«Ақсақ құлан» аңызындағы ақиқат немесе ұлы ұлыс елі қалай «моңғол» атанған?
Руханият
771
Әлем тарихында ең ұзақ – 250 жыл жасаған Шыңғысхан құрған Ұлы Ұлыс империясы жер жағдайына қарай 4 ұлысқа бөлініп, ол ұлыстарды қағанның төрт ұлы – Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле бөліп басқарған. Осы ұлыстардың үшеуі бүгінгі Қазақстанның аумағында орналасты: Жошы ұлысына қазақ жерінің солтүстік бөлігі тұтас және Ертіс өзенінің үстіртінен бастап, Алакөл өзеніне дейінгі аймақ, одан әрі батысқа қарай Іле мен Сырдария өңірі енді. Шағатай ұлысы бүгінгі Оңтүстік Қазақстан облысының аумағынан бөлек, елдің оңтүстік өңірлерін түгел – Шығыс Түркістан, Қаялық (Жетісу) және Мавераннахрды иеленді. Үгедей ұлысының иелігінде Қазақстанның солтүстік-шығыс аймағы, яғни Батыс Моңғолия мен Тарбағатай жерлері болды. Төле – қарашаңырақтың иесі ретінде Орталық Моңғолияға орнықты.
Ұлы Ұлыс елі тарихта орыс жылнамашыларының бұрмалауынан «Алтын Орда» деп қате аталып кеткен. Ол туралы ежелгі тарихшылардың еңбектерінен де, қазіргі қазақ тарихшыларының еңбектерінен де білеміз. Рашид әд-Диннің қолжазбасында Шыңғыс ханның 1224 жылы Орта Азиядан Моңғолияға оралуы жайында айта келіп, ол Бұқа Сижигу деген жерге келіп, Урду-и заррин-и бузург, яғни «Үлкен немесе Ұлы Алтын Орданы тігуге» бұйрық бергені айтылады. Оның құрамына көптеген ұлыстар мен тайпалар кірген. Орданың бөренелері алтыннан жасалып, оның ішіне мың адам еркін сыйып кеткен деседі.
Тарих деректерде, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы қайтқанда, таққа мұрагерлік жолмен оның ұлы Батый отырады. Міне, осы жылдардан бастап, ол мемлекет аумағын кеңейтіп, 7 жыл бойы жорыққа шығып, московиттерді (орыс), Еділ болғарларын, Солтүстік Кавказды басып алды, содан кейін Польшаны, Венгрияны, Чехияны, Молдавияны, Валахияны, Трансильванияны бағындырады. Батый 1243 жылы Алтайдан Дунайға дейінгі орасан зор аймаққа билігін жүргізіп, аталған елдерді қарамағына қаратып, әлденеше ұлыстардан құрылған мемлекетті «Ұлы Ұлыс» деп атаған. Оның бұлай аталуы көшпенді жұрттың рулық-тайпалық құрылымына байланысты. Өйткені рулардың бірігуі тайпаны құраса, тайпалардың одағы бектікті, бектіктер, хандықты құраған, бірнеше хандықтан қағандық құрылым жасалған. Ал қағандықтар ұлысты құраған. Бұл осынау ұлы далада қай заманнан бері қалыптасқан жүйе еді. Міне, осыдан бастап Ұлы Ұлыс ыдырағанға дейін екі ғасыр бойы осынау ұлы даладағы көшпенді түркілердің империясы Ұлы Ұлыс деп аталып келген. Сөйтіп, Батыйдан бастап, оның ең соңғы әміршісі Тоқтамысқа дейін өздерін осы Ұлы Ұлыстың билеушілеріміз деп атаған. Мәселен, Тоқтамыстың Литва королі Витовитке жазған хатында өзін «Ұлы Ұлыстың билеушісі Тоқтамыс баһадүр-хан» деп атаған. Ал енді сырт адамдардың қағандықты Алтын Орда деп атауы орданың уықтарының алтынмен апталғанына байланысты екенін де мәлім.
Ал енді Ұлы Ұлыс империясы ыдырағаннан кейін, оның орнында пайда болған Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай Ордасы, Қазан хандығы сияқты жеке хандықтардың бірінен – Ақ Ордадан 1456 жылы Жәнібек пен Керей бастаған қазақ хандығы бөлініп шыққаны тарихтан белгілі. Дегенмен белгілі ғалым Зардыхан Қиянатұлы Қазақ мемлекеттігі одан да бұрын, Ақ Орда хандығынан басталады дейді. Өйткені Ақ Орда халқының негізгі бөлігін қазіргі қазақ ұлтын құрамындағы байырғы тайпалар (Үйсін, Қаңлы, Дулат,Арғын, Қыпшақ, Найман, Жалайыр...) құрады. Жошы ханның ұлы Орда Еженнің жетінші ұрпағы Орыс хан Ақ Орданың шаңырағын көтерген алғашқы дербес билеушісі, қазақ хандарының атасы (Қазақ мемлекетінің алғашқы ханы) болып танылады деп көптен бері айтып жүр. Жалпы, кешегі Кенесары ханға дейінгі қазақ билеушілерінің бәрі Шыңғысханның тұңғыш ұлы – Жошы ханның ұрпағы екені белгілі.
Енді тарихи дереккөзге назар аударайық. Туса мыңжылдықтарда бір-ақ рет туатын кемеңгер қаған Шыңғысхан туралы күні бүгінгіге дейін мыңдаған шығармалар жазылды, кинолар қойылды. Бірақ білетін кісілердің айтуынша, соның бәрі негізінен бас-аяғы 20 шақты дереккөзге сүйеніп жасалған. Солардың ішінде әлемнің тарихшылар қауымы түгел мойындағын, ғылыми орта шынайылығына шәк келтірмеген санаулы түпнұсқаның бірі – «Джами ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы»). Авторы белгілі парсы тарихшысы және саяси қайраткері Рашид ад-Дин Фазлаллах ибн Имад ад-Даула Абу-л-Хайр Хамадани (1247-1318жж).
Рашид ад-Дин аталмыш еңбекті Газан ханның тапсырысы бойынша 1300 жылы бастап, тек 1310-11 жылдары ғана аяқтаған. «Джами ат-тауарихтың» маңыздылығы сол – ол Шыңғысхан қайтыс болған соң 67 жылдан кейін, жылнамада баяндалған тарихи оқиғалар өткен жерлер мен оған қатысты адамдардың көзі тірісінде, куәгерлердің айтуы бойынша, күні кеше ғана өткен тарихи оқиғалар ұмытылмай тұрған кезде жазылғандығында. Аталмыш еңбек Рашид ад-Дин хандар ордасында сақталатын моңғолдың ресми жылнамасына, сондай-ақ халық аңыздарына сүйеніп жазған. Қазақ үшін бұл кітап XIII-XIV ғасырларда өмір сүрген түркі-моңғол тайпаларының қоғамдық құрылысы, олардың тұрмысы, діни сенімі, жекелеген тайпалардың саяси тарихы туралы аса құнды мәліметтер берілген. В.В. Бартольд Рашид ад-Диннің еңбегін аса жоғары бағалай келіп: «Мұндай тарихи энциклопедия орта ғасырларда әлемнің ешбір халықтарында, Азияда да, Еуропада да болған жоқ» деп бір сөзден түйіндеп берді. Ал И.П.Петрушевский: ««көшпенділердің этникалық байланыстарын, әлеуметтік өмірін, тұрмысын, құқықтары мен аңыздарын Рашид ад-диннің кереметтей толыққанды және дәлдікпен суреттегені сондай, біз мұндай қолжазбаларды моңғолдың да, қытайдың да, әйтпесе басқа бір халықтардың да ешбір дерекөздерінен таба алмаймыз» [Рашид ад-Дин 1952: 27] (Рашид ад-Дин Фазлаллах Хамадани. Сборник летописей. Т.1, Кн. 1, Перевод с персидского А. Хетагурова, Редакция и примечания А.А. Семенова, М.-Л., 1952) – дей келіп, ойын әрі қарай былай деп өрбітеді: «Шыңғысхан державасының құрылуы және моңғол халқының қалыптасу тарихын зерттеу үшін «Алтан дептер»(«Алтын дәптер») дереккөзі және қытай тарихы мен моңғолдың ескілікті әңгімелеріне сүйене отырып жазылған «Джами ат-тауарих» жылнамасы «Құпия аңыздан» («Сокровенное сказание») да құнды, әрі негізгі түпнұсқалық болып табылады» дейді (Рашид ад-Дин 1952: 30).
Енді сонау Сақтар дәуірінен бастап күні кешегі Алтын Орда заманына дейінгі аралықта ат тұяғы жеткен жерге түгел билігін жүргізген түркі бабаларымыздың қалай «моңғол» атанып кеткендігіне келейік. «Джами ат-тауарихтың» бірінші томының 2-бөлімінде түркі деп жалайыр, керейт, найман, бекірін, қырғыз, қарлық, қыпшақ, бекріт, сүніт, ойрат, татар, меркіт, кұрлауыт, тарғыт, ойрат,барғыт, көрі , тулас, тұмат, бұлағашын, кэрэмшын, ұрасұт, төленгіт, күштемі, орман ұранқат, құрқан, сақаит тайпаларын атаған. Парсылық тарихшы түркі тайпаларының «жекелей алғанда өз көсемі, өз хандары болды» дейді (Рашид ад-Дин 1952: 126-151). Рашид ад-Дин ол тайпаларды қазір моңғол деп атайды деп жазады. Оқыңыз: «олардың (моңғолдардың) күш-қуатының әсерінен бұл аумақтағы басқа тайпалар да солардың атауымен аталады, сондықтан түркілердің көпшілігі өздерін моңғол деп атайды. Өйткені мұның алдында татар тайпасының күші басым болып еді, барлық тайпалар татар атанды, бұл сол сияқты» деп нақты көрсетеді (Рашид ад-Дин 1952: 77).
«Джами ат-тауарихтың» бірінші томның 4-бөлімінде Рашид ад-Дин түбі түркілік нирун тайпасы туралы қызықты дерек келтіреді. Тарихшы «нирун» деп Шыңғысханмен бір атадан туған, Аланқұбаның ұлдарының ұрпақтарынан тараған, қаны таза бір қауым түркі тайпаларын атайды. Олар – қатаған, салжуыт, тайжуыт, хартақан ,сижуыт, чинас, нуякин, үріт , манғыт, дурбан, баарин, барулас, хадарқын, жұрат, будат, дуклат, йисут, сукан, күнқият (Рашид ад-Дин 1952: 152-197).
...Баршаға мәлім Ұлы Ұлыс мемлекеті Ұлы Түрік қағанаты құлағаннан кейін оның атажұртына орнағаны белгілі. Ресейдің атақты тарихшысы Мұрад Аджи Шыңғысхан өз түркілерін жауласып жүрген батыс түріктерінен айыру үшін «моңғол» атады десе, қарағандылық тарихшы Мырзабек Қарғабаевтың жорамалы одан да дәлелдірек шығады. Ол Шыңғысханның «мың қолдық» жеке жасағы болғанын, оған тек би-сұлтандардың, атақты адамдардың балалары, әйтпесе ұрыста ерекше ерлік көрсеткен сарбаздар ғана іріктеліп алынатындығын айтты. Әрине, әлем әміршісінің жеке жасағында болу кім-кімге де мәртебе. Сондықтан Шыңғысханның түркілері мақтан үшін өздерін «мың қол» атап кеткен, ол бара-бара «моңғол», «моғол» атауына айналған деген тұжырым жасайды. Айтпақшы, атақты түркітанушы Лев Гумилевтің де «түркілер өздерін мақтан үшін моңғол атандырған деген» пікірі бар. Қалай дегенменде, жоғарыдағы ғалымдардың қай-қайсы да «моңғолдардың» о баста түркіліктер болғанын растап тұр. Сондықтан Кеңестер заманында орыстың идеологиясымен «моңғол» атанып кеткен Шыңғысханға енді өзінің түркілік тегін қайтарып беретін кез келді.
«Джами ат-тауарихта» Шыңғысханның үлкен қатыны Бөртеде төрт ұл, бес қыз болғандығы жазылған. Рашид ад-Дин Дешті-Қыпшақтың барлық хандары мен ханзадалары Жошының тұқымынан тарайтыны айтылады. Және Жошының 14 ұлының және олардың атақты ұрпақтарының есімдері аталады.
Шыңғысханның ата тегіне, соның ішінде Жошының ұрпақтарының таралуына арналған «Му’изз ал-ансаб фи шаджарат салатин могул» («Моғол султандарының ата-тегін тарату кітабы») деп аталатын тағы бір шығарма 1426 жылы Әмір Темірдің ұрпағы Шахрух сұлтанның тапсырысы бойынша жазылыпты. Авторы беймәлім. Бірақ белгілі шығыстанушы өзбек Б.Ахметовтің пікірінше, аталған жылнама Хафиз-и Абрудың қолынан шыққан болуы керек. Аталмыш еңбектің біз үшін қызығушылық тудыратын тұсы – мұнда Шыңғысханның мыңнан астам, Темірдің жүзден астам ұрпақтары туралы қысқаша деректер келтіріледі. Бізге керегі – Жошы.
«Му’изз ал-ансаб фи шаджарат салатин могулда» Жошының сегіз әйелінің есімі аталған: «1) Никтеміш, Онг ханның ағасы Жакембінің қызы ; 2) Саркаду қатын, қоңырат тайпасынан, Жошы хан әйелдерінің ішіндегі ең үлкені, одан тұңғыштары Орда туған; 3) Сұлтан қатын, Берке, Беркесары және Бураның шешелері; 4) Кұтлық қатын, барғыт тайпасынан, Чимпайдың шешесі; 5) Күйкі қатын, керейіт тайпасынан, Таңғыттың шешесі; 6) Үкі, Аңшы ноянның қызы, қоңырат тайпасынан, Батудың шешесі; 7) Несер – Шибан мен Шылағұнның шешесі; 8) Фарис – Шинқұм мен Шинқұрдың шешесі.
Кітапта одан басқа былай дейді: «Жошы ханның әйелдері көп болған, бірақ аса құрметке ие болғандары осы аты аталғандар. Күңдерінің санына, тіпті жетіп болмайды, олардың ішіндегі есімі белгілері Қаражын қатын, Бұғалдың шешесі; Кағри қатын, меркіт тайпасынан, Тоқа-Темірдің шешесі» [СМИЗО 1941: 40-41] (Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Т.2. Извлечения из персидских сочинений, собранные В.Г. Тизенгаузеном и обработанные А.А. Ромаскевичем и С.Л. Волиным, М.-Л., 1941).
«Му’изз ал-ансаб» Жошының 18 ұлының аты аталады: Орда, Бату, Берке, Беркесары, Шибан, Таңғыт, Бұғал, Шылағұн, Шинқұр, Чимпай, Мұхаммед, Удур, Тоқа-Темір, Синқұм, Есен, Бура, Хугачи және Құбадүр. Кітап авторы «Орданы Ишен деп те атаған, ол Есен інісі екеуі бір шешеден туған, Орданың үш үлкен әйелі болған, олардың бәрі қоңырат тайпасынан» [СМИЗО 1941: 41].
Батуға арналған кестеде «Му’изз ал-ансаб» авторы: «Бату 1253 жылы Итиль өзенінің жағалауында 47 жасында қайтыс болды» дейді [СМИЗО 1941: 48]. Бұл деректі Рашид ад-Дин жазбалары да растайды: «Бату қайтыс болғаннан кейін билікке тақ мұрагері оның ұлы Сартақ келеді. Сартақ сол 1253 жылы қаза тауып, енді ағасының орнына Батудың төртінші ұлы Ұлағшы жайғасады.Ұлағшы да бір жылдың айналасында мерт болып, 1255 жылы тақты Берке хан иеленеді». «Му’изз ал-ансаб» авторы Батудың немересі, Тоқанның ұлы «Мұнға-Темір әкесінің ағасы Берке хан қайтыс болғаннан кейін билікке 1266 жылы келіп, 16 жыл бойы ел басқарды. Одан кейін таққа 1282 жылы інісі Туда-Мұнға отырды» [СМИЗО 1941: 49].
...Жошы жұрағатының ата-тегін тарату жазбасы Өзбек хан келген тұсында мынандай қосымша бар: «Өзбек хан немере ағасы Тоқты өлгеннен кейін 1313 жылы Жошы ұлысының билігіне келді» [СМИЗО 1941: 51] ...Жәнібек ханның ұлы Бердібек туралы былай делінген: «Бердібек билікке әкесі өлген соң1356 жылы келді де, таққа таласады деген күдікпен өзімен бір туған Дешті-Қыпшақтың ханзадаларының көпшілігін қырып тастады» [СМИЗО 1941: 52]. Содан да бір туған бауырларын түгелдей қырып тастаған Бердібектің қанышерлігі туралы естелік әлі күнге дейін ел жадында сақталған.
Ата таратуды осымен тоқтата тұрайық. Қазақ арасында Шыңғысханның түркілік тамырын (қазақ демей-ақ қояйын-авт.) айқындайтын керемет бір аңыз бар. Оны еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін біледі. Бірақ жұртымыздың аңыз түбі шындық екеніне мән бере бермейтіні өкінішті. 60-70 жылдары академик Әлкей Марғұлан бастаған бір топ қазақ ғалымдары Ұлытаудағы Жошы кесенесін ашқанда, онда жатқан мүрденің тура «Ақсақ құлан» аңызында айтылғандай,
бір қолсыз жерленгенін көрген (Жошының қолын құлан шайнап тастаған-авт.). Кесенеге Жошының сүйегін жағалай оның ұлысына қарайтын 26 тайпаның таңбалары бірге қойылыпты. Қазақ ғалымдары осы 26 таңбаның бәрі бүгінгі қазақ руларына тиесілі белгілер екенін, оның ішінде қазіргі моңғол ұлтына жататын рулардың бірде-біреуінің белгісі жоқ екенін айтады. Яғни, тек ол кезде қазақ деген атау болмады демесең, Жошы ұлысын бірыңғай бүгінгі қазақ тайпалары құраған. Ал енді Кетбұқа батырдың Жошының өлгенін Шыңғысханға «Ақсақ құланды» тартып естіртетіні естеріңізде шығар? Сонда «моңғол» Шыңғысханның күйді қазақтан әрмен түсініп, қайғыдан «аһ» ұрып қапалатыны ше? Шыңғысханды сонда да моңғол дейміз бе? Әлде ол кездің моңғолдары да домбыра тартқан дейміз бе?!
Сөз соңында оқырманға түсінікті болу үшін мынаны айтсақ та жеткілікті: бүгінгі түріктер кешегі көшпенділердің жалпыға ортақ «түркілер», «көк түріктер» деген атауын иеленіп, Түркия мемлекеті атанғаны сияқты, бүгінгі Моңғолия да бір кездердегі Ұлы Ұлыс империясының атажұртында, Шыңғысхан өлгеннен кейін тек 2 ғасыр өткен соң ғана «моңғол» атауын алып құрылған мемлекет екенін еске саламыз. Ал, осынау Ұлы Далада сонау Сақ замандарынан бері бүгінге дейін ұрпақтар сабақтастығы, бабалар жалғастығы үзілмеген, ата тек тумысы ажырамаған қазақтар, орыс тарихшыларын тыңдасаң, моңғолға да, түркіге де қатысы жоқ, тек 15 ғасырда аяғы көктен салбырап түскен «жұмбақ халық» болады да шыға келеді...
Дәулет АСАУ
Пікірлер (0)