Еркек жынысты өмір және феминизм

Әлеумет
view 3108
news

І-бөлім

Қазақ өмірді өзен дейді. Жалған дейді. Өткінші дейді. Сәйкесінше өлімді хақ, ақиқат дейді. Ғұламалар өліммен жүздесер сәтті үйлену тойы секілді қарсы алған екен дейді үлкендер. Соған қарап өлімді әйел жынысты ма екен деп ойлаймын қазір. Себебі сол үлкендер өлім һас сұлу кейпінде келеді деп айтатын хиссаларында. Итальяндық ақын Чезаре Павезе «Verra la morte e avra i tuoi occhi» (Өлім келіп, сенің көздеріңмен қарайды) дейді. Бәлкім, Павезе де үлкендер айтатын һас сұлуға ғашық болған шығар. Бәлкім, барлығымыз өлімге ғашық шығармыз. Теңгенің қос беті секілденген өлім мен өмір үнемі бір-бірін тәмамдап тұрады. Бірі бастау болса, бірі ақыр. Бірі ақыр болса, бірі бастау. Бір-бірін бар етуші қос ғашық. Иә, өлім мен өмір бір-бірін шексіз сүйетіндер. Ал біз өмірдің ғашығына ортақтасушылар. Жер әлемнің ешбір жерінде кездеспеген һас сұлуға ғашық үшінші адам, біздер. Немесе адам мен өлім бір-біріне ғашық, өмір ме бізді айыр­ған?! Өмір – өгей әке, өлім – туған шеше ме әлде?! Қалай десек те, самсара шеңбері секілді үздіксіз жалғаса беретін бұл әрекеттердің соңында өліммен қауышар сәт туады. Адамға ғашық ажал өліммен қауыштыратын. Өмір болса, қонақ бөлменің есігінен сығылаған баладай, адамның үйлену тойына қызыға да, қызғана да қарап тұрады. Әсілі, қызғанатын шығар, қызықпайды ғой. Демек, өлім – әйел жынысты, өмір – еркек жынысты болғаны да. Енді сол еркек жынысты өмірде еркектер ғана үстем етеді деген қитұрқы бір қағида бар секілді. Патриархалды қоғамда еркін жүруге, еркін тұруға тек еркектер ғана құқылы болып көрінеді еркектерге. Сол еркектер әйел затын бейне бір әлеуметтік тақырыптардың сыртында, тіл алушы, сөз тыңдаушы, айтқанды екі етпеу­ші, қарсы келмеуші, өз ойын және қалауын екінші орынға қоюшы, өзі үшін емес, өзге үшін өмір сүруші, бір сөзбен айтқанда альтруист үй жануа­ры секілді көретіні жасырын емес. «Жоқ, әйелімнің қолы босамағанда, мен де тамақ істеймін. Мен де бала қараймын. Тіпті мен де декретке шығамын» деп қатырады кей ағаларымыз. Бірақ оның ойын тыңдауға, сөзін естуге, қалауын ескеруге ерінеді, әлде құлық танытпайды. Бейне бір әйелдің бар мақсаты тек күйеуге тию, бала босану деп ұғады. Жоқ! Олай емес. Бұл үлкен қате! Тура осы секілді әйелдің бар бағы тек ошақ қасында деп ұғатын қоғамда олардың құқықтары көп қорғала бермейді. Жоқ, мәселе еркектер тарапынан күш қолдану яки күн көрсетпеу ғана емес. Бұл туралы қазақ қоғамында жазылып та, айтылып та жүр. Шама-шарқынша шаралар қолданылады да. Әрине, өз кезегінде «әттең, тонның келтесі-ай» деген дүние­лер де жетерлік. Бірақ біздің қозғап отырғанымыз физикалық әрекеттер емес, метафизика. Яғни, «отағасы» тарапынан «отанасын» жеке тұлға деп қарамау, оны толыққанды индивид деп көрмеу, үнемі оның ісін жарты деп есептеу, оның өмірін екінші орынға қою турасында болып отыр. Себебі еркек жынысты өмірде тек еркектер ғана үстемдік ету деп ойлайды. Бұл қаншалықты дұрыс? Расында еркек жынысты өмірде ерге арқа сүйегені үшін әйел заты оған тәуелді болуы керек пе? Еркек жынысты өмірден әйел жынысын ерлердің қорғағаны үшін, қорған болғаны үшін оларды екінші жыныс деп қабылдауы заңды ма? Қазіргі таңда әйелдердің құқығы, олардың теңдігі заңмен қорғалғанымен, ерлер тарапынан жасалатын жоғарыдағы моральді соққылар мен психологиялық травмаларды қалай емдеуге немесе алдын алуға болады?! Онсыз да адамзат баласының көңілі жарым. Өмір сүрген әр сәтінде тек іздейтіні жұбаныш. Бірі бұл жұбанышты кітаптан, бірі музыкадан, бірі поэзиядан, бірі кинодан, бірі саяхаттан, бірі өз жұмысынан табады. Бірақ ештеңеге жұбана алмағандар ше? Яки толық жұбана алмағандар ше? Оларды қайтеміз? Олар қайтеді? Бұл тек жазбамызға арқау болып отырған әйел жынысына қатысты проблема емес. Жалпы адамзатқа ортақ қасірет. Өміріңізде бір рет болсын жаныңыздың ауырғанын есіңізге түсірсеңіз, әйел заты өзінің ескерілмегені үшін өмір бойы жарым жартылай күн кешеді. Онсыз да еркек жынысты өмірде арқа сүйейтін жалғыз ғана адамы оны көзге ілмейтін болса, Сизифтің тасын өмір бойы арқалағанда не мән бар?! Тіл алушы, сөз тыңдаушы, айтқанды екі етпеуші, қарсы келмеуші, өз ойын және қалауын екінші орынға қоюшы, өзі үшін емес, өзге үшін өмір сүруші әйел заты да түсінілуге мұқтаж. Дұрысы, тек әйел заты емес, күллі адамзат баласы түсінілуге мұқтаж. Демек, біздің ойымызша, жоғарыда айтылған проблемалардың бір ғана шешімі бар. Ол – түсінілу. Ешқандай жынысқа бөлінбей, ешқашандай мұңға берілмей-ақ түсініле білсе болғаны. Бірақ осы жерде атақты психолоаналитик З. Фрейдтің «Жынысың – тағдырың» деген сөзі есіңе оралады. Жыныстың тағдыр екені рас болса, онда әйел жынысын екінші орынға қою әсте болмайды. Себебі бұл тағдыр. Екінші жыныс демекші, феминистік қозғалыстың негізгі философиялық шығармаларының бірі де «Екінші жыныс» (фр. Le Deuxième Sexe) деп аталады. Авторы әйгілі ойшыл Жан Поль Сартрдың ғашығы, Симон де Бовуар. Ол туралы келесі нөмерімізде толығырақ жазамыз.

Ақын, Файзулла ТӨЛТАЙ

(Көрнекі картина авторы: суретші Василий  Максимов. "Больной муж" 1911 ж)

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *