Белгілі түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы өмірден өтті

Жаңалықтар
view 1459
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Белгілі түркітанушы, ғалым, қазақ түркітануында қайталанбас тұлға Қаржаубай Сартқожаұлы дүниеден өтті, деп хабарлайды janabastau.kz.

Белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы 1947 жылы 22 наурызда Моңғолияның Баян-Өлгей өлкесінде дүниеге келген.  

1967-1973 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін бітірген. 1985–1988 жылдары Ленинградтағы (Санкт-Петербург) Шығыстану институтының аспирантурасында оқыған. Еңбек жолын Баян-Өлгий аймағында ұстаздықпен бастаған, Моңғолия ҒА Тарих институтының аға ғылыми қызметкері, Түркі-Қазақ ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, директоры, 1991 жылы  Моңғолия Халық Ұлы Құралы (ХҰҚ парламенті) депутаты, Баян-Өлгий аймақтық мәслихат төрағасы, Моңғолия ҒА Түркі-Қазақ ғылыми орталығының директоры болып қызмет атқарған. 2001 жылдан Еуразия Ұлттық университетінің Эпиграфика және этнография лабораториясының меңгерушісі. Тарих ғылымының кандидаты, профессор, түрколог, филология ғылымдарының докторы. Әдебиет саласында да зор еңбек еткен тұлға. Ол «Қош бол, апа!», «Аялдамалар» (1983), «Қыранның қазасы», «Сәйгүліктер» атты прозалық кітаптардың, және 100-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы. «Бір автобустағылар» (1986) атты кітабы моңғол тілінде жарық көрген.

Ең күрделі еңбектерінен:

«Этнокультурный связь древно-тюркского-уйгурского каганата» (Алматы, 1988), «Объединенный каганат тюрков», (2001) ғылыми кітаптары т.б. ғылыми еңбектері жарыққа шыққан.

Шетелде жарық көрген мақалалары

Жалпы саны 80-ге жуық ғылыми мақалалары Москва, Улаанбаатар, Пекин, Стамбул, Лондон, Париж, Алматы, Астана қалаларында ғылыми басылымдарда жарияланды. Төменде ғалымының бүгінге дейінгі жасап, ғылыми айналымға енгізген ең сүбелі 10 еңбегін және дәледемелерді қаттама ретінде ұсындық.

Марапаттары

ҚР Премьер-Министрі орынбасарының Құрмет грамотасымен (2001), ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен (2001) марапатталған.

  

Орхон ескерткіштерінің Атласы 

ЖҰМЫСТЫҢ ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ, ӨЗЕКТІЛІГІ

Түркітану (тюркология) ғылымы екі кезеңге бөліп қарастырылады.

1. Классикалық түркология ж.с.б. ІІ ғасырдан (Хунну дәуірінен) бастап ж.с. XVI ғасырға дейінгі кезең;

2. Дербес (индивидуальная тюркология) кезеңі. XV-XVI ғасырдан бастап түркі халықтары жеке-жеке хандық құрып, дербес мемлекет болып кетті де, тілін, тарихын, дәстүр-салтын жеке дараландырып дамытты.

Біздің сөз етіп отырған нысанымыз ж.с.б ІІ ғасырдан б.з. Х ғасыр аралығында Орталық Азияда билік құрған түрік этносына ортақ тарихи-мәдени құндылықтар.

Бұдан екі мың жыл бұрынғы құндылықтарды қолмен ұстап, көзбен көріп, ғылыми анализден өткізіп ұлт мәдениетінің алтын қорына қосуға автор 40 жыл бойы жанкешті жұмыс жасап, бүкіл ғұмырын арнаған.

Аталмыш құндылықтарды сараптап 2019 жылы жарыққа шығарған едік. Онда:

Еңбек үш том, 120 баспа табақтан тұрады.

Ітом: І. ІІ. Көк түрік қағанат дәуірі

ІІ том: Уйғур қағанат дәуірі

ІІІ том: Байырғы түрік майда мәтіндер.

Бұл еңбек 120 баспа табақтан тұрады. Осы бір қайталанбас еңбекті қайта қарап, ықшамдайфото иллюстрациясын қысқартып,  толықтырып, 1,2 томнан бір томға сыйдырып (60 баспа табақ), түзетулер енгізіп 2023 жылы ҚР мәдениет, ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша басып шығарылды. Осы жаңа нұсқасын ҚР-ның мемлекеттік сыйлығына ұсынып отырмыз.

Еуразия субконтинент алып аймағында «Мәңгілік ел» орнатуды армандап, үш ғасыр бойы билік жүргізген байырғы Көктүріктердің тарихи-мәдени және рухани құндылықтары қамтылған.

Олардың өз дәуіріндегі алға қойған бір мақсаты түркілік мәдениет, білім әліпби жүйесін қалыптастыру, ұлттық құндылықтардың іргетасы етіп, ұлт танымын, білімін жетілдіріп, халықтың рухани байлығын байыту еді. Байырғы түріктердің білімпаздары халықтың дүниетанымын, тарихын, өмір салтын, ел басқару жүйесін мәңгі тасқа қашап қалдырды. Осы бір ұлы құндылықтары – жазуы, рухани байлығы, дәстүр-салты, мәдениеті біздің дәуірге жетіп, аса мол мұра болып қалып, адамзат өркениетімен мәдениетіне үлкен үлес қосты.

Орхон мұраларын алғаш ашқан Н.М.Ядринцевтен бері (1890 ж.) ХІХ ғ. Фин және Орыс, ХХ ғ. Моңғол – Чех, Моңғол – Кеңес Одағы, Моңғол – Түркия, Қазақстан – Моңғол (2001-2019 жж.) экспедициялары зерттеу жұмыстарын жүргізіп Түркология ғылымына үлкен үлес қосты. Әсіресе, 2001 жылдан бері Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ байырғы түрік мұраларын кешенді зерттеуге белсенді атсалысқанын ерекше атап өткеніміз жөн болар.

Осынау қайталанбас мол мұраны әлемнің ондаған ғалымдары В.Томсен, В.В.Радлов, М.Н.Мелиоранский, С.Е.Малов, Г.Шлегель, Л.Ийсл, Х.Оркун, Т.Текин, Ғ.Айдаров, С.Г.Кляшторный іспетті т.с.с ғалымдар зерттеп зерделеп келді.

Алдыңғы зерттеушілердің еңбектеріне табан тірей отырып, уақыт пен қоғамның, ғылым мен білімнің талап сұранысына сай бұрынғы нәтижелерге сын көзбен қарап, байытып, баптау қажет болды.

Алға қойған міндетті орындау мақсатында төмендегідей жұмыстар жасалды. Онда:

а) Экспедициялар:

1. 1975 жылдан бастап 1990 жылға дейін Кеңестер Одағының белгілі түрколог-тарихшысы С.Г.Кляшторныймен бірге Моңғолия-Кеңестер Одағының Ленинград филиалымен біріккен экспедициясының Моңғолия жағының жетекшісі ретінде далалық экспедицияда 32 маусым (сезон) жұмыс жасадық.

1990-1999 жылдары Моңғолия ҒА-ның Баян-Өлгей аймағындағы Қазақ-Түріктану филиалының ұйымдастыруымен жүргізілген далалық экспедицияда 9 маусым, 2002-2018 жылға дейін Моңғолия – Қазақстанның біріккен экспедициясында 16 маусым Моңғолия, батыс Қытай, РФ-ның Оңтүстік Сібір (Мәскеу қаласындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері, доктор, проффессор И.Л.Кызласовпен бірге) жерінде далалық экспедицияда болып байырғы түрік бітік жазбалары мен тарихи-мәдени мұраларын іздестіріп, зерттеп, ғылыми айналымға енгіздік. Осылайша, 32 маусым (сезон) Орталық Азияны машинамен, атпен, түйемен және жаяу кезіп Ұлы бабаларымыз – Көк Түріктердің құндылықтарын жинадық, зерттедік, зерделедік. Нәтижесінде, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Түркітану және алтайтану институтының қорында 2002 жылдан бері жинақталған экспедиция есебі, 50 сағаттық видеокасета суреттер мен видеолар қоры жинақталды.

Ғылыми монографиялары:

1. Объединенный каганат тюрков. Астана, 2002 (15 п.л..) (Авторлық құқық куәлігі. АҚК) №186 21 шілде 2004ж

2. Орхон мұралары. 1-кітап. Астана, 2003 (30 б.т.)(АҚК) №185 21 шілде 2004ж

3. Орхон ескерткіштерінің толық Атласы. І том: Көк Түрік дәуірі. Алматы. 2005. (60 б.т.) (АҚК) №187 21 шілде 2004ж

4. Полный атлас Орхонских памятников. І том: Эпоха Небесных тюрков (в соавторстве с М.Жолдасбековым). Астана. 2006 (60 п.л.)

5. Байырғы түрік жазуының генезисі. Астана, 2007 (21 б.т.) (монография)

6. Байырғы түрік жазуының генезисі. Павлодар, 2010 (толықтырылған екінші басылымы)

7. Көне түркі жазба әдеби үлгілері: Орхон мұралары. «Ел-шежіре», Алматы. 2011 (21 б.т.)

8. Орхон мұралары. II-кітап. «Абзал-ай», Алматы, 2012 (30 б.т.)(монография)

9. Генезис древнетюркского рунического письма. «Абзал-ай», Алматы, 2012 (18 б.т.)

10. Нүүдэлчдийн урлагийн галерей (Орта ғасыр көшпелілердің өнер галериясы) (альбом). УБ. 2012 (10 б.т.)

11. Шатыртаудағы жерасты байырғы түрік мавзолейі (моңғол тілінде). (А.Очир, Л.Эрдэнэболд, К.Жантегіндермен бірге). Улан-Батор. 2013. (21,16 б.т.)

12. Монғолиядағы ежелгі және байырғы түрік майда жазулары. Астана. 2016. (17 б.т.) (АҚК) №10522  3 маусым 2020 ж

13. Үйсін хандығы. Алматы. 2016. (8 б.т.) (АҚК) №10523  3 маусым 2020 ж

14. Тас кітаптың құпиясы. Алматы: Арыс, 2017. (30 б.т.) (АҚК) №2521 29 наурыз 2019 ж

15. Таста қалған тағылым (публицистикалық мақалалар жинағы). Алматы. 2017. (23,5 б.т.)

16. Записки казахского тюрколога (The kazakh turkologist’s notes). Алматы. 2018. (23,5 б.т.) (АҚК) №2522 29 марта 2019 ж

17. Орхон ескерткіштерінің Толық Атласы. Алматы. 2019. Т. І. (120 б.т.) (АҚК) №2637  4 апреля  2019 ж

18. Орхон ескерткіштерінің Толық Атласы. Алматы. 2019. Т.  ІІ. (120 б.т.) (АҚК) №2638  4 апреля  2019 ж

19. Орхон ескерткіштерінің Толық Атласы. Алматы. 2019. Т. ІІІ. (120 б.т.) (АҚК) №2637  4 апреля  2019 ж

20. Керейлердің этникалық тарихы (көне заманнан ХІІІ ғасырға дейін) : зерттеулер. Нұр-Сұлтан: Өрнек, 2021. (30 б.т.)(АҚК)№16712  16 сәуір 2021 ж

21. Бабатүрік тілінің байырғы мұрасы (1400 жыл бұрынғы): зерттеулер (Древнее наследие прототюркского языка (1400 лет назад) = The ancient heritage of the proto-turkic language (1400 years ago)). Нұр-Сұлтан: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2022. (8 б.т.) (АҚК) №25323  21сәуір 2022 ж

г) Мақалалар:

Көк түріктердің жазба мәдениеті, философиясы, бейнелеу өнері, саз аспаптары. Соның ішінде Хунну дәуірінен бастап қолданыста болған «Атадомбыра» сияқты 270-ке жуық ғылыми және публицистикалық мақалалар қазақ, моңғол, түркі, қытай, орыс, ағылшын тілдеріне жарияланып келеді.

д) Халықаралық конференциялар:

РФ, ҚХР, Моңғолия, Қазақстан сияқты елдерде болған 17 халықаралық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасалып, апробациядан өтті. Мұндағы негізгі көтерген мәселелер жоғарыдағы «г» бабындағы тақырыптармен қатар Көк түрік, Уйғур қағанаты дәуіріндегі Орталық Азияда орнатқан қалалар, әдет-ғұрып, сол дәуірдегі түріктердің сыртқы киімдері туралы баяндамалар.

Түрік мәтіндерінің жаңа транскрипциясы (оқылымы), «Атадомбыра», көне Түрік қалалары, 8 м тереңдіктен табылған жерасты кесенесі (қылует) конференцияға қатысқан ғалымдардың қызығушылығын ерекше тудырды. Шатыртау (Майхан-уул) жерасты кесенесінен 460 тарихи-мәдени құндылықтар шықты. Соның ішінде 42 метр дәліздің екі қабырғасынан екі панорама табылды. Панорама Еуропада 1910-1926 жылдары жасалған. Ал, Көк түріктер 670 жылдары жасап қойыпты. 4 кг-ға жуық алтын әшекейлер, бриллиант жүзік, 60-қа жуық адам мүсіні (терракота), алтын ақшалар (40 дана) табылды. Мұның барлығы ертеорта ғасырдағы біздің бабаларымыз Көк түріктердің бізге қалдырған өшпес мұрасы. Олардың мәдениеті қоғамдық таным түсінігі, шығармашылық жасампаздығын көрсетеді.

е) Музей жабдықтау:

1. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2004 жылы «Жазу тарихы» музейін орнаттық. Бұл әлемдегі түркі халықтарының алғашқы жазу музейі (тұрақты жұмыс жасайды). Бұл туралы Туркия мемлекетінің белгілі журналисті Салық Доған «Отан» («Vetan») газетінде (06.07.2016) және Еуропаның ағылшын, француздардың газеттерінде бірнеше мақала жарияланды.

2. Астана қаласындағы мемлекеттік орталық музейді жабдықтаған кезде «Көк түрік» залына қойылған Күлтегін, Білге қаған, Тұй-ұқұқ, Долодой І, ІІ ұстындарын, Күлтегін, Құтлұғ қаған бас мүсіндерін және «Атадомбыра» сияқты тарихи құндылықтардың көшірмелері біздің тарапымыздан жасалып қойылды.

Еңбектің саяси және әлеуметтік маңыздылығы:

Тәуелсіздік алғанға дейін, одан кейінде қазақ халқын «жас халық», «тарихы жоқ халық» ретінде көрсету еуроөктемшіл топтың негізгі тақырыбына айналған. Оның себебі қазақ халқының толыққанды ғылыми тарихы жазылмауының салдары еді. Қазақ тарихын шетелдіктер жазып бере алмайды. Қазақтар өздері жазып әлем аренасына шығара алады.

Біздің 40 жыл бойы үзбей, жанкештілікпен зерттеп, зерделеуіміздің нәтижесінде ежелгі хуннулардың билеуші тайпалары қият, қаңлы, үйсін, керей, оғуздар болғанын тарихи әдебиеттерде дәлелденгенін ғылыми қорымызға хаттап қостық.

Орта Азия көшпелілерінің алғашқы империясын құрған. Модун (Мөде) шаньюй (патша) солтүстік оғуз тобынан (үш Ди) шыққан аса үлкен қоғам қайраткері. Осы оғуз тобы – қыпшақ, үйсін, қаңлылармен бірігіп, хунну империясын құрып, 300 жыл Орталық Азияға билік жүргізген. Сол империялар мен хандықтарды құрушы – қыпшақ, үйсін, қаңлы, керей, найман, бұғра кейін (Қараханид хандығын орнатқан), әлім, чігіл, чикті (шекті), жалайыр, меркіт, таздар, адайлар, басмыл, қарлұқтар (арғын) кейін Қазақ хандығын құрып, қазақ ұлтын қалыптастырды. Өйтсе, қалайша бүгінгі қазақ халқы тарихсыз, жас халық болмақ? Міне, осы деректер Орхонның көк тасына қашалып, қытай архивтеріндегі тарихи деректерімен ұштасып жатыр. Осының бәрін дәлелдейтін, кепілдендіретін дерек Орхон мәтіндерінде сақталған.

Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ билігінің саяси миссиясында Орхон мұралары көрініс таба бастады. Онда:

Тұңғыш президенттің ұзақ жылдарды қамтыған 2050 жылға дейінгі бағдарламасы Көк түріктің «Мәңгілік Ел» идеологиясының атымен аталып, қазақ билігі Көк Түріктер рухын 1300 жылдан кейін қайта тірілтті.

Қазақ ұлтын құраған ірі тайпалардың тарихы бұдан үш мың жыл бұрын қытай деректерінде хаттала бастаған. Олар үйсін, қаңлы, керей, қияттар.

Бұл үрдісті Көк түрік дәуірінде тарих аренасына қыпшақтар (ашина) жалғастырса, Уйғур қағанат дәуірінде керей, наймандар тарихи эстафетаның туын жықпай әлем аренасына алып шығып, кейін Сібір хандығын орнатып, осылайша Қазақ хандығының бір ұстынына айналды. Бұғра (Пугу), қарлұқ, басмыл (арғын) тайпаларның бабалары, Қараханид хандығын орнатысты. Одан соң қыпшақ, керей, найман хандықтары Орта Азия сахнасында ойып тұрып орын алды. Шыңғыс хан дәуірінде Жошы хан ұрпақтары Ұлы далаға иелік етіп өздері 100% қазақ боп кетті. Соңында қазақ хандығын құрып, қазақ ұлтын қалыптастырды.

Осы тарихи сабақтастықты ғылыми тұрғыда бүкіл әлем алдында дәлелдеп беру қазақ ұрпақтарына сын болып тұр.

- Көк түріктің 3 империясын, алғашқы түрік (545-630 жж.) кейінгі түрік (682-744жж.), Уйғур (744-841 жж.) бір ғана қазақ халқы жеке-дара меншіктей алмайды. Бұл дәуір бүкіл түркі этносына ортақ  мұра, ортақ тарих, ортақ мәдениеті.

2000 жылдық күдірлі де күрделі тарих түркі тектес елдердің қандастығын дәлелдеумен қатар бүгінгі алмағайып заманда, әркім өз туысын тауып жатқан кезеңде, ұлтпен ұлттың ынтымағын, достығын бір тектілігін нығайтатын, дәнекерлейтін, ынтамақтастыратын алтын арқау болмақ.

Бұл мәселе аталмыш еңбектің саяси маңыздылығын паш етеді. Жоғарыда сөз еткен ұлы мақсатты билік белсене қабылдап қазақ қоғамы, халықтың танымдық мәдениетін көтеріп, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттап, ұлықтап келеді.

Ғылыми маңыздылығы:

Прототүріктердің арғы бабалары хуннулар (оғуздар). Қытайдың Жоу империясы ж.с.б VІІ ғ-дан бастап өздерін әлем халықтарының орталығы, арғы бабасы деп санап «Күн» атауының иероглифін «ашан» деген мағына беретін иероглифпен белгілеп оған «құл» дегенді белгілейтін иероглиф қосқан.  Кезінде қытайлар көшпелі көршілерін «құл, ит, айуан» деп кемсітіп атаған. Хүннүлар – Орталық Азия көшпелілерінің алғашқы империясы. Олар оң, сол қанат және Орталық-Ордалық деген әкімшілік бөлініс жасап елiн басқарған. Бұл үштік жүйе Қазақ хандығына дейін үзілмей тарихи жалғастық тауып, қазақ халқының жадында мәңгі сақталған. Қазақтардың ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз дегені сонау ежелгі Хун дәуірінен басталған әкімшілік бөлініс. Әскери-әкімшілдік жүйесіндегі ондық жүйе де Хундардан басталған ондық, жүздік, бесжүздік, мыңдық, бесмындық, түмен, бумын (100 000-дық) хундардан бастап өмірге келген жүйе. Хун Елтаңбасы бүгінгі Қазақ мемлекетінің туында 2000 жылдан соң қайталанып қолданысқа енді.

Мұның барлығы ұлттың дәстүршілдігінің мықтылығы, қазақ тайпаларының еске сақтау жадысының сабақтастығы.

Хун дәуірінен жалғаскан осындай ондаған, жүздеген ұлттық дәстүрімізді атауға болады.

Орхон мұралары – түпнұсқа дерек (источник) 1500-2000 жыл бұрын Көк түріктердің өз қолымен жазылып бүгінгі ұрпаққа жеткен мұра.

Байырғы түрік мәдениеті жалпы түркі әлемінің тарихи-әлеуметтік және мәдени-рухани болмысын танытатын құндылық. Тарихи ақпараттың қайнар көзі әрі көне түркілердің рухани және материалдық мәдениетінің іргетасы. Осындай тұғырлы мәдениеттің барша болмысын кешенді түрде ғылыми саралаудың мәні мен маңызы тек қана түркі тектес халықтардың мүддесінен туындап отырған қажеттілік. Онымен қатар түркілердің әлем өркениетіне қосқан үлесін зерделеу оның өзектілігін одан әрі арттыра түседі. Өйткені түркі мәдениеті Еуразия кеңістігіндегі халықтардың барлығына әсер ықпалы болғаны – тіл, тарих және мәдениеттану ғылымында мойындалған ақиқат. Сондықтан да тарихи түркі тілінің мұраларына сараптама жүргізгенде археология, эпиграфика, тарих, палеоэтнография, әдет-ғұрып жағын ұстанып, дүниетаным (философия), саяси-әлеуметтік ғылыми салаларының әдістемесін пайдалана отырып еңбегімізді жазып шықтық.

Баба мұраның ықпалы және тәрбиелік мәні:

Аталмыш ғылым салаларының кешенді әдістемесін пайдалана халыққа ұсынып, ғылыми айналымға енгізудің нәтижесінде қазақ қоғамы жылы қабылдап, рухани байлығына айналдырып ұлықтады.

ҚР-ның білімсаласында оның ішінде орта мектептің 7,8,9 сынып оқулығына кіргізілді. ЖОО-ның қазақ тілі факультетінде арнайы пән ретінде оқытылады. ЕҰУ-де Туркология кфдерасы, ҒЗИ жұмыс жасайды.

А. Саяси өмірімізде: Тұңғыш президент Н.Ә.Назарбаевтың 2050 жылға дейінгі бағдарламасын «Мәңгілік Ел» деп атады. Көк түрік дәуірінде атақты абыз, Түрік қағанатының Құтлұқ, Қапаған, Білге қағандарының бас кеңесшісі, кезінде Қағанаттың бас қолбасшысы болған Тұй-ұқұқ Көк түрік Қағанат идеологиясын жасаған. Сол идеологияны Тұй-ұқұқ «Мәңгілік Ел» деп атау беріп ұлықтаған. Оыған орай ЕҰУ-де «Мәңгілік ел» ғылыми танымдық журналы, кейін 2019 жылан ғылыми «Turkic studies» «Journal» шыға бастады.

- Ел астанасындағы қақпаға Көк Түріктің «Мәңгілік Ел» идеологиясының атауын берді.

- Астанамыздағы Тәуелсіздік алаңындағы «Қазақ елі» монументінің ұшар басындағы Күлтегін тәжісінің маңдайындағы самұрықты пайдалануға кеңес берген едік.

- Астананың бірнеше көшелеріне Күлтегін, Білге қаған, Тұй-ұқұқ есімдері берілді. Міне, осы іспеттес Көк түрік құндылықтары саяси өмірімізде орынын иеленіп келеді.

Б. Өнер саласында:

- Әдебиетте жыр болып төгіліп, ән болып шырқалып, роман, повесть жазылып, ұлттың тарихи рухын оятты (авторлары Медетхан Темірхан, Дәулеткерей Кәпұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы т.с.с. ондаған авторлар еңбегі) соған дәлел.

- Экранда кинофильм (қуыршақ фильмдер) болып, театрда спектакль болып халықтың тарихи таным түсінігін, би болып мың бұралып, картина болып көз қуантып, көңіл толқытып ұлт ұрпағын сұлулыққа, эстетикалық талғамын көтеруге әсер етті.

- Архитектура монумент болып асқақтап («Қазақ елі» монументі) бүкіл халыққа рухани байлық сыйлады.

Қазақ қоғамының бұлайша құшақ жая қабылдауы қазақ түркологиясына көрсеткен құрмет, әрі автордың 40 жылғы жанкешті еңбегінің әсері болмақ.

Janabastau.kz сайтының ұжымы күллі түркі жұртына қайғырып көңіл айтамыз!

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *