«Астана Опера» балалық шаққа саяхат дайындауда

Руханият
view 246
news

23 сәуірде «Астана Операның» Камералық оркестрі Әлихан Ыдырысовтың жетекшілігімен балалар мен ересектерге арнап мультфильмдерден сүйікті әуендерді орындайды. Екі «Мультконцерттің» бірі қайырымдылық мақсатта өтеді. Оған аз қамтылған және көп балалы отбасылар шақырылады. Кинофильмдер мен мультфильмдерден музыканы оркестрдің орындауы соңғы жылдары зор танымалдылыққа ие болуда. Бірнеше жыл қатарынан «Астана Операда» «Экран әуендері» бағдарламасы аншлагпен орындалуда, оның идеялық шабыт берушісі дирижер, хормейстер, халықаралық байқаулардың лауреаты Әлихан Ыдырысов. Кинофильмдердің саундтректерін ойдағыдай орындағаннан кейін музыкант бұрнағы жылдардағы мультипликациялық фильмдердің әуендеріне ғана арналған жеке бағдарлама жасауды ұйғарды. Әлихан Ыдырысовтың айтуынша, мұндай музыка кино немесе мультфильмге қарағанда, көп жағдайда өз бетінше өмір сүреді, кейбір әндер зор танымалдылыққа ие болады. – Мен көп жылдан бері «Экран әуендері» киноконцерттерін дайындаумен айналысып келемін, оған қазақстандық және кеңестік кинофильмдердің музыкасы енген. Бұған қоса, отандық композиторларды көбірек таратуға тырысамын, – деді дирижер. – «Мультконцерт» идеясы шамамен бір жыл бұрын пайда болды, балаларға арналған жаңа жоба жасағым келді. Алайда менің ойымша, ол ересектерге де қызықты болады. Әр мультфильмде мән-мағына жатыр, оны балалар мен ересектер өзінше түсінеді. «Мультконцерт» бағдарламасында Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Геннадий Крылов, Владимир Шаинский, Борис Савельев, Геннадий Гладков, Моисей Вайнберг, Евгений Крылатов секілді композиторлардың туындылары шырқалады. Ертеден таныс әуендерді тыңдай отыра, көрермендер ғажайып анимация әлеміне ене алады. Оркестр «Алдар Көсе», «Ақсақ Құлан», «Ну, погоди!», «Умка», «Чунга-Чанга», «Леопольд мысықтың оқиғалары», «Бремендік музыканттар» (солист Ермек Қасым) секілді басқа да көптеген мультфильмдерден әуендерді орындайды. Концерт авторы атап өткендей, осы заманғы балалардың көбі гаджеттерге уақыттарын тым көп бөледі. Сондықтан, кішкентай тыңдармандардың кейбіреуі үшін мультфильм жаңалық болуы ықтимал. – Біздің өзіміз және ата-аналарымыз көріп өскен мультфильмдердің әуендерімен танысу балаларға пайдалы болады деп ойлаймын, – деді музыкант. Бұл мультфильмдер жақсылыққа бастап, жақындарына қамқор болуға, өзара жәрдемдесуге, уайымына ортақтасуға және ешқашан артықтық етпейтін басқа да адамгершілік қасиеттерге үйретеді. Айта кету керек, қайырымдылық «Астана Опера» қызметінің маңызды бағыты болып табылады. Театр көп балалы отбасыларды, жалғызбасты аналарды, ерекшеліктері бар балалар мен әлеуметтік жағынан қорғалмаған өзге де азаматтарды өз қамқорлығына алды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *