«Aruzhan Plaza» – Қосшылықтардың қуанышының куәсі
Сұхбат
1383
«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы мен орта және шағын бизнесті дамыту бағдарламасы аясында Қосшы қаласындағы кәсіпкерлер арасында өтетін «Жылдың үздік кәсіпкері» қалалық байқауы жалғасуда. Байқауды ұйымдастырушы – Қосшы қаласының әкімдігі және Jańa bastau газеті екенін естеріңізге тағы да сала кетеміз. Оған Қосшы қаласының кәсіпкерлері қатыса алады. Газетіміздің бүгінгі санында мейрамхана бизнесін зерттеп, сауалнама жүргізіп көрдік. Қосшылықтардың көбі той-қуаныштарында «Aruzhan Plaza» мейрамханасын таңдайтынын айтады. Осыған орай, Қосшы қаласындағы «Aruzhan Plaza» тойхананың иесі Дидар Кәкімжановты әңгімеге тартып, мейрамхана бизнесі туралы сөйлескен едік.
«Той – Тәңірдің қазынасы». Ұлтымыздың қаймағы бұзылмаған салты, сән-салтанатымен өткізілетін тойынан Қосшы қаласы да кенде емес. Мұнда той өткізем десеңіз, әулеті келіскен тойханалар бар. Солардың бірі әрі бірегейі – «Aruzhan Plaza» мейрамханасы. Жақсылықтың жаршысы болып жүрген бұл мейрамхананың сәулеті келіскен, қазақтың салт-дәстүріне сай талай ағайынды қуанышқа бөлеп жүр. Мұнда той өткізумен қатар, қаламыздағы мәдени іс-шараларды өткізуге де қолайлы екені байқалады.
Хан сарайындай кең мейрамхананың иесі әрі кәсіпкер Дидар Бөлтірікұлының айтуынша, Қосшыда кәсіп бастау үшін мүмкіндік көп. Күннен күнге өсіп келе жатқан қалада бизнестің қай түрін ашсаң да сұраныс бар.
Кәсіпкер Қосшының осынау үлкен әлеуетін жақсы пайымдаған, жүйелі пайдаланған. Үлкен мейрамхана ашуға атакәсібі де ықпал етсе керек. Ол Қосшыда осы бизнестің осы түрі халыққа аса қажет екенін ерте байқайды. Себебі, Қосшы ауыл болған кезде бұл жерде тойханалардың саны аз, яғни халықтың сұранысын қамтамасыз екен.
Кәсіпкердің «Aruzhan Plaza» мейрамханасын ашқанына 1 жыл болыпты. Мейрамханада екі зал бар. Үлкен залда 300 адамға дейін орын болса, кіші залға 100-120 адам сияды. Қазір онда 10-12 адам жұмыс істейді. Банкет кезінде қосымша аспаз, даяшыларды шақыртады екен. Бұрын қаладан шақыртып жүрсе, енді тек қосшылықтар осы міндетті иіріп әкеткен. Мұнда банкет болған кезде 35-40 адамға дейін жұмыс істейді. Жұмысқа алған адамдардың бәріне әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Оның барлығы заңды түрде жүргізіледі.
«Әр адам өмірге бірден кәсіпкер болып келмейді. Әрине, нөлден бастауға болады. Бір жұмысты алып, соның артынан барлық күшіңді салу керек. Бұл тойхананы салуға да біраз күш кетті. Ұйықтамай жұмыс істеген күндер де болды. Салынбай тұрып, ойдағыдай шыға ма, шықпай ма деген күдіктер де болады ғой. Салып бітіру де бір уайым, одан ары қарай оны жүргізу де үлкен іс. Адам өзі үшін еңбек етіп, құрған жоспары бойынша жұмыс істесе, нәтиже көрсетсе, алға қойған мақсатына жетеді» – дейді кәсіпкер Дидар Бөлтірікұлы.
Кәсіпкер әрбір тойханада бар мәзір мұнда да барын айтып өтті. Ол осы бизнесте ең алдымен ас мәзіріне қатты мән береді екен. Әсіресе, ет жағына ерекше көңіл бөледі. Бүгінде жұрттың бәрінің салауатты өмір салтын ұстанып, келетін қонағына беретін тағамдарын, ас-суын талғаммен таңдайды. Бүгінде осы бизнес түріне ден қойғандар көп, сондықтан да бәсекелестік басым. Сондықтан ең алдымен ас мәзіріне, тазалыққа ден қою керек. Әрбір той иесінің және қонақтардың көңілінен шығып, рақметін алуға тырысып жүргенін айтады.
Дидар Кәкімжанов өзінің негізгі бизнесімен қатар қаламыздағы мәдени іс-шараларға да көмек-қолдау көрсетіп келеді. Әкімдік тарапынан өтініш болған кезде кәсіпкер кеңдік танытып, бас тартпайды екен. Мәселен, қаланың мәдени нысаны шағын болғандықтан, былтыр әкімдік қызметкерлері республикалық ақындар айтысты дәл осы мейрамханада өткізуді өтінген. Өзі де ұлттық өнерді жақсы көретін кәсіпкер бұл өтінішті жерге тастамай, қаладағы жыр додасының өз нысанында өтуіне рұқсат беріпті. Сонымен қатар «Қосшы аруы», балалардың «би байқауы» да аталмыш нысанда өткізілген. Осылайша жомарттық танытып жүрген ол «Мәдениет жанашыры» және тағы басқа да алғысхаттармен марапатталыпты.
Кәсіпкердің алға қойған мақсаттары, құрған жоспарлары да жоқ емес. Сол мақсаттарына жетуі үшін әлі талай әрекет етіп, еңбектену керектігін айтады.
«Адам ең бірінші адами қасиеттерге ие болу керек. Содан кейін тұрақтылық пен табандылықты өзіне ту етсе, кез келген мақсатқа жетуге болады. Адамның қолынан бәрі келеді. Тек көп еңбек ету керек. Біреуге жұмыс істесеңіз, өзіңіз білесіз, нақты бір уақытпен істейсіз. Ал өзіңізге жұмыс істегенде, күн-түн демей істейсің. Демалыссыз айлап та істейтін кездер болады. Бір белеске жеткенде, шаршағаныңды ұмытып та кетесің» – дейді кәсіпкер Дидар Кәкімжанов.
Нұрән ӘДІЛЕТ
Пікірлер (0)