Адам саулығы тісінің саулығына байланысты

Редакция таңдауы
view 198
news

Деннің саулығы үшін сау тістің маңыздылығы зор. Жеке бастың гигиенасы мен күнделікті тазалығынан басқа алты айда бір мәрте тіс дәрігеріне көріну маңызды. Алайда халықтың басым көпшілігі тіс ауруларынан бөлек, оның қисық өсуі, жақтың асты мен үстінің дұрыс бітіспеуінен зардап шегеді екен. Мамандар мұны тұрмыстағы тағамның сапасымен байланыстырады. Қосшы қаласында сұранысы жоғары, қызметі сапалы тіс клиникаларының бірі –«Magnat-dent».

Жылдар бойғы жиған тәжірибесі арқылы ересектердің де, балалардың да тісін емдеп жүрген білікті дәрігер Манат Құсайынқызының тіс күтімі жайында айтары бар. Алдымен кейіпкерімізбен танысайық. – Мен Қарағанды облысы, Токаревка ауылында дүниеге келгенмін. Әкем қызметтегі кісі болды, анам саудамен айналысты. Сол қауырт қызметтеріне қарамай, сегіз баланы дүниеге әкеліп, қатардан қалдырмай тәрбиелеп, жақсы білім алуымызға бар жағдайды жасады. Қандай қиыншылық болса да бізге қайтпас қайсарлық пен өр мінездің үлгісі болып мәңгі жадымызда қалатындай тәрбие берді. Бала жақсы болса алдымен үйдегі алған өнеге, ортада алған біліміне байланысты деп білемін. Мен егіздің сыңарымын, бір мезгілде туған әпкем бар,– деп маман өзі жайында бір сырдың ұштығын шығарды. Дәрігерлік сала жауапты мамандыққа бастайтын жол. Оны кез келгеніміз таңдай алмаймыз. Өйткені адам саулығына байланысты мамандықта төзімділік, жауаптылық алдыңғы орында. Ал Манат Құса- йынқызының бұл саланы таңдауына не түрткі болды екен? – Мамандығыма байланысты білімнің бастамасын медициналық училищеден алдым. Ғұмырымның он жылын мейірбикелік қызметпен байланыстырдым. Сол кезден-ақ жоғары білім алып, білікті маман болуды көздеген болатынмын. Адамда ең бастысы нақты мақсат болуы керек. Арман-мақсаты бар адам көздегеніне жетпей тыным таппайды екен. Сол сияқты мендегі үлкен армандардың бірі – халыққа қалтқысыз қызмет ете алатын мықты дәрігер болсам дедім. Сөйтіп, сыңарым екеуіміз Алматыға арман қуып барып, Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне оқуға тапсырдық. 1986 жылы оқуға түсіп, 1991 жылы жоғары білімді маман атандық. Сөйтіп, оқу орнынан жолдамамен Целиноград қаласына жіберді. Интернатураны қаладағы бірінші қалалық клиникада өткіздім. Содан кейін аймақтық ауруханада жұмыс істедім. Аудандық тіс дәрігері болдым. Қалалық ауруханаға ауыстым. Жетілген жаңа заманда тістің кез келген ауруын емдеп, әрлеп, эстетикалық өң беруге мүмкіндік бар. Соған сай сұраныс та жоғары. Жеке клиникаға жүгінетіндер көп. Кейіпкеріміздің өз алдына кәсіп ашуына не түрткі болды екен? – Кез келген салада сол мамандыққа деген адалдық пен сүйіспеншілік болмай, бір нәтижеге жету, биікке өрлеу мүмкін емес. Астана қаласының екінші ауруханасында он екі жыл жұмыс істедім. Одан кейін жеке клиникаларда он жылға жуық уақыт бойы стоматологиялық қызмет атқардым. 2018 жылы өз алдыма жеке кәсіп ашқым келді. Сөйтіп, Қосшы қаласынан осы орынды сатып алдым. Кәсібіме қарай ішін жөндеп, жабдықтап, клиникамды аштым. Бес жылдан бері осы жердемін. Бұл жерде тұрақты келушілер қалыптасты. Сонымен қатар әлі де Астанадан іздеп келетін емделушілерім бар. Мұның бәрі сол мамандығыма деген тұрақтылығым, адалдығым, сүйіспеншілігімнің арқасы деп білемін. Тісті бала күннен баптап, тазалықты ерте меңгергендердің көпшілігінің ауыз қуысына қатысты үлкен мәселе болмайтындығы белгілі. Алайда дәрігер Манат Құсайынқызы сапасыз тағам, түрлі-түсті тәттілер мен газды сусындардың тигізер зиянының көп екендігін алға тартады. – Қазір дүкен сөрелерінде кездесетін тәттілердің көпшілігі жасанды бояумен дайындалған. Оның үстіне газды, құрамында қышқылы көп сусындар да көбейіп кетті. Балалардың шайнауын, тістеуін жақсартатын тағамдар аз. Көбі жұмсақ, дайын өнімдер. Бұл дегеніңіз тістің өсуін тежейтін, қатаюын, эмалін құртатын алдыңғы орындағы заттар. Баланың тісін дұрыс жууын қадағалайтын ата-аналар да аз. Екі мезгіл тазалауын бақылау өте маңызды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» әлдеқайда тиімді емес пе?! Қызыл иектің де саулығына мән беру маңызды. Үш ай сайын тіс щеткесін ауыстыруда ұмытпаған абзал. Алты айда бір мәрте отбасылық тексеруден өткен де дұрыс. Баланың тамақ рационында жемістер мен көкөністердің көп болуы керек. Бұл әрі тіс ауруының алдын алады, әрі қаражатыңызды үнемдеуге мүмкіндік береді. Ертеңгі күні жасанды тіске үйренісе алмай қиналғанша, өзіңіздің табиғи тісіңізді сақтаған жөн. Сүт тіс түсіп, тұрақтысы түзеледі деп баланың алғашқы тісінің саулығына мән бермейтіндер көп. Баланың тісі ауырып, мазасызданса, асқындырмай жұлдыруға асығатындар да бар. Бұл орайда білікті маман былай дейді: – Ыңғайы келсе баланың тісін жұлмай, емдеп сақтап қалуға бар күшімізді саламыз. Өйткені жұлынған тіс жақтың деформациясына, ас қорыту жүйесінің бұзылысына әкелу қауіпі бар. Сақауланып, тіл мүкістігіне жұлынған алдыңғы қатардағы тіс әсер етеді деуге де болады. Баланың тісінің күтіміне жақсы мән беріп, тұрақты кальций қабылдап, сапалы тағам тұтынып, барынша сақтап, жұлдырмауға тырысқан жөн. Қазіргі күні бір ғана тістің саласында дамыған мол мүмкіндіктер көп. Ауыртпай емдеу тәселдері бар. Сондықтан тіс дәрігеріне қаралуда үрейленуге болмайды. Бұл сіздің бүкіл ағзаңызға қажетті тағамды жақсы шайнап, асқазанға жөнелтетін маңызды мүшеңіз. Оның саулығы денсаулығыңыздың кепілі. Тіс емдеу саласында отыз жылдан астам уақыттан бері қызмет жасап, тістің саулығы үшін еңбек етіп жүрген білікті дәрігер Манат Құсайынқызы қолы жұмыстан қалт етсе кітап оқығанды жақсы көреді. Оның пікірінше, адам ізденуден, білім алудан ешқашан жалықпауы керек. Тіс емдеу саласына қатысты үнемі ізденіп, білімнің жаңа биігін бағындырып жүрген зейнеттегі дәрігер заманға лайықты маман болу үшін, жаңа ақпарат көзінен қалыс қалмай ілгері жылжу маңызды деген қағиданы берік ұстанады.

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *