Маса, шыбын тұрғындардың шырқын бұзды

Қосшы жаңалықтары
view 526
news

Тыңнан түрен салмаса да, бұрынғы ауылдық округтың барлық құрылымын қалаға лайықтап қайта құру тынымсыз еңбекпен қатар, уақыттың да еншісінде екенін білеміз. Жас қаламыздағы жол, су, аурухана мен мектеп, басқа да маңызды салалар төңірегіндегі мәселелерді шешу үшін жергілікті атқамінерлердің аянбай тер төгіп жатқаны халықтың көз алдында. Десек те, алдын ала жоспарлап, сақадай сай дайын болуға тиісті кейбір маусымдық мәселелер назардан тыс қалып жатқан секілді. Өзен аңғарында орналасқан Қосшы қаласында жаз шыға ызыңдап мазаны алатын шыбын-шіркей мен масаның қаптап кететінін еңбектеген бала да білетіні белгілі жағдай. Көптеген ауру тудыратын бактериялар мен вирустардың тасымалдаушысы болып саналатын қан сорғыштарды жою мақсатындағы профилактикалық шаралар жүргізіле ме? Жүргізілді десек, неге өнімсіз? Санитарлық нормаларға сай, олардан таралуы мүмкін аурудың салдарын жоюға дайындықтар жүріле ме? Осы төңіректегі сауалдардың жауабын білу үшін тиісті органдардың есігін қағып көрдік. Мамандардың айтуынша, шыбын-шіркей, маса, кесірлі кененің көбейетін маусым айында орта есеппен 10-12 адам медициналық ұйымдардың көмегіне жүгінеді. Олардың көбі – балалар. Ал өз бетінше үй жағдайында ем қабылдайтындардың саны бұдан әлдеқайда көп екені белгілі. Жұмыс жоспарына сәйкес бұл бағыттағы түсіндіру шаралары жүргізілгенімен, зиянкес жәндіктерді жою жұмыстары ауқымды атқарылмаса, зардап шегетіндердің санын азайту мүмкін емес. Зиянкес жәндіктер тек адам денсаулығына залал келтіріп қана қоймай, өндірістің кейбір салаларына айтарлықтай зиян тигізетіні белгілі. Әсіресе ашық аспан астында, атызда жұмыс істейтін дихандар қауымына көптеген қолайсыздық тудырады. «Қосшы қаласындағы дезинфекция жұмыстары үшін қалалық ТҮКШ бөлімі КАЗДЕСС ұйымымен ұзақ мерзімді келісім-шарт жасаған. Сәуір айының ортасынан бастап мамыр, маусым, шілде айларында осы бағыттағы жұмыстар жүргізіледі. Бұл мақсатта қалалық бюджеттен 20 млн. теңге қарастырылып, 16,5 млн. теңгенің келісім-шарты жасалған. Олар қала аумағында жүйелі түрде залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп келеді. Жалпы практикалық жұмыстар үш кезең бойынша атқарылады. Бірінші кезеңде шыбын-шіркейлерді жою. Екінші этап қансорғыштарды аластау. Қазір масаларды жою бағытындағы үшіншікезең бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», – дейді Қосшы қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Валерий Асанбаев. Бұл жұмыстардың өнімділігіне бірнеше фактор әсер етеді. Зиянкестері жою жұмысы желсіз, тымық күндерде жасалады. Ауа құрғақ болуы шарт және үш күнге дейін жауын-шашын болжамы болмаған кезде жүргізілуі керек. Сонда ғана жоғары өнімділікке қол жеткізуге болады. Сонымен қатар, профилактикалық жұмыстар жүргізілген жерлердегі шөптің биік болуы да зиянды жәндіктермен күрестің өнімділігіне кері әсер етеді. Демек Қосшы қаласы бойынша шыбын-шіркейлерді жою аумақтағы қамыс пен арам шөптерді уағында бір жақтылы етіп, абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізумен де байланысты болмақ. Қалай болғанда да, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін жоспарлы, дәстүрлі шаралардан тыс, жаңа заманға сай технологиялардың көмегіне жүгіну қажет.

Серікбай ӘБІЛМӘЖІН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *