Қазақстанда 1 желтоқсанда «Ұлттық сезім» флешмобы басталып, Kusto Group, Tas Group, Chocofamily Holding, BI Group, Invictus, Novopack, Bilim Media Group, Ordamed Group, MYD Production, SDC, Freedom Holding Corp, AQ Group компаниялар тобы, Ұлтты спорт қауымдастығы мен оған мүше федерациялардың қызметкерлері бірлесіп жұмысқа ұлттық киіммен келуге бастама көтерді. Қазақы нақышта сәнденіп жүруді бірқатар жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен студенттер қауымы да қостап әкетті. Бұл бастама аптаның әрбір жұма күнінде қайталанып, басқа да мекеме қызметкерлері арасында дәстүрге айналуы мүмкін. Жобаның мақсаты – ата-бабамыздың дәстүрі мен тарихы арқылы ұлттық киімді дәріптеу, ұлттық брендті нығайту.
Өткен жұма күні Қосшы қаласының №3 жалпы орта білім беретін мектебіне барғанымызда оқу ордасының мұғалімдері мен оқушыларының көпшілігі қазақи киім киіп жүргенін көріп, қатты қуанып қалдық. Көз сүйсініп, көңіліміз марқайды. Үстіміздегі жылы ғана пайдалануға берілген, мемлекеттік тілде оқытатын 1 200 орындық орта мектепте жас өскіннің тек заманауи білім нәріне ғана сусындап қоймай, ұлттық мазмұнда тәлім-тәрбие алып жатқанына қарап, жанымыз жадырады. Айта кетейік, білікті басшы, тәжірибелі ұстаз Жанар Көшкенқызы Балдекованың басқаруындағы мектеп ұжымы ұлттық мұрамызды насихаттауды аталмыш жобадан көп бұрын, елорда іргесіндегі шағын қалада өз ұйғарымдары бойынша бастап кеткен болатын. Сонау ғасырлар легінен қалмай, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық киім әлі де өз құндылығын жоғалтқан жоқ, қайта уақыт өткен сайын заманына қарай түрленіп, жетіліп келеді. Ұлттық киімдер мен әшекейлер адамның жасына, жынысына, мәртебесіне және түрлі жағдайларға байланысты әралуан. Мұнда халқымыздың бүкіл ішкі жан дүниесі, салт-дәстүрі мен философиялық көзқарасы жан-жақты қамтылған. Рас, кейінгі кездерге дейін ұлттық киімді тек мереке-мейрамдар мен той-думандарда ғана үстімізге ілуші едік, халықтың санасы өскен болар, қазір оны көшеде, қоғамдық орындарда жастарымыздың да, жасамыстардың да күнделікті өмірде де тұтынатынын жиі байқайтын болдық.
Білім ошағының ішкі жай-күйімен ішінара танысқаннан кейін, мектеп директоры Жанар Балдековаға қойған алғашқы сауалымыз ұлттық киім туралы болды. Бұл идеяны қайдан алдыңыздар, кім бастамашы болды деген сипатта сұрақ қойдық.
– Біздің мекеме қазақ мектебі болған соң, ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында әр жұма күні ұлттық киімде жүруге болатыны жайлы айтылған ұсынысымыз ата-аналар тарапынан қолдау тауып, нәтижесін өздеріңіз көргендей, бастауыш 1-сыныптан бастап, біртіндеп барлық мектеп оқушылары ұлттық киімді киюді дәстүрге айналдырып бара жатыр. Бұл игі істердің жалғасы іспеттес, мектебіміздің әр қабатындағы дәліздегі қабырғалардың әрленуінен, безендірілуінен қазақи иісті, қазақы болмысты көре аласыз.
– Мектеп – баланың тұлға болып қалыптасуына, қоғамдық өмірге бейімделуіне әсер ететін алғашқы әрі маңызды баспалдақ. Осы тұрғыдан алғанда, білім ошағында берілетін тәрбие-тәлім туралы айта кетсеңіз.
– «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген Бауыржан атамыздың нақыл сөзіне орай, алдымен тәртіпті қолға алып, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде әр сыныптарда апта сайын тәрбие сағаттары сабақ кестесіне қойылып, түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Қосымша білім беру бағдарламасы негізінде оқушыларды еңбекке, шешендікке, спортқа, шахматқа баулитын үйірмелеріміздің орны ерекше. Апта сайын ұйымдастырылып жатқан онкүндіктеріміздің өзі отансүйгіштікке, патриоттыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелейтіні сөзсіз. Оқушыларымыздың жеке тұлға болып қалыптасуында мектебіміздегі «Балалар кітапханасы» жобасының, қосымша білім беретін үйірмелердің, «Алқа» дебат клубы мен «Өзін-өзі басқару» ұйымының тәлімі ерекше деп толық негізде айта аламын. Қаламыздағы белді орталықтардың бірі – «Жастар ресурстық орталығының», Қалалық кітапхананың, Мәдениет үйінің жастар үшін теңдесі жоқ мүмкіндіктерге толы екенін айта кетпесек, жөн болмас.
– Жаңа мектеп, жаңа ұжым. Жұмысты ең бірінші неден бастадыңыз? Алдыңызға не мақсат қойдыңыз?
– Ең әуелі жұмыс жасауда мақсат пен міндет қоя отырып, «Мектептің даму жоспары» бойынша нақты қадамдар мен міндеттерді айқындаудан бастадым. 2023-2024 оқу жылындағы тәрбие бағытында жаңа «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша үш негізгі құндылықпен жұмыс жасалады. Оның біріншісі «Ұлттық мүдде», екінші «Ар-ұят», үшінші «Талап». Осы үш құндылық негізінде жоспар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Біртұтас тәрбие бағдарламасының мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» – ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Осы орайда, мектебімізде әр жұма «Ұлттық киім» күні болып бекітіліп, оқушыларымыз бен ұстаздарымыз ұлттық киімде жүру дәстүрге айналды. «Ата-аналарды қолдау орталығы» жанынан «Даналық мектебі» ашылып, соның негізінде «Әжелер клубы», «Әкелер клубы», «Жеңгелер клубы» өз жұмысын бастап кетті. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, ұлттық құндылықты дәріптеудегі асыл әжелеріміздің ақыл-кеңесінен бастау алатын бұл орталықтардың жастарға берер тәлімі мол.
– Сіздің ұғымыңызда мектептің миссиясы қандай болуы керек?
– Мектептің миссиясы – оқушылардың бейімділігі мен қабілетіне қарай оқыту мен тәрбиелеу үрдісінде сапалы білім бере отырып, олардың бойында жалпыадамзаттық құндылықтарды, ұлтжанды, сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ жеке тұлғаның білімін алып, тәрбиеленуіне мейлінше қолайлы жағдай жасау. Ақпараттық технология қарқынды дамыған, уақыт жедел өтіп жатқан заманда біз оқушыларымыздың жайлы және инклюзивті ортада жоғары сапалы білім алуын қамтамасыз етуге міндеттіміз. Ертең ел болашағын қалайтын, тығырықтан жол таба білетін, адамгершілік құндылықтарды мұра тұтатын ұрпақ тәрбиелеп шығуға тиіспіз. Сол үшін де заманауи мектепте, заманауи ұстазға қойылатын талап көп, жүктеліп отырған жауапкершілік үлкен. Ұстаз ұлт болашағын, яғни келешекте мемлекет тұтқасын ұстайтын нағыз патриот тұлғаларды қалыптастырып шығуға қабілетті болуы тиіс. Бұл егемен еліміздің болашағы баянды болуының бірден-бір кепілі. Сондықтан педагог мамандарымыздың ақпараттық технологияларды толық меңгерген, сыни ойлай білетін, креативті, жан-жақты қабілетті, шығармашыл, мотиватор болғанын қалаймыз, соған күш саламыз. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп қазақ бекер айтпаған, біздің жұмысымыздағы басты принциптердің бірі – осы.
– Білім ошағының жалпы жағдайы, материалдық-техникалық жарақталуы, оқу процесі жайында айтып өтсеңіз...
– Мектеп 2023 жылдың 2 тоқсанында толықтай пайдалануға берілді, аумағы 20 357 мың шаршы метрді құрайды. Ғимарат 3 қабатты 6 блоктан тұрады. Материалдық жасақталуы жақсы. Кабинет саны – 53. Химия, физика, биология, технология кабинеттері тиісінше құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оқу-тәрбие ісіне қажетті жиһазбен жабдықталған, оқу кабинеттерінде оқушылар парталары мен шкафтары жаңа стандарттарға сай. 384 орындық асхана, 600 орындық акт залы, ауданы 520 шаршы метр спорт залы, металл, ағаш, мата өңдеу шеберханалары, алғашқы әскери технологиялық даярлық класы бар. Мектеп аумағы қоршалған, аумағында ойын алаңдары, футбол және баскетбол алаңы бар. Барлық сынып-жиынтықтар саны – 35, оқушылар саны – 824. Мұғалімдердің сапалық құрамы төмендегідей: педагог- зерттеуші –14; педагог- сарапшы – 10; педагог - модератор –12; педагог–28. Ұстаздың екеуі – жоғары санатты. Қазіргі таңда жалпы саны 66 мұғалім қызмет жасауда.
Би-Барыс КӨКШЕ
Пікірлер (0)