Мәселе. Хроника. Шешім
Қосшы жаңалықтары
123
7 маусым күні Қосшы қаласы әкімдігінде қала аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазалау мәселесі және оның төлем тарифтері туралы қала тұрғындарымен кездесу өтті. Кездесуге облыстық мәслихаттың депутаты, Қосшы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Сайра Матайбаева, қалалық мәслихаттың хатшысы Болатбек Ибраев, қала әкімінің орынбасары Әлихан Қуатбеков, қалалық Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбайқызы, БАҚ және қоғамдық кеңес мүшелері мен қала тұрғындары қатысты.
Қосшы қаласының аумағындағы қоқыс мәселесі көптен қордаланған мәселелердің бірі. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде де жиі бой көрсететінін бәріміз білеміз. Осы мәселе бойынша газетіміздің өткен санында жазған едік (№5 сан. 12-бет. Утопающие в мусоре). Әңгімені арыдан бастасақ. Қаланы тұрмыстық қалдықтардан тазартуды өз жауапкершілігіне алған «Қосшы тазалық» компаниясы 2007 жылдан бері жеке тұлғалар үшін адам басына 251 тг. көлеміндегі тарифпен жұмыс істеп келген. Соңғы 15 жыл бойы өсірілмеген тариф халықтың қалтасына салмақ түсірмегенімен, жанармайдың қымбаттауы, инфляция, басқа да факторларға байланысты аталмыш компанияның жұмысын сапалы жалғастыруына бірқатар қиындықтар кедергі келтірген. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының наразылығына байланысты және экологиялық-санитарлық талаптарға сай, бұрын қоқыс қалдықтары шығарылып келген Тайтөбе ауылында орналасқан «бейресми полигонға» қоқыстың жіберілмеуі жағдайды ушықтырған болатын. Қаламыздан аттам жерде орналасқан халықаралық әуежайдың техникалық талаптары бойынша, шығарылған тұрмыстық қалдықтар төгілетін жаңа полигон жасау мүмкіндігі жоқ. Болған күннің өзінде бір күннің шаруасы емес екені мәлім. Тұрмыстық қалдықты біржақты етудің жалғыз жолы 60 шақырым қашықтықта орналасқан Елордаға тиесілі полигонға жіберу. Бұл полигонда қалдықты қайта өңдеу құны әр тонна қоқыс үшін 4300 теңгеге бағаланады. Экологиялық полигон үшін 2500-3000 теңге. Осы шығындарды қосқан кезде қабылданған әр тонна тұрмыстық қалдық үшін 7-8 мың теңге төленеді. Бұған барып-келу үшін басып өтетін 120 шақырымдық жолға кететін жанармай шығыны мен жұмыскерлердің еңбекақысын қосыңыз. Осы секілді бірқатар мәселелерді алға тартқан аталмыш компания өкілдері 15 мамыр күні екі жақты келісім негізінде жұмысын тоқтатқан. Осыдан кейін тұрмыстық қалдықтың уағында шығарылмай жатқаны туралы қала тұрғындары дабыл қағып, әлеуметтік желі арқылы мәселе көтерген. Өткен аптадағы қала әкімдігінің отырысында, Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Әлихан Қуатбеков баяндама жасап, 3-4 күн ішінде негізгі шешімдер табылатынын айтып сендірген. Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеп жатқан, аты аталмаған компаниямен бір ай бойы тегін қоқыс шығаруға келіскен әкімдік, бүгінгі күнде аталмыш мәселені реттегендей болған еді. Ендігі кезекте туындап отырған келесі мәселе – тариф. Тиісті органдар қоқыс шығару процесіндегі барлық шығындарды есептей отырып, жан басына 532 теңге болатын тарифті ұсынған. Бүгінгі жиында талқы осы төңіректе өрбіді. Тарифтің бірден екі еседен артық қымбаттауы қала тұрғындарын алаңдатып отыр. Өмір сүру деңгейі бізден жоғары Нұр-Сұлтан қаласында қазір тұрмыстық қалдықтарды шығаруға жан басына 390 теңге төленетінін алға тартқан тұрғындар, белгіленген тариф көп балалы отбасылар мен қоғамның экономикалық әлсіз топтары үшін тым қымбатқа түседі деген уәжін айтты. Әкімдік тарапынан көпбалалы отбасы мен экономикалық әлсіз топтарға жеңілдіктер қарастырылады. Қазіргі инфляцияға байланысты еңбекақының көтерілуі есебінен бұл тариф халықтың қалтасына салмақ түсірмейді. Оның үстіне алдағы уақытта келісімшартқа отыратын компаниямен тарифті төмендетуге мүмкіндік беретін бірнеше жоба қарастырылып жатқанын жеткізді. Жергілікті билік өкілі аталған тарифті белгілеуге негіз болған, қоқыс шығарумен айналысатын компаниялардың барлық шығындарын көрсетіп, былайғы жұртқа белгісіз болып келген бірқатар мәселелер төңірегінде түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін екі жақ мәмілеге келді. Қол көтеріп дауыс беру нәтижесі бойынша, бір адам қарсы дауыс беріп, қалғаны толықтай қолдады. Атқарылып жатқан шаралар Қосшы қаласын қоқыстан тазарту төңірегіндегі қордаланған мәселелердің түбегейлі шешімін табуға мүмкіндік беріп, таза қала құру үшін алғышарт жасаған секілді. Ал қазірше Целиноград ауданына қарасты Тайтөбе ауылының тұрмыстық қалдықтарын біржақты ету полигонның жабылуы себепті өзектілігін сақтап, Целиноград ауданының батыл шешімдерін күтіп тұр.
Жиналыстан кейін, мәселенің мән-жайына тереңірек үңілу мақсатында, қала әкімінің орынбасары Әлихан Қуатбековті сөзге тарттық едік.
Тарифті арзандату нарықтық мәселе
– Әлихан Жұмаханұлы, Қосшыдағы қоқыс мәселесінің қордалануына не себеп болды?
– Целиноград ауданы «Қосшы тазалық» компаниясымен 2023 жылға дейін келісімге отырған. Онда белгіленген тариф 251 теңге болған. Ол тарифті қандай негізге сүйене отырып белгілегені бізге беймәлім. Қоқыс жеткізілетін полигонның жақын әрі тегін екеніне байланысты болуы мүмкін. Тайтөбе ауылындағы заңсыз полигонға тасу компанияның бірқатар шығындарын қысқартты. Бірақ қоқыстың қандай жағдайда тасылғаны бәрімізге мәлім. Арыз, шағым көп болды. Тайтөбеде орналасқан полигон, дұрысы қоқыс төгетін алаң сол ауылға бірқатар проблемалар алып келеді. Жиі өрт болады. Ауылды түтін басады. Жеңіл қоқыстар желмен ұшып, ауылды басып қалады. Сол себепті ауыл тұрғындары жиі наразылық білдіріп, республика деңгейіндегі ақпарат құралдарында айтылды. Алайда қаржы тапшылығы мен басқа да жағдайлар қолбайлау болып, бұл мәселе бүгінгі күнге дейін созылып келді. Биыл наурыз айында облыстық экологиялық мекемелердің пәрменімен, аталған қоқыс полигоны жабылды. Біз тиісті орындарға өтініш айтып, қоқыс шығаруға арналған басқа полигон табылғанша, 15 мамырға дейін рұқсат алған едік. Қосшы қала мәртебесін алғаннан кейін қауырт жұмыстар көп болды. Алдымен кезек күттірмейтін жұмыстарды қолға алдық. Бұл мәселеге жеткілікті деңгейде назар аудара алмағанымызды жасырмаймыз. Күз айларында жылу маусымына дайындық, қыста қар тазалау мәселесі секілді бірқатар маусымдық дайындықпен айналыстық. Жылу беру жүйесіндегі атқарған жұмыстарымыз өз нәтижесін беріп, қылышын сүйреткен қыстан жақсы шықтық. Қар тазалау жұмысы да жақсы істелді. Соның арқасында көктемде қала көшелерін су басқан жоқ. Бұл туралы өткендегі облыс әкімімен кездесуде тұрғындар оң бағасын берді. Ауыз су мен канализация мәселелері де көптен бері шешімін таппағаны жасырын емес. 77 КНС-тің бірде бірінде насос жоқ. Соның кесірінен көпқабатты тұрғын үйлердің үстіңгі қабаттарына су жетіспей, тұрғындардан жиі шағым түседі. Қолда бар жалғыз насосты мәселе болған жерге ауыстырып қойып амалдап отырмыз. Батыл шешімдердің арқасында тұрғындар судың тауқыметін бұрынғы жылдарға қарағанда аз тартып отыр. Біз, әрине, мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әрмен қарай да бұл қиыншылықтарды шешу һәм дамыту жолдарын қарастырып жатырмыз. Ал канализация мәселесі қазіргі күнде басты назарымызда. Үшінші күрделі мәселе – қоқыс. Тайтөбедегі заңсыз полигон жабылғаннан кейін қоқысты шығару қиындады. Дәл осы кезде жұмыс істеп тұрған бұрынғы «Қосшы тазалық» Қабанбай ауылындағы полигоннан рұқсат алуымызды сұрады. Жақын жерден қоқыс шығаратын полигондар іздедік. Қабанбай ауылындағы тұрмыстық қалдықтарды қабылдап, қайта өңдеумен айналысатын «ИП Баян» деп аталатын компания, мүмкіндіктерінің аздығын алға тартып, бізді қабылдаудан бас тартты. 16 мамыр Тайтөбедегі заңсыз полигон жабылды. 20 мамырға дейін қаламыздағы қоқыс шығарылған жоқ. Біз тез арада шешім қабылдап, Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрмыстық қалдықтарды тасумен айналысатын компаниялармен келісе отырып, бір жақтылы еттік. Қазіргі күнде бұл мәселе бойынша конкурс жарияланып, қоқысты тазалаумен айналысатын келесі компания келгенге дейін шешімін тапты. Қоқысты уақытында шығарып, қала тазалығын қамтамасыз еттік. Ең бастысы қоқыс заңды полигонға жеткізіліп жатыр. Одан кейінгі ең үлкен қиындық лайықты тариф белгілеу. Ұзаққа созылуы мүмкін даулы мәселе бүгінгі қоғамдық тыңдауда тез шешімін тапқандай болды. Тарифтің бірден екі есеге қымбаттауын алғашында халық түсінбеді. Шу көтерді. Нақты түсіндіру жұмысынан кейін бізді толықтай қолдады. Белгіленген тариф енді әділет басқармасынан өтіп, мәслихат бекітеді. Бұл 6-7 жылдан бері шешімін таппаған үлкен мәселе еді.
– Тұрғындардың арыз-шағымы жайлы әлеуметтік желідегі ақпа[1]ратты сараптасақ, көбінесе наразылық көпқабатты үйлердің тұрғындарынан келіп түскен. Себебі не?
– «Қосшы тазалық» жеке тұрғын үй аумағында қоқыс төгетін дүңгіршектер қойып, оларды абонемент ретінде қабылдауға назар аудармаған. Абонемент саны анықталмаған. Сол себепті, Тайтөбе мен Қосшыдағы жеке тұрғын үйде тұратын халық тұрмыстық қалдықтарды көп қабатты тұрғын үй маңындағы қоқыс дүңгіршектеріне тастап келген. Бұл жағдайлар көбінесе «Алтын орда» мен «Лесная поляна» тұрғын үй алабында орын алған. Нақты фактілерге қарасақ, аталған аумақта қойылған дүңгіршектер саны көп. 1-1,5 тәулікке жетерлік көлем бар. Бірақ жол бойында орналасқан қоқыс дүңгіршектері бүгінгі күні тәулігіне екі рет тазартқанның өзінде, үнемі толып тұрады. Бұның шешімі: жеке тұрғын үй аумақтарына қоқыс дүңгіршектерін қоюды жоспарлап отырмыз. Қазірше 70 орынға 140-тан астам дүңгіршек қойылады. Алдағы уақытта бізбен келісім шарт жасасатын компанияның қаржы мүмкіндігіне қарай біртіндеп көбейтуді көздеп отырмыз.
– Қоғамдық тыңдауда тарифті төмендету жобалары туралы айтылды. Ол қандай жобалар?
– Тарифті арзандату нарықтық мәселе. Алдағы уақытта бізбен келісім-шартқа отыратын компанияларға конкурс жарияланады. Заңдық тұрғыда ашықтығын қамтамасыз етеміз. Қойылатын талаптар мен шарттар қатаңдатылады. Мәселен, келісімшартымыз 5 жылға жасалады. Осы уақыт ішінде жеке тұрғын үй аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазалауды дұрыс жолға қойып, абонемент санын көбейтуі керек. Екінші жағынан тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуді қолға алу. Қайта өңдеу цехтары полигонға шығарылатын қоқыс көлемін азайтады. Экономикалық жағынан да, экологиялық жағынан да тиімді. Қайта өңделген тұрмыстық қалдықтарды шикізат ретінде сата алады. Бүгінгі күні бұл туралы көптеген жобалар тәжірибеден өткен. Мысалы, тұрмыстық қалдықтар ішінен ұн өнімдерін бөлек жинап, ұсақтап, өңдеп, жемге айналдырып жатқандар бар. Тұрмыстық қалдықтар арасында қайта пайдалануға болатын материалдар көп кездеседі. Осылардың барлығын қайта сату арқылы компания кірісін арттырады. Демек, компания шығындарын өтеу үшін халықтың қалтасына салмақ салмайды. Нәтижесінде тарифті бір қалыпты ұстауға немесе төмендетуге мүмкіндік туады. Мұнымен қоса, тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу өндірісін қолға алам дегендер болса, ыңғайлы орын қарастырдық. Мемлекеттік жобалар негізінде қаржыландыруға мүмкіндік бар. Заң шеңберінде қолдау көрсетеміз.
– «Қосшы тазалық» тұрғындардан 40 млн. теңге көлеміндегі қарызын жинай алмай отыр дедіңіздер. Тұрғындардан бекітілген тариф бойынша қаржыны жинау механизмі дұрыс жолға қойылмаса, келесі компанияның да қызмет көрсету сапасы мен ынтасы төмендейді. Бұл мәселе қалай шешіледі?
– Жеке тұрғын үй алабындағы әр үйге кіріп, келісім-шарт жасау көп уақыт алатын қиын жұмыс. Сондықтан заң шеңберінде аталған мәселенің шешімін таптық. Қоқыс шығаратын дүңгіршектер белгіленген орынға қойылғаннан кейін, әрбір үйге тіркелген адам санына қарай біртұтас абонемент базасы жасалады. Абонементтерге төлем туралы хабарлама жіберіп, төлемесе сотқа жүгінуіне толықтай құқығы бар. Бірақ бұл мәселеде адами фактор да үлкен маңызға ие. Өз қаламыз болғаннан кейін тұрғындардың да тікелей қолдауымен жүзеге асады. Қоғамдық сананы дамыту үшін жаңа идеологиялық жұмыстарды белсенді жүргізу керек. Төлемнен бас тартқан әр тұрғын осы ісі арқылы басқалардың қалтасына салмақ салып отырғанын түсінуі тиіс. Масылдық сана дегеніміз осы. Коммуналдық шығындар үшін қарызын өтеу қоғам алдындағы азаматтық борышы екенін білсе, көп саладағы мәселелер тез шешімін табар еді.
Материалды дайындаған
Серікбай ӘБІЛМӘЖІН
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)