Татулық пен бірлік – Тәуелсіз Қазақстанның берік тұғыры
Фото жеке мұрағаттан
Қазақстан – әлемге бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің жарқын үлгісін көрсетіп отырған мемлекет. Кең байтақ жерімізде жүзден астам этнос пен түрлі конфессия өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – халқымыздың кеңпейілділігі мен өзара құрметінің, мемлекет жүргізіп отырған сындарлы саясаттың және азаматтардың ортақ жауапкершілігінің нәтижесі.
Еліміз үшін ұлтаралық келісім – жай ғана ұғым емес, ол тұрақтылықтың, қауіпсіздіктің және өркендеудің негізгі тірегі. Татулық пен бірлік салтанат құрған жерде ғана экономикалық даму, рухани жаңғыру және қоғамдық өрлеу жүзеге асады. Сондықтан Қазақстанда қоғамдық келісімді сақтау мен нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады.
Қазақ халқы ежелден «Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Ырыс алды – ынтымақ» деп татулықты ең асыл құндылық ретінде бағалаған. Бұл қағидат бүгінгі таңда да өзінің өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Әрбір азаматтың тіліне, дініне, мәдениетіне және салт-дәстүріне құрметпен қарау – өркениетті қоғамның басты белгісі. Өзара сенім мен сыйластық адамдарды жақындастырып қана қоймай, мемлекетіміздің тұтастығын нығайтады.
Ұлтаралық келісімді қалыптастыру ең алдымен отбасыдан басталып, мектепте, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында және мәдениет мекемелерінде жалғасады. Әсіресе кітапханалардың бұл бағыттағы рөлі айрықша. Кітапхана – әртүрлі көзқарас пен мәдениетті тоғыстыратын, адамдарды білім мен руханият арқылы біріктіретін мәдени кеңістік.
Кітапхана қорындағы қазақ және әлем халықтарының әдеби мұрасы оқырманның дүниетанымын кеңейтіп, басқа ұлттардың тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарауға үйретеді. Кітап арқылы адам өзге халықтардың өмірі мен құндылықтарын танып, олардың мәдени ерекшеліктерін түсінеді. Бұл өз кезегінде төзімділік пен өзара түсіністіктің қалыптасуына ықпал етеді.
Бүгінде кітапханалар тек кітап беретін мекеме емес, қоғамдық пікір алмасатын және мәдени байланыстарды дамытатын заманауи орталыққа айналды. Мұнда ұлтаралық келісімді насихаттайтын кітап көрмелері, әдеби-сазды кештер, танымдық дәрістер, пікірталастар, дөңгелек үстелдер, оқырмандар конференциялары, жастар форумдары, шығармашылық кездесулер және түрлі мәдени жобалар ұйымдастырылады. Мұндай іс-шаралар қоғамдағы өзара сыйластық пен достықты нығайтып, жастардың бойында патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Қосшы қаласының кітапханасы да осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Кітапханада мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерге арналған мәдени-ағартушылық іс-шаралар, халықтар достығын насихаттайтын кітап көрмелері, әдеби кездесулер, жастарға арналған танымдық бағдарламалар мен пікір алмасу алаңдары тұрақты ұйымдастырылады. Мұндай жобалар қоғамдағы татулық пен келісім мәдениетін нығайтып, кітапхананы қала тұрғындарын біріктіретін рухани орталыққа айналдырып отыр.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлтаралық келісімді сақтау бұрынғыдан да маңызды. Әлемдегі түрлі сын-қатерлер халықтарды бірлік пен өзара түсіністіктің қадірін тереңірек ұғынуға жетелейді. Сондықтан әрбір азамат ел ішіндегі татулықты сақтауға, бір-біріне құрметпен қарап, қоғамдағы келісімді нығайтуға өз үлесін қосуы қажет.
Татулық – тәуелсіздіктің тұғыры, бірлік – ел болашағының кепілі. Осы құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, жас ұрпақтың бойына сіңіру – баршамыздың ортақ парызымыз. Ал кітапхана сол ізгі мұраттарға қызмет ететін, ұлттарды руханият арқылы жақындастыратын маңызды мәдени мекеме болып қала береді.
«Қосшы қаласы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ басшысы- Қариғазы Майгүл
Пікірлер (0)