Көпшіліктің көңілінен шыққан – «Қосшы нан»
Сұхбат
420
«Қазақта нан бар жерде ән бар» дейді. Адам тіршілігінің күнделікті тірегіне айналған ас атасы – нансыз адам өмірін елестету қиын. Заман өзгерген сайын адам баласының тамақтану ауқымы кеңейді, мәзірі байи түсті. Алайда нанның орны бір төбе. Тіпті, қазақта оның киесін арттырып жіберетіні сонша: «Құранды басып, нанды ал» дейді ғой. Оның бәрі сонау қиын-қыстау заманда «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген заманнан қалды деп түсіну – ас қадірін білмегендік болар.
Осыған орай, газетіміздің тілшілері Қосшы қаласындағы тұрғындар мен дүкендерден қандай наубайхананың өнімін тұтынатынын және қай наубайхананың өнімі өтімді екенін сұрап, сауалнама жүргізіп көрген едік.
Олардың 80 проценттінен көбі Қосшы қаласында жасалатын «Қосшы нан» наубайханасының өнімі өтімді әрі сапалы екенін айтады. Ал кейбірі Астана қаласынан тасымалдайтын көрінеді. Одан бөлек, «Қосшы нан» наубайханасының өнімдерін Қосшыда тарату тиімді екен. Осылайша, Қосшы жұртшылығының көңілінен шыққан наубайханаға хабарласып, жұмыстарымен танысып қайттық.
Тасы өрге домалаған наубайхананың директоры Елғаділ Сейілұлын сөзге тартқан едік. Еңбекке ерте араласқан ол нанның қадірін бала кезден бағалай біліп, наубайхана ашуды жөн көрген екен.
«Бұл – менің атакәсібім. Әуелі нан жабуды әжемнен үйренгем. Қосшыдағы «Қосшы нан» наубайханасы 2010 жылы ашылды. Содан бері 12 жыл Целиноград ауданының аумағын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп келеміз. Пандемияға дейін қарамағымда қырықтан астам адам істейтін, бүгінде 20 шақты адам жұмыс істейді. Өйткені, қазір бұрынғыдай қолмен істейтін жұмыстың көбін арнайы техникалар атқарады», – дейді Елғаділ Әбжал.
Елғаділ Сейілұлының айтуынша, «Қосшы нан» өнімдері Қабанбай батыр, Қоянды, Тайтөбе, Қараөткел, Рақымжан Отарбаев, Қызылсуат, Қызылжар, Софиевка ауылдары, яғни Целиноград ауданына қарасты барлық ауылдарға және Қосшы қаласы мен Астанаға дейін таралады. Наубайхана бір күнде екі ауысыммен 15-16 сағат жұмыс істейді. Бір күнде 15-16 мың нан шығады. Қазір наубайхананың табысы айтарлықтай көп емес, тек өз шығынын жабады екен. «Алайда бұл – менің кәсібім, мұны тоқтатқым келмейді, ас атасы бар жерде береке де бар», – дейді ол.
Өндірісі өркендеген наубайханада күніне бөлке нан, тәтті тоқаш, басқа да ұннан жасалған өнімдерді пісіреді. Жаңа піскен түрінде өткізу үшін түнде пісіріп, ертеңінде қаланың сауда нүктелерінің сөрелеріне түседі. Сонымен қатар қайырымдылық шаралары да ұйымдастырылып, медреселерге тегін нан тапсырылады.
«Қазір Қосшы қала болды. Қосшы ауыл болған кезбен салыстырғанда, әрине, айырмашылығы көп. Қала статусына ие болғаннан кейін бизнеске деген сенім пайда болды. Өйткені, шаһарымыздың болашағы зор деп ойлаймын. Жаңа әкімшілік те бізге ден қоя бастады. Қазір әкімшілік бізге арзан бағамен ұн береді. Соған орай әлеуметтік нан өнімдерін шығарып, дүкендерге 95 теңгемен қойып отырмыз», – дейді кәсіпкер.
Пікірлер (0)