«Ақсәулем» әнінің авторы 75 жасқа толды

Сұхбат
view 1651
news

Таныс та бейтаныс әнші компазитор Амангелді Ыдырысов 75 жасқа толып отыр. «Ай-ай-ай-ай-ай, ай-ай-ай-ай-ай, Ақсәулем, Мен де сенің жақсы әнің болайын...». Бұл өлең жолдарын білмейтін аға буын өкілдері жоқ шығар, сірә. Тоқсаныншы жылдардың тойлары осы әнсіз өтпейтін. Әнші Өктем Алтаевтың орындауындағы осы ән қалада да, далада да жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Әлі күнге «Ақсәулемнің» әуені ойнаса, ата-апаларымыздың кеуде жағы терең күрсінгенін аңғару қиын емес. Өткен шаққа деген сағыныш болар. Аалай жүректерді махаббат бесігінде тербеген осы әннің авторы кім? Қалың көпшілік «көше әні» атандырған бұл өлеңнің әнін жазған Амангелді Ыдырысов болса, сөзін Серік Мұхтаров жазған еді. Екі азамат та Павлодар облысы Май ауданының тумасы екен. «Бұл ән 1971 жылдың қаңтар айында шықты. Жергілікті ақын Серік Мұхтаров «Ақсәулем» деген сөз жаздым, соған ән шығарып берші» деп өлеңді алып келіпті. Содан бір түннің ішінде «Ақсәулемді» шығардық. Арада бір апта өткеннен кейін Лебяжі ауданында облыстық көркемөнерпаздар байқауы өтті. Біздің Май ауданының ұжымы осы жаңадан шыққан «Ақсәулем» мен «Мой Павлодар» деген менің екі әніммен барды. Біздің ансамбльге қарағанда Екібастұздан келген ұжым мықтырақ болды да, олар Алматыға осы менің екі әнімді алып кетті. Ал бұл әннің таралып, кейін көше әніне айналуының өзі – бір тарих. Менімен бірге ауданда Арқалық деген жігіт істеді. Өзі – әнші, гитара, домбыраның құлағында ойнайтын. Мен 1972 жылы Павлодарға кеттім де, Арқалық Семейдің Зоовет институтына оқуға кетеді. Сол жақта «Қарагөз» ансамблінде жүріп, осы әнді орындайды. Содан бұл өлең Семей жастарының арасында қатты танымалдылыққа ие болыпты. Артынан күллі республикаға тарады. Көше әні секілді тарағаннан кейін сөзіне де, әніне де біраз өзгерістер еніпті. Кейіннен «осы әннің авторы мен едім» деп кеуде керіп, ешкімнің алдына бармадым. Мені де ешкім іздеп келмеді. Бірақ бертін келе осы әнді орындайтын Өктем Алтаев: «Осы әннің авторын таба алмай жүрмін. Білетіндер болса хабарлассын», – депті. Халық әні, көше әні болып та айтылып жүрді. Бірақ кейін Өктем Алтаев тауып авторларын енгізді», – дейді сазгер Амангелді Ыдырысов. Кейін Амангелді Ыдырысовтың әніне, Серік Мұхтаровтың сөзіне жазылған «Махаббат мәңгі» атты өлеңді «Жеңеше-ай» триосының қабылдауында жұртшылық жылы қабылдады. Өткен жылы Salem Social Media youtube жобасы түсірген «Сержан братан» сериялы фильмінің көркін ашқан да осы «Ақсәулем» әні болатын. Қазір Амангелді Ыдырысов Қосшы қаласындағы «Атамұра» ансамблінің құрамында өнер көрсетеді. Композитордың мерейтойына орай арнайы кездесіп аз-кем әңгімеге тартқан едік. – «Ақсәулем» әніңізді көпшілік жылы қабылдады. Естуімізше, бұл әннің алғашқы нұсқасы өзгешелеу болған екен. – Бұл әннің алғашқы нұсқасы қазіргіден гөрі лирикалық стильде болды. Өктем Алтаев бауырым өңдеген нұсқасы біршама ойнақы болып шықты. Және  сөзін де өзгерткен екен. Бірақ өзіңіз білесіз, авторлық болсын, халық әні болсын оның бірнеше нұсқасы бола береді. Халық өз ұнатқанын алады ғой. – Әнді өңдеп шығарған Өктем Алтаевқа өкпеңіз бар ма? – Кезінде әнімді бұзып орындады, авторлығын көрсетпеді деген секілді аздаған өкпе болды. Кейін Өктем бауырым өзі мені тауып алып, хабарласты. Авторлығын қосты. Қандай жағдай болған күннің өзінде бұл әнді сол Өктем Алтаев қалыққа кең танытты сондықтан қазір алғыстан басқа айтарым жоқ. – Ақсәуле кім еді? Ол кісі қайда? – Ақсәуле  бертінге дейін Павлодарда тұратын. Кейін мен қалаға кетіп қалғаннан кейін хабарым жоқ. Жалпы ол кісіге менің қатысым жоқ десе де болады. Өйткені Ақсәуле апаларыңа ғашық болған Серік Мұхтаров еді. Бірақ Ақсәуле сол әнді Серіктің өзіне арнап шығарғанын  біліпті. Серік өткен жылы қайтыс болды. Жалпы ол кісі бұл әннің шығуы жөнінде қатты ашып айтпады. – Осындай кең танылған ән шығарған композиторда бір ғана ән болу мүмкін емес қой. Қанша авторлық әніңіз бар? – Иә, бұдан өзге де әндерім бар. Бір кітап қылып шығардым. Жиыны 52 ән болды. Соның 20-ға жуығының сөзін ақын Серік Мұхтаров жазған. Ал басқа әндердің көбі өзім сүйіп оқитын өлеңдерге шығарылды. Мәселен, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Жұмабике Байтанаева және Мариям Хакімжанованың сөздеріне жазылған. Мен ақындардың жақсы сөздерін оқып алып, толғанып жүрем де, ән жазып қоямын. Олардың бәрі бүгін шықпаса да, кейін жарыққа шығар. Әйтеуір бәрін нотаға түсірдім. – Консервотория бітірдіңіз бе? – Консерваторияда оқыған жоқпын. Музыкалық білімім – 4 кластық музыкалық училище ғана. 10 сыныпты бітіргіннен кейін жоғарғы оқуға түсе алмай, музыкалық училищеге тапсырдым. 2-курсты бітіргенде мені әскерге алып кетті. Училище директоры «бұл баланы алып қалыңдар, оның қабілеті бар» деп мені әскерге жібермеуге тырысты. Бірақ оған көнген ешкім болмады. Сөйтіп Балтық теңізінде әскери борышымды өтеп қайттым. Онда жүргенде де талай әндер шығардым. Көп әнімді әскерлер бірден жаттап алатын еді. Анам 14 құрсақ көтерген. Ең үлкені – мен. Сондықтан барлығына мен жауапты болдым. Бауырларыма қарайласып жүріп, училищені тәмәмдау оңай болған жоқ. Бітіруге 4 ай қалған кезде бір жағдай болып, компартиядан да, училищеден де шығып қалдым.  Содан ауылға кетіп қалдым. Ауылда домбыра, қобыз жасайтын Шәкен Рақышев деген шебер болатын. Үйренгендерімді пайдаланып, «Дарын» деген клуб  ашып, сонда жұмыс істедім. Қызым Әзиза қобызда ойнады. Ауылдағы үйімде бүкіл инструменттер бар, бәрі де қазір сонда. – Қосшы қаласында қашаннан бері тұрасыз? – 2019 жылы көшіп келдім. «Ауылда қала бересіздер ме?» деп балаларым осында көшіріп алды. Үш балам бар, үшеуі де осында. – Қазір немен айналысып жүрсіз? – Өзім зейнеттемін. Бұрын өнердің арқасында көп жүрген бізге үйде отыра беру ауыр. СОндықтан қазір Қосшы қаласындағы «Атамұра» ансамблінде өнер көрсетемін. Демалыс күндері Қосшыдағы Нұра  өзенінен балық, аулап сейіл құрып тұратыным бар. Дәулет Түсіпов, ҚР Қарулы күштері ардагері, әнші, термеші,  «Атамұра» ансамблінің жетекшісі: «Атамұра» ансамбліне тағы да ақсақалдар керек Қосшы қаласында «Атамұра» ансамблі құрылғалы біраз болды. Оның құрамындағы өнерпаздардың бәрі – зейнеттегі ақсақалдар. Бұрын мәдениет саласында көп жыл қызмет істеген өнерлі адамдар бар. Соның бірі, міне, 75 жасқа толып отырған Амангелді Ыдырысов ақсақалымыз. Ол кісіге мол денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз ансамбл атынан. Өткен аптада арнайы бас қосып мерейтойын атап өттік. Ақын Кәдірхан Қизатұлы сазгер Амангелді Ыдырысовқа жүрекжарды арнауын оқыды. Ал мұндай зейнеттегі адамдардың басын қосып, ансамблдың құрылуына ең бірінші Қосшы қаласы әкімшілігінің еңбегі зор. Ондағы іні-қарындастарымызға айтар алғысымыз көп. Әйткенмен қазір ансамблімізге аспаптар және концерттік киімдер керек. Сонымен бірге ансамблдің құрамына тағы да музыкалық білімі бар 5 адам керек. Осы орайды пайдаланып, Қосшы қаласының тұрғындаына құлаққағыс қыла кеткім келеді. Бұйырса алдағы 1 қазан – Қариялар күніне орай мәдени іс-шара өткізсек деп жоспарлап отырмыз.  

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *