Бүгін ұлттық валютамыз – теңгеге 30 жыл толды. Нақты айтқанда, 1993 жылы 15 қарашада Қазақстан Республикасының төл валютасы ретінде теңге айналымға енгізілген болатын.
Бұл Тәуелсіздік туын желбіреткен еліміз үшін ең алғашқы елеулі оқиғаның бірі болды. Дәл осы күні таңғы 8.00- ден бастап, 20 қараша күнгі кешкі 20.00-ге дейін ескі ақшаны төл теңгемізге айырбастау процесі жүргізілді. Сол уақытта ұлттық банк арқылы 1 теңге 1000 рубльге бағаланып, кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастарымен1 теңге 500 рубль болып белгіленді.
Жалпы, 1992 жылы теңгені әзірлеу жұмыстары қолға алынып, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк валюта купюрасының үлгілерін бекітті. Ал ертеңіне суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер ұлттық валютаны дайындауға Англияға аттанды. Бір жыл өткесін, яғни, 1993 жылы теңгенің алғашқы партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып шықты. Құнды қағазды елге тасымалдау ИЛ-86 ұшақтары арқылы жүргізілді. Сол уақытта төл валютамыз арнайы дайындалған жерасты қоймаларында сақталып, еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген екен.
Естеріңізде болса, алғашқы валютамызда елімізге белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, ақын-ғұламалар, батырлар мен хандардың бейнелері, табиғат тамашалары, тарихи орын мен кесенелер сомдалды. Кейіннен теңгеміздің бет-бейнесі өзгерді, Тарихи тұлғалардың бейнелері алынып тасталды. Бірақ валютамыз өз құндылығын жоғалтқан жоқ.
Жыл сайын әлемдік банкнот коллекционерлерінің тәуелсіз бірлестігі болып табылатын Халықаралық банкнот қоғамдастығы интернет-дауыс беру арқылы жылдың ең үздік банкнотын таңдайды. Дәл осы қоғамдастық тарапынан «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын 2012 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын. Келесі жылы да Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің «Қазақ Елі» сериясынан номиналы 5 000 теңгелік банкноты екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал Түркі жазба ескерткішіне арналған, номиналы 1 000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкнотына берілген үшінші «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағы тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы тарихи маңызды сәт болды.
Мәліметтерге сәйкес, 1994 жылы алғаш рет қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2, 5, 10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Осылайша сол жылдан бастап ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Қазір банкнот - Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета - Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.
Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.
Пікірлер (0)