ҚАЛАДА ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖОБАСЫ ҚАРҚЫНДЫ

Әлеумет
view 2449
news

Бүгінде еліміздің әлеуметтік саласын жаңғыртуға ерекше назар аударылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында айтқан тапсырмасына орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірледі. Ал жаңа кодекстің негізгі мақсаты – халыққа түсінікті әрі қолжетімді болуы үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормаларын бір құжатта шоғырландыру. Қосшы қаласындада әлеуметтік сала аясында жұмысты жаңғырту шарасы қолға алынған. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар жөнінде Қосшы қаласы әкімдігі «Халықты жұмыспен қамту орталығының» директоры Махаббат Исина айтып берді. Қосшы қаласындағы «Халықты жұмыспен қамту орталығының» ұжымы цифрландыру мәселесінде қазіргі заман үдерісінен қалмауда. Біздің шаһарда Цифрлық жұмыспен қамту орталығының тұжырымдамасы да іске асып жатыр. Яғни, Қосшы қаласының тұрғындары біздің орталықта көрсетілетін қызметтерді онлайн, яғни электрондық форматта алуына мүмкіндік бар. Қазір enbek.kz сайтында жұмыс іздеуші, жұмыссыз ретінде тіркеліп, мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық белсенді шараларын пайдалана алады. Мәселен, субсидияланатын жұмыс орындарының бос жұмыс орындарына орналастыру, жұмыс берушілер мен жұмыспен қамту орталықтары арасында шарттар жасасу және тағы басқа дүниелер электрондық сипатқа ауыстырылған. Біріншіден, процестерді цифрлық форматқа көшірудің артықшылығы көп. Біріншіден адами факторды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды. Сондай-ақ, мемлекеттік жоба аясында қолдау шараларының қолжетімділігі мен ашықтығын арттырады деп есептеймін»,-деді орталық директоры. Мамандар жұмыссыздық мәселесін шешу үшін, елімізде қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау шарасында жүйелі түрде жүргізеді. Соңғы мәліметке сәйкес, «Халықты жұмыспен қамту орталығына» жұмысқа орналасуды көздеген 714 азамат жүгінген. Оның 370-ке жуығы жұмыссыз ретінде тіркеліпті. Қуантарлығы, сала мамандарының көмегіне жүгінген 364 азамат екі қолға бір күрек тауып отыр. «Олардың басым бөлігі, яғни 294 -і тұрақты жұмысқа орналасты. 21 қарашадағы жағдай бойынша, орталықта жұмыссыз ретінде 165 адам есепте тұр. Оның ішінде 56 азамат жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алып отыр. Бүгінгі таңда жоспарға сәйкес жалпы 627 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, жыл басынан бері 124 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жіберілген», – дейді Махаббат Исина. Статистика көрсеткіші көз қуантарлық. Мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқаннан кейін, 48 азамат екі қолға бір күрек тапты. Олардың қатарында әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру шеңберінде жұмысқа орналасқандар да бар. Сала жауаптылары бұл бағыттағы жұмыс жоспарында 100%-ға орындап отыр. Қосшы қаласының тұрғыны Жанар Смағұлова аталған жобаның шарапатын көріп жүр. Айтуынша, ол жұмысынан айырылған соң, «Халықты жұмыспен қамту орталығына» тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналасу үшін өтініш тастаған. «Мен шілде айында Қосшы қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығына» жұмыссыз ретінде тіркелдім. Сондай-ақ тұрақты жұмысымнан айыруыма байланысты, әлеуметтік төлем алуға құжаттарды тапсырдым. Мемлекеттік бағдарлама аясында маған сала мамандары әлеуметтік уақытша жұмыс орнын ұсынды. Осылайша мен, қаладағы мейрамханада әлеуметтік жұмыс орнына, әкімші лауазымына орналастым. Алдымен әңгімелесуден сәтті өтіп, орталықтан жолдама алдым. 25 шілдеден бастап, мен қаладағы мейрамхананың бірінде әкімші болып қызмет етіп келемін. Маған бұл қызметім ұнайды. Мұндағы ұжымда өте ұйымшыл, мені жылы қабылдады. Жұмыс өте қызықты,жауапкершілікті талап етеді. Қазір мен түрлі той, мерекелік жиындарға тапсырыс алып жүрмін. Өзіме ұнайтын жұмыс істеп, нәпәқамды табуға сеп болған «Халықты жұмыспен қамту орталығы» ұжымының еңбегі ерең екенін айтқым келеді», – деп Жанар Смағұлова мекеме қызметкерлеріне алғысын білдірді. Әлеуметтік кодекс, ол азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, адам өмірінің әрбір кезеңіне қатысты бөлімдерді қамтиды. Бұл қазақстандықтарға мемлекеттік қолдау шараларын оңай түсінуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік кодекстің жобасында отбасылық цифрлық карта енгізу, жұмыспен қамтудың саясаты, жаңа көші-қон саясаты, балалы отбасыларға қолдау көрсету шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру мәселелері қамтылған. Қарапайым тілмен айтсақ, отбасының цифрлық картасы – дерекқор болып саналады. Аталған жүйеде әр азамат туралы барлық дерек жиналады. Мемлекет азаматқа ақпараттық жүйе арқылы тиісті органдарға жүгінбей-ақ, мемлекеттік қолдаудың қандайда бір түрін алуды ұсынатын болады. Бастапқы кезеңде мемлекеттік органдарға ақпараттық жүйелердің деректері негізінде отбасылардың әл-ауқат деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын айқындау бойынша жұмыс жүргізілді. Қазірдің өзінде цифрлық картада еліміз бойынша шамамен 19 миллионнан астам мүшесі бар 6 миллион отбасы туралы деректер қамтылып, «отбасы портреті» қалыптастырылды. Карта деректері отбасы және оның мүшелері мәртебесінің өзгеруіне қарай жаңартылып отырады. Бұл жобаның маңыздылығы мен тиімділігін Қосшы қаласындағы «Халықты жұмыспен қамту орталығының» директоры Махаббат Исина да атап өтті. «Бұл картаның пайдасы көп. Яғни, жәрдемақыларды проактивті форматта, көмек алушыдан өтініштің түсуін күтпей-ақ тағайындауды қарастырады. Мемлекеттік қолдау шараларын алуға рұқсат белгіленген кезде жәрдемақы алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті рәсімдеу және әлеуметтік жәрдемақыны немесе төлемді бекіту автоматты режимде жүргізіледі. Енді аталған пилоттық жоба еліміз бойынша кезең кезеңімен іске асырылады. Бізде жаңашылдыққа дайынбыз. Биыл 1 қыркүйектен бастап жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылды. Олар: баланың тууына байланысты әлеуметтік төлем, баланың бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты әлеуметтік төлем, мүгедек баланың күтіміне байла- нысты, сондай-ақмүгедектігіне байланысты жәрдемақылар. Тұрғындар 1 қазаннан бастап асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем, жұмыссыздыққа байланысты әлеуметтік төлем, көпбалалы отбасыларға тиесілі жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталғандарға тиесілі жәрдемақы, 1 қарашадан бастап зейнетақы төлемдері және атаулы әлеуметтік көмексекілді қызмет түрлерін жаңа форматта ала алады», – деді орталық директоры Махаббат Исина. Бұдан бөлек, Қосшы қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» қандастарға да көмек көрсетеді. Жыл басынан бері орталыққа өтініш білдірген 5 қандасқа 70 АЕК мөлшерінде субсидия төленіпті. «Қосшы қаласының «Халықты жұмыспен қамту орталығы» тоқсан сайын бос орындар жәрмеңкесін өткізіп тұрады. Мұндағы басты мақсат халықтың жұмыссыздық деңгейінің көрсеткішін төмендету. Жалпы біздің мекеме ұжымының ұйымдастыруымен 5 бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Оған 50 жұмыс беруші қатысып, тұрғындарға 279 бос жұмыс орындарын ұсынды. Жалпы бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне 164 адам қатысты. Оның ішінде 63 азамат жұмысқа орналасты. Ал төрт адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Айта кетсек, қазіргі уақытта Қосшы қаласы бойынша 100 бос жұмыс орны бар. Оның ішінде enbek.kz сайтта 33 вакансия жарияланған», – деді орталық директоры Махаббат Исина. Қосшыда «жастар практикасы» бағдарламасының шарапатын көргендер көп Қосшы қаласында мемлекеттік бағдарламалар аясында нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, жастарды қолдау бағытында көптеген шара жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, соңғы уақытта оқу бітіріп, диплом алған түлектердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына көп көңіл бөлініп келеді. Биыл жоспарға сәйкес, «жастар практикасын» ұйымдастыру және қаржыландыру қағидалары шеңберінде 25 адамды жобамен қамту көзделген. Бүгінде аталған бағдарламаға 28 жас маман жолданып, жоспар 112%-ға орындалып отыр. Сала жауаптыларының сөзінше, тәжірибеден өткен 17 жас біліктілігін көрсетіп, жұмысқа орналасқан. «Жастар практикасы» бағдарламасы – арнаулы және жоғары оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамту мәселелерін шешудегі бірден-бір жолы. Бұл бағдарлама жастардың өз мамандығы бойынша практикалық тәжірибе жинақтауына жол ашып, келешекте тұрақты жұмыс орындарына орналасуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Қосшы қаласында «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру жолында көптеген жұмыс атқарылып, ақпараттық-насихат жұмыстары да жалғассын табуда. Әсіресе, бағдарламаның үшінші бағыты – «Жастар практикасы» бойынша оқу орындарының түлектерімен кездесулер ұйымдастырылып жүр. Яғни, кездесу барысында жас мамандарға бағдарламаның бар мүмкіндігі айтылып, талаптары мен тиімділігі түсіндіріледі. Бұл жоба өткен 3 жыл ішінде оқуын аяқтаған жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері қатарындағы жұмыссыз жастарға арналған. Айта кету керек, биылдан бастап, бағдарлама аясында мемлекет 30 АЕК (92 мың теңге) жалақы мөлшеріне кепілдік береді. Сондай-ақ бұрын жобаға 6 айға дейін қатысуға мүмкіндік болса, бүгінде оның мерзімі 12 айға дейін ұзартылып отыр. Егер жас маман осы уақыт аралығында жұмысында өзін көрсете алса, тұрақты жұмысқа қалуына да мүмкіндігі бар. Осылайша бұл жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға жасалған алғашқы қадам болып тұр. «Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп келген азаматтарды алдымен біз түрлі санатқа бөліп қарастырамыз. Себебі, кейбірінің мамандығы болмайды, біреулерінде қолында диплом бар, бірақ тәжірибеден өтпеген. Ондай азаматтарды уақытша жұмыспен қамтамасыз етуге тырысамыз. «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс» және «Әлеуметтік жұмыс орындары» деген бағыттар бойынша жұмыс істейміз. Сонымен қатар, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдаймыз. Мәселен, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша, 2 адамды жолдау жоспарланып, меже 100 пайызға орындалды. Оның біреуі тұрақты қызметке орналасып отыр. Ал 1 азамат жолданып, ол да тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бұдан бөлек, «Күміс жас» жобасы да іске асып келеді. Аталған бағдарлама негізінде 5 азамат жолданған», – деді Махаббат Исина. Халықты жұмыспен қамту шараларына тарту жұмысына ерекше көңіл бөлінеді. Орталық директорының берген ақпаратына сәйкес, жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидалары шеңберіндегі жоспарда толығымен іске асқан. Бағдарлама бойынша жолдама алғандардың бірі – Толғанай Хуанған. Ол Көкшетау қаласындағы «Ақан сері атындағы жоғарғы мәдениет» колледжінде, «педагог, театр ұжымының режиссері» мамандығы бойынша білім алған.Оқу бітірген соң, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген. Сөзінше, 23 жастағы бойжеткен, тамыз айында орталық көмегіне жүгінген. «Мен Қосшы қалалық Мәдениет үйіне жолдама алдым. Сөйтіп жастар тәжірибесіне жолдандым. Қазіргі таңда осы мекемеде әдіскер ретінде қызмет етемін. Мұндағы басшылық келісім - шартта көрсетілген тәжірибе мерзімі аяқталса, мені тұрақты жұмысқа аламыз деп отыр. Себебі мен өзімді білімді жас маман ретінде көрсете білдім. Осындай мүмкіндік берген орталық мамандарына алғысым шексіз. Қазір мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін сезініп, расында да жастарға уақытша жұмыстан тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар екендігін айта аламын», – деп пікірімен бөлісті Толғанай Қуанғанқызы. Толғанай секілді өзгеде қосшылық жастар бұл бағдарламаның шарапатын көріп жүр. Жалпы «Жастар практикасы» уақытша жұмыс орны болып есептелінеді. Дегенмен де, жас мамандар үшін тәжірибе жинақтап, жұмысқа орналасуға зор мүмкіндік береді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне жүгінсек, еліміздек жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрайды. Бұл халық санының өсуі мен жастардың еңбек нарығына шығуын ескерсек, жақсы көрсеткіш, – дейді сарапшылар. Жұмыссыздар санының азаюына Қосшы қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығының» мамандары да ат салысуда.

Азиза ӨТЕУЛИЕВА

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *