Алматыда Асанәлі Әшімовті соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті
Фото: Stan.kz
Алматыда аңыз актер Асанәлі Әшімовті соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтіп жатыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Тезеңді батырдың...»: Тұңғышбай Жаманқұлов марқұм Асанәлі Әшімовпен ерекше қоштасты
«Аңыз тұлға»: Жұлдыз Әбдікәрімова Асанәлі Әшімов туралы айтты
Stan.kz-тің жазуынша, рәсім Алматыдағы Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында ұйымдастырылған. Жиынға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен қала әкімі Дархан Сатыбалды арнайы келді.
Құдайға шүкір, мақтанып айтатын, нар тұлғалы ағаларымыз осы залда да отыр. Асанәлі атамыз солардың алды болған еді. Өзі асқақ, ақсар еді. Өзі де ірі, сөзі де ірі, ісі де ірі болатын. Осындай нар тұлғалардан үлгі алып, біз де ірі болайық. Алып тұлғалардың лайықты жалғасы болайық. Бір болайық биік болайық. Асанәлі ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! – деді Ерлан Қарин.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Асанәлі Әшімовтің туыстарына көңіл айтты.
Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образдарды шебер сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Cахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады, – деп жазылған жеделхатта.
Еске салсақ, бұған дейін актер, Қазақ КСР Халық әртісі Асанәлі Әшімов дүниеден өткені туралы хабарлаған едік.
Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева актердің қазасына қатысты пікір білдіріп, көңіл білдірген болатын.
Пікірлер (0)