлкі - адамның ішкі болмысының бетке шығуы. Күлкі жайлы сөз қозғалғанда тіл білімінің білгірі, академик Шора Сарыбаев (1925-2018): «Қазақ тілінде күлкінің 72 түрі бар екен, ал, орыс тілінде бесеу-ақ» дегені қазақтың сөздік қоры қаншалықты бай екенін аңғартып тұрса керек. Бұл тізімге әдебиетші ғалым әрі сазгер Тұрсынжан Шапайдың биылғы шыққан «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Қышқыл күлкісі» енбеген. Ес білмеген ерте заманнан бері 200-ден астам көлемді батырлықты, ерлікті дәріптейтін ұзақ дастандар, таңды-таңға қосып жырлап келген қазақ халқының тілі мол екенін айғақтайды. «Бабалардан соны тіл мен кең байтақ жер қалған» деген біртуар Алаш азаматы Ахмет Байтұрсынұлының айтқаны сөзімізге дәлел.
Ғабит Мүсіреповтың «Талпақ танау» әңгімесінде қазақтардың алғаш көрген доңызды «танауы қандай өзі», – деп езу тартып, «төрт түліктің біріне ұқсаса бұйырмасын», – деген халық бірте-бірте көндікті. Бейімбет Майлиннің Мырқынбайдың күлкілі әрекеттерінен қазақтың әлеуметтік тұрмыс тіршілігі бейнеленсе, Абайдың Күлембайы қоғамдық - саяси өмірдің астыртын бет-бейнесін әжуамен келемеждеп ашатын кейіпкер.
Біздің ата-бабаларымыз не нәрсе болса да ой көзімен қарап, жеңіл-желпілікке бос мазақтап күлуге бара бермеген. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп өз пайдасын ойлайтын халық емес екендігін, өзге ұлт өкілдері бүгінге дейін ауыздарынан тастамай айтып жүр. Тума-туыс айналасындағыларға және сол ортаның қоғамшылдығына баса назар аударып отыратын мінезі Жаратушы Тәңірдің сыйы десек болады.
Бүгінгі өскелең ұрпақтың басым бөлігі арзан күлкіге құмар болып бара жатқанын сықақ театрлардың қайсысына болса да зал толып отыратындығының куәсіміз. Күлмеске күліп, отырған жерінде шалқалап күлген болып, өзін көрсету үшін де осылай қимылға баратынын көз көріп жүр. Терең ойды қозғайтын драмалық театрларға бару мәдениеті төмендеп кеткенін кімнен жасырамыз. Театр – мәдениет, өнер, тіл, тарих халық тағдырын пайымдап сахналық көрініс арқылы терең ойға жетелейтін, көңілге түрткі салатын тылсым күш.
Абай күлкіні аз айтпайды, «ажуа», «кердең», «жылмиу», «күлмеңдеу», «күлегеш», «қутыңдау», «қылжаң» тағы да басқа бірнеше түрлерін түрлі мағынада қолданғанын ескерсек өзінің қазағының мінездеріне көңілі тоймай, адам болу жолына шақырғандығын көреміз.
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қалпың,
Не түсер күлкіден жыртың-жыртың. – деп налиды.
Күлгенде көмейі, сөйлегенде жүрегі көрінетін қазақтың байырғы мінезін іздеген Абай, мына ұзақ өлеңінде:
Жігіттер, ойын арзан күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік, Ер табылса, жарайды қылса сұхбат. – деп, ел арасында тәрбиелі аз сөйлеп көп тыңдайтын, үлкенге құрмет кішіге ізетті жігіттердің бар екендігіне күмән келтірмейді, міне солардың көп болуын қалағанын байқауға болады.
4 - қара сөзінде: «Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, - деп басталатын сөзі - әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғандығыңнан күл» ызалы күлкінің өзі адам баласын ар-намыс пен ұяттылықтан сақтайтын тәрбиенің бір түрі. Осы қара сөзінде: «әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығынан ғибрат көріп күл.» Бұл мінез адамгершіліктің жарқын көрінісі. Жазушы Мархабат Байғұттың «Тоғызыншы сынып» атты әңгімесінде тоғызыншы сынып оқушыларына әдебиеттен сабақ беріп тұрған қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі «Өзгенің жетістігіне өз жеңісіңдей қуана біл - деп келеді де – бұл адамның рухани толықсып кемелдікке жеткендігін білдіреді», - деген ұстаздың тәрбие көзіне үңілетіні бар. Өмір барысында кез келген адамдардың үлкен-кіші еңбектерінің нәтижесі көрініп отыратындығы шындық. «Сол жетістікке иесінен артық қуанайыншы», - деп іштей әркеттенгенмен шынайы қуаныш болмайды. Жасанды ырзашылығын сырттай білдірмегенімен, іштей өзі сезіп тұрады. Біткен іске сыншы көп, тырнақ астынан кір іздеп оның жеткен жетістігінен мін тауып күлкілі болуын қалап тұратындар мына тоқшылық заманда көбеймесе азаймай тұр.
Мен егер жүрекпен емес ерінмен айтсам оған оқырманым сене қоймас, неге десеңіз оның да ішінде қыл айланбас қызғаныштың қызыл иті бар. Ол қызғаныш біреуде жетілген, біреуде жетілмеген. Сол жетістік менде болса шіркін, - деп іштей қызғанатындарды білеміз, сеземіз бірақ айта алмаймыз.
Ұлы Абай күлкі туралы сөз қозғаған 4 - қара сөзінде жасанды, шынайы емес күлкіні дөп басып: «қолдан жасап, сырты мен бет-аузын түзеп, бай күлкінің әнін сәндеп, әдемілік үшін күлетін, бояма күлкі.» - деген болатын. Абай «ыржаң», «жылмаң», «қырт» күлкішілдерді айта келіп, «күлкі сату» мен «күлкі бағу» және «елірме күлкінің» табиғатын аша келіп өз шығармаларында күлкінің жасандылығын әшкерелеп отырады. Жас кезде он екі мүше сау, дүние тіршілігімен хабарсыз ешнәрсені ойламай төрт жағы қыбыла алшаң басып жүрген шақты:
Атамыз бар,
Молдамыз бар,
Айтқанына көнбедік. – дегеніне көнбей сауық-сайран құрып, өткізіп алған алтын уақытты ақыл тоқтатып, балалы-шағалы болғанда, өткенге өкінген пендені «Тайға міндік, тойға шаптық» - деп басталатын өлеңінде ер жеткен соң жүрекке салмақ түсетінін «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!, Бола берме тым күлкі» деген өлеңінде ашық айтады. Осы өлеңнің заңды жалғасы секілді:
Қуанбаңдар жастыққа,
Елірме күлкі, мастыққа. – деп басталған өлеңінде ұлы ақынның өзі 55 жасқа келіп ақыл тоқтатқан шағындағы берген ақыл-кеңесі, жас кезде аласұрып-аптығып көп нәрседен қалып қойған өкінішін: «Сыпайы жүр де, шаруа ойла» – деп, өскелең ұрпақпен сырласқандай. Және оны 43 - қара сөзінде: «Бұл ойсыз, өнерсіз надан адамның ісі. Оған құдайтағала көрме, естіме деп пе? Ойын-күлкі мен ішіп-жемек, ұйқтамақ, мақтанмен әуре бол да, ішіңдегі қазынаңды жоғалтып алып, хайуан бол деген жоқ» - деп, жетер жерге жеткізіп айтқан Абайды көреміз.
Жастықта бір күлгенің бір қаралық,
Күлкі баққан бір көрер бишаралық.
Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,
Ең болмаса, еңбекпен мал табалық. («Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық») – деп, ашына айтқан данышпан Абай: «Еһе-еһеге елірме бозбалалар», – деген ескертпесін, бұл өмір қамшының сабындай-ақ, мал тап, өнерлі бол. Оны игілігіңе жұмса, артыңа із қалдыр, «Артында із қалдыра алмаған адам өмірге келмегенмен бірдей», – деген екен бір данышпан.
Абай күлкіні адам баласының сезімі арқылы табиғаттың төрт мезгілінде төрт түрлі құбылатынын көрсеткен. Жаз өтіп күздің ызғары қысқа қарай бағыт алғанын «Күз» деген өлеңінде:
Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен. – дегенінен жайма-шуақ жаздың өтіп күздің келгенінен хабар беріп тұр. «Жаз» атты өлеңінде:
Ауылда тұрып күледі,
Қошемет қылып қарқылдап. – дегендегі қыстауды тастап, жаз-жайлауға көшіп, мәре-сәре болып жүргендер табиғаттың сәнін келтіріп тұрғанын көреміз. «Жазғытұры» өлеңі қыстан күйлі шығып, төл түсіп, ақ көбейіп мәз-мейрам болып, күннің шуағынан баһрам алып, аяқтары ұзарып қонаққа барып, ақ мол болсын деп тілеген елдің суреті:
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып. – дегенінен «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманның көрінісін байқау қиын емес. «Қыс» өлеңіне келсек табиғаттың қаһары елді бір сілкілеп алғандай. Қарқылдаған емен-жарқын күлкінің нышаны көрінбейді. Керісінше, күлкінің мекені болған балалардың өздері «Беті-қолы домбығып, үсік шалды» деп қату мінезді көрсетеді. Ішек-сілесі қатып күлетін күлкі мұнда көрінбейтіні белгілі.
Абай 31 - қара сөзінде естіп-көрген, оқып-білген нәрселерді көкірекке түйіп, өмірде пайдаланып оны іс-тәжірибеде қолдануда ауадай қажет болатын ұмытпастықтың 4 түрлі жолын ұсынады: 1 - көкірегі байлаулы берік;
2 - ынтамен ұғу; 3 - көңілге бекіту; 4 - ойыншы -
күлкішілдікке салынбау керек деген келелі ұғымның қаншалықты адам баласы үшін маңызды екені айтпаса да түсінікті. Санада тұрақты сақтап қалу үшін жеңіл-желпі ойлардан аулақ болуды нұсқайды. «Сегіз аяқ» атты даналыққа толы ұзақ өлеңінде:
Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ,
Күлкішіл кердең наданның. – деп, осқылайды. Барлық адамның басында ми бар, бірақ ұлы Абай «Басында ми жоқ» , – деп бейнелі түрде санасы мен көкірек көзі жоқ деп жағымсыз кейіппен келтіріп отыр.
Арылмас әдет болды күлкішілдік,
Ыржаң-қалжың ит мінез дегендейін. – деп тағы да күйінеді данышпан ақын. «Адасқанның алды – жөн, арты соқпақ» өлеңінде:
Бет-аузын сөз сөйлегенде жүз құбылтып,
Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ. – деген өкініші өзегін өртегенін көреміз.
Қоғамдық сипат алатын Абайдың 1886- жылғы жазылған «Қалың, елім, қазағым, қайран жұртым», «Көңіл қайтты достан да, дұшпаннан да», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» тағы да басқа осы сияқты терең даналық ойларды қозғайтын өлеңдерінде саяси-әлеуметтік тақырып көтеріледі. Ұзақ жылдардан патшаның отарлауы орындалып, жерді алғаны - аяққа тұсау салғаны, болыстық биліктің келгені - белдегі күшті алғаны, қолдағы малды алғаны – болашаққа қол салғанын қазақты хәл-жағдайын ұлы ақын білгенімен билікке дауысы жетпегендіктен күлкі, ажуа жанрының күшімен ашып береді.
Байлар да мал қызығын біле алмай жүр,
Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр.
Сабылтып, күнде ұрлатып, із жоғалтып,
Ызаменен ыржиып күле алмай жүр. Тағы да бір өлеңінде қазақтың басына түскен нәубетті ашық айтады.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды, Күндіз күлкің бұзылды түнде ұйқың. – дейтін тұстарына мән берсек халықтың өте қиналған кезеңін ақын да елдің бір мүшесі екендігін меңзегенін байқаймыз. 9 - қара сөзінде: «Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлде кімдікі» -
деп түңіледі.
Әзірге аман тұрғанға малы-басың,
Сауық пенен Сайранға салынасың.
Қазақ жылап жатыр ғой, Қазақ жылап,
Неменеңе жетісіп қағынасың?! – деген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың бір шумағы әркімді ойландыратыны сөзсіз.
Сейдалы ОРАЗАЛИЕВ Абайтанушы, ғалым
Қосшы қаласының тұрғыны
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)