Адамның шексіз мүмкіндігі немесе Қосшы қаласының тұрғыны Эльмира Мұқанның басынан кешкендері

Қосшы жаңалықтары
view 379
news

Тәуелсіздіктен кейін қазақ социумында «мүмкіндігі шектеулі» деген атау пайда болды. Жаңа қоғамға сай жаңа атаулар, жаңа ұғымдар ортаға шығатынын жоққа шығармаймыз. Өйткені тіл – әлеуметтік тірі организм. Біз қаласақ та, қаламасақ та, ол өзіндігінен өмір сүре беретін құбылыс. Алайда «мүмкіндігі шектеулі» деген атау бұрыстау қалыптасып кеткенін мойындауымыз керек. Біз бұл атау арқылы адамның он екі мүшесіндегі бір кемшілікті мәдениетті әрі әдепті жеткізуге талпынған кейпіміз. Бірақ логикалық тұрғыда да қисынсыздау атау екені қазір жиі айтылып жүр. «Ғылым ақыр-соңында жаратылыстың барлық сырын түсіндіріп бере алатын біртұтас, бір ғана теорияға келеді. Сонда адам шын мәнісінде болмыстың әміршісіне айналады. Осыдан кейін біздің өркениетті ешқандай апат күйрете алмайды» деген пікірді айтқан атақты физик ғалым, кванттық физиканың пайғамбары атанған Стивен Хокинг те мүгедек арбасында отырып, үлкен жаңалықтар ашты. Оның қалай мүмкіндігі шектеулі болады? Бұл призмада қарағанда осы сөздің өзінің де «мүмкіндігі шекті» екеніне тағы бір көзің жеткендей. Ойымыздың дәйегі ретінде Қосшы қаласында тұратын Эльмира Мұқан есімді әйелдің басынан өткендерін қысқаша баяндап берсем, сөз мәнісі оқырманға ұғынықты болар.

МҮМКІНДІГІ ШЕКСІЗ АДАМ

Эльмира Мақсұтбекқызы – 1978 жылғы 16 маусымда бұрынғы Торғай, қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданы Үрпек ауылында туған. 1984-1994 жылдары ауылдық орта мектепте білім алғаннан кейін еңбекке араласып, туған ауылындағы жеке кооперативте қазақтың қолөнер бұйымдарын жасау ісімен айналысады. Бұл тоқсан төрттегі тоқырау кезеңімен тұспа-тұс кез. Бірден еңбекке кірісіп кеткен бой[1]жеткен Эльмира оқуға түсе алмай қалады. Сөйтіп, Эльмира дәл 19 жасында оқыс оқиғаға тап болады. Дәлірек, бесінші қабаттан жазатайым құлап кетеді. (94-жылдардағы адам қауіпсіздігі, құрылыс талаптары деген сияқты нәрселерді айтудың өзі артық шығар бұл жерде. Сондықтан құлау себептеріне тоқталмауды жөн санадым – авт). Бес қабатты үйдің биіктігі шамамен алғанда – 10 метрден едәуір биік болса керек. Мұны «су ішері бар адам» дегеннен гөрі, қайсар адамның қиындыққа мойымайтын төзімділігінің нәтижесі деп санауға болар еді. Бойында жаны бар демесеңіз, қаршадай қыздың белінен төмен мүлде жан кетіп, бір-ақ сәтте мүгедек болып шыға келеді. Дәргілерлер де үміт ұялатар ештеңе демейді. Осы кезде Эльмираның өмірінде тың өзгеріс пайда болады. Бұрынғы өмірінде болмаған өзгеше қабылеттері мен түйсіктері ояна бастағанын сезеді. Мен мұндай болатынын түйсік жайлы бала кезімде де көп естігем. Ал кітаби ізденістерімнің ішінен де мұндай оқиғаның болатынын оқығаным бар-тұғын. Дәлірек, оңтүстік америкалық әйгілі жазушы Габриел Гарсия Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» атты атақты романында зағип кемпірдің бәрін көргендей сезіп отыратыны қайран қалдырғаны бар. Кейіпкерім – Эльмираның да осындай еркеше құбылысты бастан кешкенін айтқанда, таңқалмасқа амалым қалмады. «Тек кеудемде ғана жан бар. Абырой болғанда екі қолым сау. Оң жақ тізем үгітіліп кетіпті. Бел омыртқа және омыртқаның ең соңғы буындары (құймышақ) сынып, жұлынға әсер еткен. Аяқ жағым мүлде жансыз. Уақыт өткізу өте ауыр болды. Сосын жатып алып бұрыннан қолымнан келетін тоқыма тоқи бастадым. Бірақ анам ұрысты «бізбен көзіңді шығарып аласың да, зағип болып қаласың» деп. Амал жоқ, анамның тілін алмасқа, бірақ уақыт өтпейді. Сосын тоқымаға қарамай, жатып тоқи бастадым. Сөйтіп қарамай тоқи беруді де үйрендім. Одан бөлек, аурухананың төсегінде жатып, әр дәрігердің жүрісін естіп оның кім екенін, қандай эмоцияда екенін айыратын болдым екі ай ішінде», – дейді ол, сол кездерегі сәттерін еске алып. Сөйтіп екі жарым айдан кейін ауруханадан шыққан Эльмира Мұқан күнде «мен жүріп келе жатырмын» деп ойлайды. Яғни ой жаттығуын жасайды. Жеті ай өткен кезде Эльмира Мақсұтбекқызы анасына: «мама, мен жүре аламын, аяғым қозғалады» дейді. Сенер-сенбесін білмеген ана жамылғысын ашып көрсе, ештеңе байқалмайды. Ертеңінде ол тағы да анасына «мен жүремін» дейді. Бала көңілін қимаған анасы жамылғыны ашып көрсе, сол баяғы жансыз аяқ, сұлық жатыр, ұзақ қарайды. Кенет әлдебір тамырдың әлсіздеу жыбырлап соғып жатқанын көреді. Мұны көріп, көзіне жас алмаған жан қалмайды. Отбасына осындай қуаныш сыйлаған Эльмира ой жаттығуын жалғастыра түседі. Мұның сырын мамандардан да сұрап көрдік. Олардың айтуынша, науқас адам ми арқылы басқарылатын тамырдағы және жұлындағы сигналдарды жетілдіре түскен. Сол себепті Эльмира өзін мүгедек арбасынан қорғап қалды. «Егер ол адам мен салмын, мүгедекпін деп үміт үзсе, онда мүлде бұлай жүріп кетуі неғайбыл еді» – дейді писхолог Балжан Жұмәділ. Талай қиындықты артқа тастаған Эльмира ханым 2000 жылы Нұрлан есімді азаматпен көңіл жарастырып, отау құрады. Шаңырақ көтерген кезде де қызық оқиға болған. Мәселен, Эльмира болашақ жарын бір көріп, қасындағы құрбысына «осы жігіт маған сөз салады, түбі менің күйеуім болады» дейді. Эльмираның басқалардан өзгеше түйсігі тағы да алдамайды. Бүгінде ерлі-зайыпты Нұрлан мен Эльмираның шаттыққа толы шаңырағында 4 бала өсіп жатқанын көріп те таңқалдық. [caption id="attachment_885" align="alignnone" width="965"] Фото: отбасы архивнен[/caption] Осындай денсаулықпен де көпбалалы ана атанудың өзі бүтін батырлық емес пе? Отағасы Нұрлан Мұқан ҚР Ұлттық ұлан сапында сардар болған, әскери адам екен. Бақытты ана атанған, ағайын-туысқа ардақты, қоғамға сыйлы Эльмира Мақсұтбекқызы отбасы, ошақ қасында бала тәрбиесімен ғана шектеліп қалмай, сүйікті ісі спортпен де шұғылданатыны – дүйім Ақмола аймағына мәлім. Денсаулық жағдайына байланысты жартылай мүгедек болса да, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі мәдени-спорттық жарыстарға қатысып тұрады. Жаңалықтарын БАҚ беттерінен байқап та қаламыз. Жетістіктен де кенде емес. Атап айтсақ, Ақтөбе, Көкшетау қалаларында өткен паралимпиадалық сайыстарда тоғызқұмалақ, нысана көздеу, дойбы ойындарына қатысып, жүлдергер атанған. Эльмираның ендігі мақсаты «әлемдік паралимпиадаға қатысып, қазақ елінің көк байрағын биікте желбіретсем» дейді. «Бірде ауруханада емделіп жатып, бір арбада отырған мүгедек адамға жолықтым. Ол құрылыста жүріп бесінші қабаттан құлап кетіпті. Онымен менің оқиғам көп жағдайда ұқсас болып шықты. Ол менің басымнан өткендері сұрады, мен айтып бердім. Бірақ жолдасым бар, балам бар дегенге сенбеді. Бір кезде жолдасым мен екі балам келді... Сонда мен адамның биологиялық денесінен бұрын, санасы мүгедек болмау керектігін ұқтым. Және мен осы уақытқа дейін өзімді мүгедекпін деп мойындаған да, мойыған да емеспін», – дейді Эльмира Мұқан. Осы ретте адам басқалардың өмір сүруіне деген құлшынысын ояту үшін қандай үлгі-өнеге бола алатынын байқағандай болдық...

АДАМНЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ ЕМДЕУІ

Кейіпкеріміз Эльмира Мақсұтбекқызына қайта оралсақ. Қазақта «қасқыр өз жарасын өзі жазады» деген сөз бар ғой. Мұның шынайылығынан бөлек, қайсарлық пен мызғымас жігерді меңзейтінін ұмытпаған жөн секілді. Яғни адам өз санасындағы дертті жазу немесе қайсарлық таныту. Жалпы ел арасында өзін-өзі емдейтін адамдар жиі ұшырасып жатады. Өзін-өзі емдеу – дәрі-дәрмекпен емдеу шараларын медициналық мекемелердің, дәрігердің тағайындау және қадағалау көмегіне жүгінбей өз бетінше қабылдауы. Өзін-өзі емдеу ұғымына медициналық білімі жоқ тұлғаның көмегіне жүгіну де кіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне жүгінсек, мұндай ем қабылдау кезінде дәрі-дәрмекті білместікпен, дәріні мөлшерден артық қолдану, дәріні пайдаланудағы кері әсерлер және басқа дәрі-дәрмекпен үйлеспеу, улану, аллергия алу тіпті өлімнің көбеюіне әкеліп соғады екен. Өзін-өзі емдеу салдарынан болған қаза әлем бойынша әртүрлі ауруларды қосқанда кейінгі 5-орында, ал еліміздегі дереккөздерге жүгінсек, әрбір үшінші адам өзін-өзі емдегенді жөн санайды екен. Неліктен жұрттың көбі өзін-өзі емдеуге бет бұрды? Себебіне үңіліп көрсек – бұл медициналық нигилизм және әртүрлі әлеуметтік жағдайға байланысты болып отыр. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жүргізген әлеуметтік зерттеудің нәтижелері қазақстандықтар қандай ауруға шалдыға қалса да алдымен өздері ем жасайтынын анықтаған. Егер өзі жасаған емнен шипа болмаса ғана медициналық орындарға барады екен. Мұны жұрт әртүрлі себептермен түсіндіреді. Ең бірінші жұмысбастылық пен қағазбастылық және отандық медициналық қызмет ақы[1]сының тым қымбаттығы мен жемқорлық сияқты келеңсіз көріністерден туындағанын алға тартады. Біз бұл жазбамыз арқылы адамдардың өз бетінше ем қабылдауын насихаттаудан аулақпыз. Тек сана сырқатын өзіңіз қайсарлықпен жеңе білсеңіз, ал биологиялық дертті мамандардың көмегінсіз дауалаймын деудің соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жататынын айтқым келді.

ВЕРТЕР СИНДРОМЫ

Кейінгі кезде мектептегі зорлық-зомбылық пен әскердегі суицид көбейіп кетті. Тіпті аптасына болмаса да, айында осындай жантүршіктірерлік ақпаратты көзіміз шалып қалатын болды. Әзірге жыл сайын мұндай оқиғаның қаншасы тіркелетіні жайлы дерек жоқ, тіпті оны зерттейтін арнайы орын да жоқтың қасы. Мұндай жаңалықтардың көп болғаны да жақсы емес, айтуға да, жазуға да ауыр, әйткенмен қоғамдағы мұндай мерезді жасырып қалғанымызбен ол жоғалып кетпейді. Бірақ үнемі жарыса жариялаудың да зияны барын бүгінгі БАҚ ескермейді. Психологияда «бейсаналы ақпарат» деген ұғым бар. Мысалы, біздің қоғамда мынандай жаңалықтар шығып жатады «бір әйел жаңа туған сәбиін қоқыс жәшігіне тастап кетті» деген. Бұл басқа бір адамның бейсанасына әсер ететінін де ескеуді ұмыт қалдырамыз. Мәселен, бір адам бір қиын жағдайға тап болды, оның ойына әртүрлі ситуация оралады. Егер ол адамның миын[1]да ондай тығырықтан шыққан жайлы ақпарат басым ба, әлде дәл сондай жағдайда суицидке барғаны жайлы ақпарат бар ма, міне осы жерде бейсана әсер етеді дейді мамандар. Қазір бізде көп айтылатын бір ақпарат бар «Қазақстан әлемде суицид бойынша алдыңғы бестікте» деген. Ол қаншалықты рас ақпарат? Мейлі рас болсын делік. Бірақ бұл адамның қиындықтан шығатын жалғыз жолы – суицид дегенді білдірмейді ғой. «Әлемде 40 секунд сайын бір адам өзіне қол жұмсайды. Қазақстанда 29-ға дейінгі (жеткіншектер мен) жастар арасындағы өлім-жітімнің негізгі себебі жол-көлік оқиғасы болса, суицид содан кейінгі екінші орында. Ұлыбританияда, мысалы, (жалпы әлемде де) орта жастағы ер адамдар қауіпті категория саналады; ал өзіне қол жұмсайтын жеткіншектердің (әсіресе оқушылардың) мұндай көп болуы – аномалия. Бюрода жүргенде басшылықтың тапсырмасымен Ұлыбритания Денсаулық министрлігінің Суицидтің алдын алу бөлімімен, Samaritans сияқты ірі қайырымдылық ұйымдармен байланыста болдым. Психикалық саулық пен суицидтің алдын алу мәселесін біраз зерделедім дей аламын. Сондықтан әріптестерімді қа[1]рапайым қағидаларды сақтауға шақырар едім», – дейді журналист Әсия Бағдәулетқызы. Осындайда жазушы Альбер Камюдың «біз бәріміз жанама кісі өлтірушілерміз» деген сөзі еріксіз ойыңа оралады. Сондықтан да осы ретте БАҚ өкілдерінің жауапкершілігі жоғары болуын қажет етеді. Қазір кейбір журналист білер, кейбірі білмес, вертер синдромын журналистер осындай ақпаратты жариялағанда мұндай жауапкершілікті сезіне бермейтінін байқайсың. Сондықтанда біз өмірге құштар, қайсар мінезді Эльмира Мұқан секілді адамдар жайлы жазуды да жөн санадық. Жағымды ақпараттардың жаршысына айналған жандар жайлы көбірек жазсақ, санамыз бен бейсанамызға әсер етері сөзсіз. Айналасына қуаныш пен шаттық сыйлап жүретін кейіпкеріміздің мінезі секілді мақаламды оптимисттік көңіл күйде аяқтайын. Өйткені бүгін, 16 маусым – Эльмира Мақсұтбекқызының туған күні! Зор денсаулық, толайым табыстарға жетуге тілектеспіз!

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *