Елдің саяси өміріндегі жаңа қадам
Фото жеке мүрағаттан
Қос палатадан - Құрылтайға. Бұл жаңалыққа азамат ретінде өз көзқарасым бар. Меніңше, кез келген ел үшін саяси жүйенің уақыт талабына сай жаңарып отыруы маңызды. Қоғам өзгереді, адамдардың көзқарасы өзгереді, жаңа мәселелер пайда болады. Сондықтан елдің саяси институттарының да заман талабына бейімделуі заңды құбылыс. Құрылтай- осы өзгерістің нақты қадамы. Оны мен қоғам мен мемлекеттің арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жаңа тетік ретінде қабылдаймын.
Бүгінгі Қазақстанға қоғамның пікірін ескеретін, әртүрлі көзқарастарды талқылай алатын және елдің ұзақ мерзімді дамуына қатысты мәселелерді көтеретін алаңдар қажет. Саяси реформалардың басты мақсаты да тек құрылымдарды өзгерту емес, азамат пен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілікті күшейту деп ойлаймын.
23 тамыздағы Құрылтай сайлауы осы реформалардың кезекті бір кезеңі ретінде есте қалмақ. Оның нәтижесі мен жұмысы алдағы уақытта елдің саяси және қоғамдық өмірінде өз орнын көрсетеді. Мен ел азаматы ретінде еліміздегі оң өзгерістердің жалғасып, жаңа институттардың халықтың игілігіне қызмет еткенін қалаймын. Өйткені саяси жаңару бір күндік процесс емес. Бұл уақытты, тәжірибені және қоғамның белсенді ұстанымын қажет ететін ұзақ жол.
Рауан Қалиев- Қосшы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы.
Пікірлер (0)