«Адал азамат» ұғымы қоғамдық мәселені түгел қамтиды

Пікір
view 359
news

Фотосурет: qazaq1913.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Алдыңғы жылы ұлт ұясы Ұлытаудан бастау алып, былтыр киелі Түркістанда жанданған ата дәстүріміз биыл тамыры терең Атырау өлкесінде жалғасын тапты.

Ұлттық құрылтай – ұлт бола­шағына қатысты маңызды мәсе­лелерді талқылап, шешім іздейтін бірегей алаң. Кезінде хан­дарымыз бен билеріміз бас қос­қан келелі кеңестерде тұтас елдің тағдыры шешілген. Бүгінгі Құ­рыл­тайымызда да ел ертеңіне қатысты салиқалы пікірлер айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев идео­логиялық, рухани бағыт-бағда­ры­мызды айқындап, жалпыұлттық құндылықтар төңірегінде өз ойларын, пайымдарын ортаға салды. Мемлекетіміздің ертеңі не болмақ? Елімізді жаһандық сын-қатерлерден алып шығу­дың, тұрақ­ты дамудың жолдары қандай? Міне, осы сұрақтарға Президентіміз нақ­ты жауап берді.

Әрине, тіл, дін, тарих пен мәдениет, салт-дәстүр – әр ұлттың басты байлығы. Сөз жоқ, біздің де тамырымыз тереңде жатыр. Сан ғасырлық шежіреміз тасқа қашалған. Өшкенімізді тірілту, өткенімізді жаңғырту – бабалар алдындағы перзенттік парызымыз. Мемлекет басшысы осыған ерекше назар аударды.

Қазақтың түп-тамыры сонау­ сақ-ғұндардан басталады десек, бер­тіндегі Жошы ұлысы мен оның заңды мұрагері саналатын Қазақ хандығының да тарихымыз­дан ойып алар орны бөлек. Президент бола­шаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқы­мы­ кең екенін толық сезініп, мәде­ни мұрамызды сақтап, оны дәріп­те­уі­міз қажет екенін атап өтті.

Атырауда өткен құрылтай да Жошы ұлысының 800 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Мем­ле­кет басшысы мұндай мерейлі да­та­ларды құр той тойлау емес, тағылымды етіп өткізуге, құн­ды зерттеулер жүр­гізуге ар­науға шақырды. Осы орайда Қазақстанның жеті том­дық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жүр­­гіз­іліп жатқанын атап өту керек.

Президент Тәуелсіздік, Рес­публика, Бірлік мемле­кет­тілі­гіміздің мызғымас тұғыры екенін дөп басып айтты. Біз бұл ұғымдарға ерекше мән беруіміз керек. Әр азаматтың жүрегіне ұялайтын бас­ты құндылығымыз да осы. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз десек, мықты ұлт, іргелі мемлекет құруға күш салуымыз қажет.

Бұл тұрғыда елдің мәдени дамуына, рухани кемелденуіне баса назар аударған жөн. Оған да бүгін Мемлекет басшысы кеңірек тоқталды. Осы орайда зиялы қауым өкілдеріне зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Қазір жеке бастың қамын ойлайтын заман емес. Ел мүддесі бәрінен биік. Сондықтан тұғырлы тұлғаларымыздың басын біріктіріп, ортақ мақсатқа, ел игілігіне қызмет етуге шақырды. Аталарымыз «Бөлінгенді бөрі жейді» деген. Біздің басты күшіміз – бірлікте. Оны зиялы қауым өкілдері де, әрбір азамат та естен шығармауға тиіс.

Ұлттық бірегейлігімізді ны­ғай­ту – негізгі мәселе. Бұл орайда Мем­лекет басшысы ұлтымыздың салтында жоқ киім үлгілерінен аулақ болу керек екенін айтты. «Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет», деді Мемлекет басшысы.

Президент дәстүрлі отбасы құн­дылықтарын табанды түрде орнықтыра беруге үндеді. Біз мәдени кодымызды сақтап, бабалар жолымен жүруге тиіспіз. Бұл жаһандану заманындағы қауіпті кеселдерге төтеп беруге септігін тигізері сөзсіз. Ол қандай қатерлер? Есірткі саудасы, жастар арасында вейптің таралуы, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм қоғамның дертіне айналды.

Бұл кеселдермен кешенді күрес басталып та кетті. Олар бойынша Прези­денттің нақты тапсырмалары бар. Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыс­тық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылданды.

Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабыл­дауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою үшін «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен тиісті заң жобасы әзірленді. Президент оны осы сессияның соңына дейін қабылдауды тапсырды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм бойынша да үлкен қадамдар жасалып жатыр. Ең бастысы, Президент айтқандай, елімізде заң мен тәртіп қатаң сақталып, қоғамда заң үстемдігі салтанат құруы қажет.

Мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеудің кілті неде? Әрине, тәрбиеде. Ол үшін өске­лең ұрпақтың бойына адами­ құндылықтар мен қасиет­терді сіңіруіміз қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жаңа кел­бетін айқындайтын сол негіз­гі құн­дылықтарды да атап өтті. Ол – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, еңбек­қорлық және кәсіби білік­тілік, жасампаздық және жаңашылдық. «Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемен­ді­гіміз бен Тәуелсіздігімізді қор­ғау­ға әрдайым дайын болуымыз қажет», деді Президент.

Мемлекет басшысы ұсын­ған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Сондықтан бәріміз оны дәріптеуге атсалысуға тиіспіз. Ең бастысы, бұл құндылықтардың барлығы біздің төл тарихымызға, мәдениетімізге, болашақ ұмты­лы­сымызға негізделген.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашағын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғымымен сипаттап берді. Бұл – сапалы ұлт болудың жолы. Осы жолда баршамыз Мемлекет басшысының маңайына топтасып, жұмыла қызмет етейік.

 

Ерлан ҚОШАНОВ,

Мәжіліс төрағасы

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *