Астанада Қазақстан мен шетелден келген медиа индустрияның жетекші сарапшыларының қатысуымен Astana Media Week 2023 өтті. Дәстүрлі медиа алдында тұрған өзекті сын-қатерлер талқыланған іс-шараға Қосшы қаласының журналистері де қатысты.
Талқылаулар алдағы уақытта медиа жұмысын ұйымдастыру жолдарына, жаңа медианың еркіндігіндегі тепе-теңдікті іздеуге және ҚР медиа заңнамасында блогосфераны реттеуге қатысты болды. Аталмыш шара аясында ақпараттық кеңістіктегі этика мен жауапкершілік, жалған ақпаратқа қарсы тұру тақырыптары да назардан тыс қалған жоқ.
– «Бұл жиынға жыл сайын шетелдік беделді тұлғалар, беделді сарапшылар мен білікті медиа мамандары арнайы қатысуы осының айғағы деп білемін. Мемлекет бұқаралық ақпарат құралы саласындағы заңнаманы жетілдіруге ерекше көңіл бөліп отыр. Сонымен қатар биыл мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырудың негізгі бағдарын айқындайтын тұжырымдамалық құжат – ақпараттық доктрина қабылданды. Медиа саласы қоғамдық өмірдің барлық салаларына әсер ететіні белгілі. Салада үздіксіз трансформация мен цифрландыру, жаңа платформалар, коммуникация құралдары мен хабарламаларды беру әдістері жаңарып отырады. Бұл БАҚ-ты жаңашылдыққа бейімдеуге, үнемі дамып, жаңғырып отыруға жетелейтіні анық», – деді Мәдениет және ақпарат министрі апталықтың ашылу салтанатына жіберген бейнеқұттықтауында Аида Балаева.
Медиа апталыққа қатысушыларға арналған жыл сайынғы «контент-маркет» көрмесі ұсынылды. Шараға алғаш рет тәуелсіз подкасттар мен диджатал контент авторлары қатысты. Юлия Юка Кравченконың «Альтернативная реальность» атты диджатл көрмесі ашылды.
Қоюшы-суретші және сет-дизайнер жасанды интеллект тәжірибесімен айналысады. Оның көмегімен Қазақстанның баламалы шынайы жұмыстарының сериясын жасауға шешім қабылдады. Сонымен қатар медиа орталықтың басты залында өңірлік бақ форумы өз жұмысын бастады, онда жергілікті БАҚ-тың өзара іс-қимылы және олардың жаһандық күн тәртібін қалыптастырудағы әлеуеті қаралды.
Медиа алаңға арнайы шақырылған қонақтар – ұлттық ведомстволар мен телеарналардың басшылары, Түркия, Корея, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген танымал журналистер мен продюсерлер қатысты. Бағдарлама шеңберінде цифрлы
сауаттылық, деректерді қорғау, әлеуметтік желілердегі этика тақырыптары қаралды. Сарапшылар бұқаралық ақпарат құралдарындағы медиа өлшемдер мен жарнама тақырыбын, жалған ақпаратты таратуға және жарнамадағы манипуляцияларға қатысты мәселелерді
пысықтады. Қазақстандық шындық қана емес, бүкіл Орталық Азия мен ТМД-ның проблематикасы қамтылады. Lee Chae Hwan, Қазақстандағы BIG OCEAN ENM (Оңтүстік Корея) өкілі өз тәжірибесімен бөлісті. PUBLIC TALK пікірталас алаңының тақырыбы – жаңа этика.Қатысушылар медиа соңғы жылдары қандай құндылықтар эволюциясынан өткені туралы өз пікірлерін ортаға салды. Пікірталасқа «Ресей газетінің» Орталық Азия бойынша өңірлік өкілдігінің директоры Дмитрий Евлашков қатысты. Ол кешегі және бүгінгі газет басылымдарының дамуы жайлы сөз қозғады.
Алғашқы күні «Сыни тұрғыдан ойлау: неге біз енді көргенімізге, естігенімізге және оқығанымызға сенбейміз?» тақырыбындағы Media Talks бейресми конференциясы өтті. Қазіргі заманғы креативті және медиа индустрия өкілдері хайп, кликбейт және фейктер, сондай-ақ цифрлы ортадағы журналистердің жаңа этикасы мен кәсіби мінез-құлқы жайлы сөз қозғады. Медиа апталықты баспасөз, радио, интернет-журналистика саласындағы «Үркер» 2023 ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау іс-шарасы қорытындыланды.
Форумда жергілікті БАҚ-тың өзара іс-қимылы және олардың жаһандық күн тәртібін қалыптастырудағы әлеуеті қаралды. Іс-шараға Қосшы қаласы «Жаңа бастау» ақпараттық агенттігінің бас редакторлары Дәулет Асау мен Жанар Ахметова да қатысты. Mediaquiz – интерактивті іс-шарасы сала қызметкерлері үшін бейресми нетворкингке айналды, онда ниет білдіргендер өз білімдерін, креативтілігі мен аналитикалық дағдыларын тексерді.
Жанар АХМЕТОВА
Пікірлер (0)