Қосшылықтардың таңдауы – Aqmol_jihaz цехының өнімдері

Сұхбат
view 148
news

«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы мен орта және шағын бизнесті дамыту бағдарламасы аясында Қосшы қаласындағы кәсіпкерлер арасында өтетін «Жылдың үздік кәсіпкері» қалалық байқауы жалғасуда. Байқауды ұйымдастырушы – Қосшы қаласының әкімдігі және Jańa bastau газеті екенін естеріңізге тағы да сала кетеміз. Оған Қосшы қаласының кәсіпкерлері қатыса алады. Газетіміздің бүгінгі санында белгілі кәсіпкер, Қосшы қаласындағы Aqmol_jihaz цехының иесі Нұрдәулет Мұсабековтің жиһаз кәсібі туралы газет тілшісі зерттеп көрген еді. Кез келген үйді, мекемені, кеңсені жиһазсыз елестету мүмкін емес. Жиһаз – үйдің көркі. Белгілі бір жинақылықтың сақталуына, реттіліктің болуына әкелетін де осы жиһаз.  Қарапайым тақтайдың қиюын келістіріп, әдемі дүние етіп шығару да оңай іс емес. Ол да өнер. Осы саланың майданында жүргендерді танимыз ба? Пандемияға байланысты кәсіпкерлерге салықтық түсімдерін шегеру, арендалық төлемнен босату сынды мемлекеттік қолдаулар жасалған. Сонда да ішкі нарықта даярланып, сатылатын жиһаз өнімінің көлемі 40%-дан аспайды. Жиһаздың көбі сырттан тасылады. Осы саланы дамытуға атсалысып жүрген азаматтардың ісін ерлік деуге де болады. Хакім Абайдың 33-қарасөзінде: «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» дегені бар. Сондай ерлік жасап жүрген «әулиенің» бірі – Қосшы қаласының белді кәсіпкер азаматы Нұрдәулет Мұсабеков. Оның жиһаз жасаумен айналысқанына 15 жыл болыпты. Тек 2019 жылы цех ашуға тәуекел жасап, бел шеше кіріскен. Қазіргі жиһаз цехының атауы – «Aqmol_jihaz». Ол 12 адамды жұмыспен қамтып, жиһаздың сан түрін шығарып отыр. Нұрдәулет Мұсабеков жиһаз жасаудың алғашқы әліппесін мектеп кезінде жүріп-ақ үйренген. Жиһаз жасау өнерін меңгерген соң, осы кәсіпке кірісе бастаған.  Кез келген істің басы небір қиындықтармен басталатыны сөзсіз. Нұрдәулет сапалы жиһаз жасап ондай кедергілерің бәрінен сүрінбей өткен. Кәсіпкердің айтуынша мұндайдан құтқаратын нәрсе сапа және жауапкершілік дейді. «Біз халықтың тапсырысын орындаймыз. Біздің цех үшін ең басты мәселе – халық көңілінен шығу. Қазір құрылыс материалдар қымбат. Сол үшін біз жиһаздардың бағасын да көтеруге мұқтаж болып отырмыз. Бірақ халықтың қалтасын ойлаймыз. Өгіз де өлмейтіндей, арба да сынбайтындай амал жасап бағамыз», – дейді цех басшысы. 2022 жылдың  қорытындысы бойынша жиһаз өнімдерінің өндіріс көлемі 16,4 млрд теңгені құраған. Нақтырақ айтқанда, қаңқасы металдан жасалған отыруға арналған жиһаз өндірісі 6%-ға, кеңсеге арналған ағаштан жасалған жиһаз 30,4%-ға, ас үй жиһазы 33,5%-ға, сондай-ақ жатын бөлмеге арналған ағаштан жасалған жиһаздар өндірісі 2,2%-ға артқан. «Бұл кәсіпті 3 рет бастап, 3 рет банкрот болдым. 4-ші рет бастаған кезімде ғана ісім өрге домалады. Ең бастысы – ерік-жігер. Қазір Астана мен Қосшы қаласын жиһазбен қамтып отырмыз. Жиһаздарымыз жалпы Ақмола көлеміне таралады. Әйткенмен, тұтынушылардың көп бөлігі Қосшы қаласында», – дейді Нұрдәулет Мұсабеков. Қосшы қаласында жиһаз өндірісі қарыштап дамып келеді. Осы салада жаңа кәсіпорындар ашылып, өндіріс ошақтарының отандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі де артып жатыр. Жалпы, елімізде тұрғын үй құрылысы жылдан жылға белсенді жүргізілуіне байланысты жиһаз өнімдеріне деген сұраныс та жоғары болып отыр. Осы ретте, Нұрдәулет Мұсабеков жүргізіп отырған «Aqmol_jihaz» цехының орны ерекше екенін айта кеткен жөн. Өйткені, бұл – тұтынушылар сұранысы.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *