Тәуелсіз еліміздің алғашқы президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама бұл – «Жасыл ел» бағдарламасы. Жиырмаға жуық жыл өтсе де аталған бағдарлама өзінің маңыздылығын жойған емес. Қосшы қаласындағы «Жасыл ел» жасағы жұмысын аяқтады.
«Жасыл ел» жасағында болған қаншама жастардың Отанға, туған жердің табиғатына деген махаббат, сүйіспеншілігі артып, осы саланы өздерін дамытуға жол ашылды, табиғатты көркейте түсудегі арман-мақсаттары бір арнада тоғысты. Жазғы демалысты тиімді, тұрақты жалақымен, туған елдің көркеюі жолында өткізу қай жағынан алып қарасақ та тиімді. Бұл ата-баба аманатына қиянат келтірмей, жер мен судың, көрікті орындардың қалпын жоғалтпай, тазара түсуіне мол септігін тигізер әрекет.
Осы орайда «Жастар ресурстық орталығы» КММ бас маманы Мөлдір Маратқызы Қосшы қаласындағы жасақтың атқарған тындырымды ісі жөнінде былай дейді: «Еңбек жасағы Қосшы қаласында бірінші рет жұмыс істедік. Бірақ алғаш рет болғанымен атқарған істің ауқымы кең деуге толықтай негіз бар. «Лесная поляна», «Нұрай» сияқты көп қабатты үйлердің, жаңа мектептердің маңайын, Ұлы дала, Тұран, Абай, Республика көшелерін жинап, тазарттық. «Жасыл ел» еңбек жасағында 12 шілде мен 12 қыркүйек аралығында 66 жас, екі еңбек жасағы жұмыс істеді. Ата-аналарының өтініш, келісімі бойынша 15 жастан бастап оқушылар мен студенттер қатарға тартылды. Күніне 5-6 сағат жұмыс істеп, 70 000 теңгеден жалақыларын алды. Көшелер қоқыстан тазарды. Күніне қырыққа жуық қапты құрайтын қоқыс жиналды», дейді.
Бір қуанарлығы, бағдарламаның ауқымдылығы жыл өткен сайын артып келеді. Бұл дегеніңіз сұраныс бар деген сөз. Жастар жұмылса алынбайтын қамал, бітпейтін іс жоқ. Өскелең ұрпақты еңбекке баулып, қоршаған ортаны қорғауды ерте меңгеруге үлес қосқан бағдарламамен «Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз» деген тәмсілдің төңірегінде қаншама игі жұмыстар атқарылды.
«Еңбек жасағында жүргендердің басым көпшілігі Қосшы қаласының мектеп жасындағы оқушылары болды. Жазғы демалыс уақытына қарамай, таңертен 9.00-ден кешікпей, уақытылы келіп жүрген жастарға қарап сүйсінесің. Олардың еңбексүйгіштігін ерекшелеп атап өтуге болады. Топта жүріп жастар арасында достық, ұйымшылдық, бірі-біріне деген жанашырлық, жауапкершілік, мейірім, бауырмалдық, берілген істі тиянақты, уақытылы аяқтауға деген ынта сияқты асыл қасиеттер қалыптасты. Жігіттердің арасында Жарасхан, Дәурен, Едіге, қыздардың арасында Шахназ, Арай, Аяна, Шұғыла сияқты жастар ерекше белсенділігімен, тиянақтылығымен көзге түсті. Әрбір тазартылған аумаққа қарап, олар енді қоқыс тастамайтындай болдық деп өздерін тәрбиелегендей ой қалдырды», дейді Мөлдір Маратқызы.
Ол бағдарлама арқылы жастардың шымыр, алғыр, істе тиянақты болуына мол мүмкіндік бар екендігін алға тартты.
«Еңбектің наны тәтті» демекші, «Жасыл ел» бағдарламасымен нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан жасақ арқылы елдегі жұмыссыздың мәселесін де уақытша шешуге мүмкіндік туды. «Жұмыстың ыңғайлылығы үшін жастарға арнайы логотипі бар жейде, бас киім, күнделікті қолғап беріліп отырды. Аптасына 5 күн, тәулігіне 18 жасқа дейінгі жастар 5 сағат, 18 жастан асқандары 8 сағатқа дейін жұмыс істеді. Аймағымыздағы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай сәтті, нәтижелі болды. Жасаққа бірінші кезекте әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан, жұмыссыз жастар қабылданды», дейді Мөлдір Маратқызы жасаққа қабылдаудағы негізгі талаптарға тоқталып.
14-29 жас аралығында өтініш білдіргендерді еңбек жасағында жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін «Жасыл ел» келер жылы да жаңа биіктерге жол ашып, қатары көбейетініне сенім зор. Өміршең бағдарлама арқылы ұтар тұсымыз көп. Бұл алдымен еңбек арқылы ұрпақты тәрбиелеудің алтын тетігі деуге негіз бар. Жаздай «Жасыл ел» жасағымен Қосшы қаласын қоқыстан тазартқан жастар, қыс мезігілінде қардан тазалау жұмыстарын еріктілермен бірлесе «Көмек қолы» акциясы аясында уақытылы жүргізетінін айтты.
Гүлназ БИСЕН
Пікірлер (0)