Алтын көпір – ақсақалдар

Қосшы жаңалықтары
view 587
news

Қазақ қоғамының «ақсақалдар» институты ерлік пен елдіктің бастауы болатын. Сол үрдіс бүгінде ұмыт қалған жоқ. Ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестік. Заңды тұлға ретінде ресми құқық берілмегенімен, олардың әлеуметтік, рухани өмірімізде атқаратын қызметі аз емес. Газетіміздің осы санында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабділбар Абақовпен аз-кем әңгімелескен едік. – Құрметті Қабділбар Көпжасарұлы, сіз төрағалық ететін Ардагерлер кеңесінің қоғамдағы орны қандай? – Ресми түрде «Ардагерлер ұйымы» деп аталғанымен, бұл қазақ қоғамы үшін жат ұғым емес. Бұрынғы «Ақсақалдар» институтының заңды мұрагері. Қазақтың ертедегі билік жүйесінің демократиялық құндылығы ретінде елдің қоғамдық, әлеуметтік, саяси мәселелерін реттейтін заңды құрылым. Елдің әлеуметтік, шаруашылық, экономикалық өміріне байланысты шешімдер шығарып отырған. Сонымен қатар Ақсақалдар кеңесі ертедегі сот жүйесінің бір саласы ретінде өз жұмысын жүргізген. Ақсақалдар кеңесі билік құрылымындағы төменгі дәреже болғанымен, салмағы, қамтитын ауқымы жағынан жоғары маңызға ие. Кейде кеңесте талқыланған мәселелер кеңес құрамындағы белгілі тұлғалар арқылы хан алдында айтылып, мемлекеттің дипломатиялық істеріне араласып отырды. Ай, Хан ием, мен айтпасам, білмейсің, Айтқаныма көнбейсің, – деп, хан алдына екпіндеп сөйлеген Асан қайғы секілді жыраулар сол институттың белді мүшесі деуге болады. Бүгінде бұл кеңестің аты мен заты өзгергенімен, әуелгі салмағын толықтай жоғалта қойған жоқ. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп термелейтін қазақ, өмірдің ыстығы мен суығын өткерген ақсақалдың өмір тәжірибесіне бас иіп, батасын алу дәстүрін әлі сақтап келеді. Бұл дәстүр жолға шығатын, іс бастайтын ауыл адамынан бастап, мемлекеттің жоғары дәрежелі басшыларына дейін айналып өтпейтін жол-жорасы. Қосшы қала мәртебесін алып, қала әкімі тағайындалғаннан кейін, Гайдар Қабдоллаұлы да бұл салттан жығылмай, ақсақалдармен кездесті. – Өзіңіз айтқан «Ақсақалдар кеңесінің» бүгінгі күнге жетуі, яғни «модернизациялануы» туралы не айтасыз? – «Ақсақалдар кеңесі» билік жүйесіндегі негізгі құрылым ретінде Қазан төңкерісіне дейін, яғни 1917 жылға дейін өз жұмысын әртүрлі деңгейде атқарып келді. Кеңес одағы орнағаннан кейін біраз уақыт бойы жұмысын ресми тоқтатқанымен, Алашорда париясының кеңестерінде аздап жалғасын тапты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Алматы қаласында панфиловшылар мен басқа да дивизиялардың ұйымы секілді шағын топтар жұмысын атқарған. Кейін соғыс ардагерлерінің кеңестік комитеті құрылды. Қазіргі ардагерлер кеңесі өткен ғасырдың сексенінші жылдары құрылды («Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі 1987 жылғы 21-наурызда құрылған – ред). Бұл туралы «Ардагерлер алдыңғы сапта» атты кітаптан оқыған едім. Ал енді құрылымдық өзгерісіне келсек, бұрынғы «Ақсақалдар кеңесінде» кеңес мүшелері ру басылары мен тайпа ақсақалдары немесе сол ру, тайпалардың беделді тұлғалары болса, кеңес одағы кезінде соғыс ардагерлерін негізге алды. Тәуелсіздік жылдары да сол үрдіс жалғасып, кеңес құрамына ұлы отан соғысы ардагерлері, тыл ардагерлері, кейіннен зейнетке шыққан лауазымды тұлғалар, мамандар, аузы дуалы ауыл ақсақалдары, қажылар кірді. Ресми жарғымызда ардагерлер ұйымының негізгі мақсаты ардагерлердің, зейнеткерлердің құқын қорғау, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту деп белгіленгенімен, міндеттері анағұрлым кең. Ардагерлер кеңесі қаламыздың әртүрлі әлеуметтік, саяси, экономикалық, мәдени шараларына қатысып, өз пікірімізді білдіреміз, шешімдерді қолдаймыз, келеңсіздіктерге қарсы шығып, оларды түзетуге атсалысамыз. Сұрағың «Ақсақалдар кеңесінің» модернизациялануы болды ғой. Жоғарыдағы айтқанымдай, әуелгі хандық жүйедегі кеңестің құрылымдық жүйесі мен миссиясы отарлық кезеңде өзгеріске ұшырағанымен, тәуелсіздік алғаннан кейін әуелгі мәнін қайта тапқан секілді. – «Ардагерлер ұйымының» қоғамдық бірлестік ретінде атқарып жатқан жұмыстары қандай? – Біздің атқарып жатқан жұмыстарымызды үш бағытқа бөлуге болады: алғашқысы, әрі маңыздысы, ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің жалпы ережелеріне сай зейнеткерлердің құқықтарын қорғау, олардың лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету. Арамызда ауру-сырқау, жалғыз басты адамдар бар. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері бар. Оларға қолдан келгенше көмектесіп, әлеуметтік пакеттер ұсынып отырмыз. Биыл да бұл үрдіс жалғасып, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін 7, 8, 9 мамыр күндері барып құттықтап, сый-құрмет көрсеттік. Қарттарымыздың мерейлі жастарымен құттықтап отырамыз. Бірнеше ақсақалымызға «Құрметті ардагер» төсбелгісін табыстадық. Алдағы уақытта да елімізге еңбегі сіңген аға буын өкіліне төсбелгі тағуды жоспарлап отырмыз. Біз әр жылы қарттар күнінде кемі жүз адамға дастархан жайып, ақсақалдар мен әжелерге сый-құрмет көрсетеміз. Наурыз мерекесі мен 8 наурызда осы үрдіс үнемі жалғасып отырады. Биылғы 8 наурызда «Аружан Плазада» дастархан жайдық. Сол күнгі шараның шығынын көтеріп, үлкен демеушілік жасаған аталған мейрамхананың иесі, іскер азамат Дидар Кәмімжановқа алғыс айтамыз. Сайра Әйтенқызы мен Шолпан Ғажайыпқызы ақжаулықты аналарға сый-сияпат тапсырды. Үнемі қолдап-қуаттап, қаржылай көмек көрсетіп отырған ол кісілерге де алғысымыз шексіз. Бұрынғы жылдары қарттарымызды санаторийларға, емдеу-сауықтыру орталықтарына жіберіп отыратынбыз. Олар үшін үлкен көмек еді. Бұған кететін қаржыны демеушілер көмегімен әкімдік көтеретін. Жыл сайын Целиноград ауданы бойынша 50 адам жіберілсе, ең үлкен округ ретінде 20 орын Қосшы қаласына берілетін. Пандемия басталғалы бұл үрдіс тоқтап қалған. Биылғы жылы эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. Қарттарымызды қолдау ретінде осы шараны қайтадан қолға алу мақсатында қала әкіміне өтініш айтқан едім. Қазірше қаржы мәселесі қолбайлау болып тоқтап тұр. Жұмысымыздың екінші бағыты: аға буын өкілдерін жастар тәрбиесі көбірек толғандырады, соның ішінде тіл мәселесі. Біз мектептерде, жиындарда осы мәселе туралы үнемі айтып келеміз. Жақында Р. Қошқарбаев атындағы №1 мектепте өткен ата-аналар жиналысында Ыбырай ақсақалмен бірге барып, ой-пікірлерімізді айттық. «Баланы жастан» дейді ғой. Бала тәрбиесінде отбасы мен мектеп қабырғасында мемлекеттік тілді дәріптеу, мәртебесін көтеру, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту жөнінде сөз сөйледік. Әжелеріміз мектептерге барып қыз балаларға әдеп-иба тәрбиесін жүргізеді. Жиналыстарда мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етіп, ана тілімізге құрметпен қарауды дәріптейміз. Сонымен қатар, қазір әлеуметтік мәселелердің біріне айналып отырған отбасы құндылықтарының сақталмауы. Ұлттық тәрбиенің әлсіреуі. Әсіресе жастар арасындағы ажырасу мәселесі. Қазірге қаншама отбасылық кикілжіңдерге басу айтып, ажырасуға бет алған жастардың отбасын сақтап қалуына мұрындық болдық. Жастарға патриоттық тәрбие беру, еңбекке баулу, ұлттық тәрбиенің үлгісін көрсету біздің назарымыздан тыс қалмайды. Біз атқарып отырған жұмыстардың үшінші бағыты – рухани құндылықтарымызды қолдау. Бұл бағытта біз ауқымды жұмыстар жасап келеміз. Жыл сайын Тәуелсіздік күніне орай дойбы, шахматтан жарыс өткізіп отырамыз. Жүлдегерлері облыстық жарыстарға дейін барып қатысты. Сонымен қатар, жыл сайын ақсақалдар арасында бата беру сайысын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырдық. Бұл шаралардың бір бөлімін қаламыздың бір жылдығына жоспарлап отырмыз. Конститутция күнінде назардан тыс қалдырмаймыз. Тағы бір мақтанышпен айтарымыз – әжелер хоры. Іс шаралардың бірінде ән салған әжелердің талантын көріп, әжелер ансамбылын құру идеясы келген еді. Кейіннен Әбілхайыр Оразақұлының қолдап-қуаттауымен «Замандастар» деген атпен құрдық. Алғашында құрамында 16 әже бар еді, қазір 22-ге жетті. Әжелер қорының жанынан Ұлт аспаптары ансамблін құрдық. «Замандастар» қоры 2018 жылы құрылып, 2019 жылы республикалық конкурсқа қатысып, гран-при жеңіп алды. 2020 жылы Ақтөбеге барып халықаралық фестивальде жүлделі бірінші орынды, Қарашаш деген кісі гран-при жеңіп алды, Райгүлде жүлделі орынға ие болды. Бұл хорға еңбегі сіңген ең үлкен демеушіміз Сайра Әйтенқызы мен Шолпан Ғажайыпқызы. Барлық киімдерін өз қаражаттарына алды. Оншақты домбыра алып берді. Жыл сайын басқа да шығындарына көмектесіп отырады. Қатарынан 4 жыл бойы мамырда есептік концертімізді беріп келеміз. Қарттар үйлеріне барып концерт беріп отырамыз. Алдағы уақытта Қабанбай ауылының мәдениет үйінде концерт беру жөнінде жоспар жасап жатырмыз. Осы іс-шараларға қажетті қаржылардың барлығы демеушілердің көмегімен жасалады. «Сапа су» компаниясы, «Фазенда» демалыс орны, «Аружан Плаза» секілді бірқатар кәсіпорындардың белсенді басшыларына ардагерлер атынан көп рақмет айтамыз. – Жоғарыда «Ақсақалдар кеңесі» билік пен халық арасындағы алтын көпір деп айтып өттіңіз. Президентіміздің «Еститін Үкімет» тұжырымдамасы бар. Сіздердің Қосшы халқы мен әкімдік арасында қандай дәнекерлік жұмыстарыңыз бар? – Қалалық «Ардагерлер ұйымы» құрамында ондаған жылдық тәжірибесі бар мамандар бар. Мыңдаған адамды басқарып, еліміздің гүлденіп көркеюіне еңбек еткен тұлғалар бар. Бұл кісілердің өмір тәжірибесі мен ақыл-кеңесі қаламыздың қалыптасуы мен дамуы үшін өте үлкен ықпал етеді. Әр уақытта, әртүрлі жағдайларға байланысты халық көкейінде жүрген мәселелерді қорыта отырып, әкімдікке ұсыныс хаттар жіберіп отырамыз. Мысалы, №1 мектепке Р. Қошқарбаевтың атын беруге, музейін ашуға мұрындық болдық. Қаламыздағы шет тілде аталып келген «Лесная полияна» және «Сиреновый сад» тұрғын үй алаптарының атауын өзгерту туралы ресми хат жолдадық. Қазір қаралып жатыр. Бұған дейін кейбір көшелерге ұлы тұлғаларымыздың атын беру туралы ұсынысымыз қабылданды. Бұл ұсыныста 17-18 ұлы тұлғаның есімін ұсынған едік. Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырзалиев, спортшыларымыз Жақсылық Үшкемпіров, Мұстафа Өзтүріктің және басқа да бірқатар тұлғалардың атына көше берілді. Өткенде президиум шақырып, жиналыс өткізген едік. Сондағы шешім бойынша бірнеше хат дайындадық. Биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы. Осыған орай қаламыздағы №2 мектепке ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының атын беру туралы ұсыныс айтып отырмыз. Халық көптеген мәселелер жайында өтініштерін бізге айтып, жергілікті билікке жеткізуімізді сұрайды. Олардың ішінде аралас мектеп мәселесі бар, көше атауы немесе шағын аудандардың атауына байланысты ұсыныстары бар. Жер, үй мәселесі, су мәселесі, жолдардың сапасыздығы туралы өтініштерін айтып келеді. Олардың барлығын тиісті орындарға жеткіземіз. Бұрын Қосшы ауылдық округ болып тұрған кезінде халық әкімдікке жиі келіп, өтініштерін айтып, БАҚ өкілдерін шақырып, даулы жиындар өткізіп тұратын. Солардың барлығында әкімдік пен билік арасында дәнекер болдық. Сонымен қатар, еліміз үшін елеулі саяси өзгерістерге атсалысып отырамыз. Жуырда өткен референдумның мәні мен мағынасын халыққа түсіндіру жұмыстарына араластық. Халықтың талап-тілегін үкіметке жеткізу, биліктің оңтайлы бастамаларын халыққа түсіндіру аға буын өкілдерінің бұрыннан келе жатқан бұлжымас міндеті мен борышы деп білеміз. – Жұмыстарыңызда кедергілер мен қиыншылықтар бар ма? Талап-тілектеріңіз қандай? – Біздің атқарып жатқан жұмыстарымызға кедергілер жоқ. Барлық бастамаларымызға, қолға алған жұмыстарымызға азаматтық қоғам болсын, жергілікті билік тарапынан болсын, ешқандай кедергілер болған емес. Керісінше қазірге дейінгі біздің барлық бастамаларымыз қолдау тауып келді. Ол үшін барлығына рақмет айтамыз. Әсіресе қала әкіміне, әкімнің орынбасары Берген Жұмкейұлына әрқашан қолдау көрсетіп келгені үшін алғыс білдіреміз. Айнагүл Көңбайқызына рақмет, үнемі хабарласып, туған күнімізбен құттықтап, хал-жағдайымызды сұрап отырады. Біздің ұйымның, аға буын өкілдерінің ең үлкен мұраты ұрпақ сабақтастығының үзілмеуі, кейінгі ұрпақтың ұлттық тәрбиеден айнымауы. Өмір тәжірибемізді, көрген-білгенімізді, жетістігімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу, аманаттау. Әрбір істе ұранымыз осы. Ал енді жұмысымыздағы қиыншылыққа келсек, біз атқарған барлық жұмыстар, іс-шаралар қаржыға келіп тіреледі. Үнемі демеушілердің қаражатына ғана сүйенеміз. Кейбір игі бастамаларымызға демеуші табу қиындығы бар. Осы мәселеге байланысты тиісті орындарға қоятын тілегіміз – ардагерлердің атқарып жатқан жұмыстарына қолдау көрсету мақсатында аймақтық қор құруға көмек қолдарын созса, нұр үстіне нұр болар еді. Атқарып жатқан жұмыстарымыздың ауқымын кеңейту үшін кейбір құзыреттер берсе. Әкімдік жанынан ақсақалдар алқасы негізінде ресми құзыреті бар кеңес құрылса дейміз. Ол кеңес халықтың өтінішін, арман-тілегін тыңдап, орынды талаптың өз деңгейінде орындалуына көмектесер еді. Сол арқылы «Еститін үкіметтің» бір механизмі ретінде қызмет атқаруға мүмкіндік туады. Медиациялық қызмет атқаратын ақсақалдар соты құрылса, қоғамдағы кейбір келеңсіздікті, басбұзарлықты сотқа жеткізбей, түрмесіз тәрбиелеп, отбасы тәрбиесінен кеткен олқылықтың орнын толтырар еді. Мысалы отбасындағы зорлық-зомбылық сипатындағы дауларды шешуге оңтайлы механизмнің бірі – ақсақалдар соты. Бұрынғы қазақ «қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» деуші еді ғой. Ұл шаңырақтың тірегі болса, қыздар, аналар – отбасының ұйтқысы. Осы ұстанымды әр баланың санасына сіңіру ұлттық тәрбиенің негізі. Бұл өте нәзік мәселе болғанымен, бір жақтылы етудің механизмі қазақ салт-дәстүрінде қалыптасқан дүние. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жастар тәрбиесіне, ұлт болашағына қызмет етуге жаңа мүмкіндіктер ашылар еді. – Алтын уақытыңызды бөліп, аталы сөздеріңізді арнағаныңыз үшін көп рақмет!

Сұхбаттасқан

Серікбай ӘБІЛМӘЖІН

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *