Көрісу күні – татулық пен құрметтің мерекесі
Фотосурет: дереккөз
14 наурыз – қазақ халқы үшін ерекше мәні бар Көрісу күні, яғни Амал мерекесі. Бұл күн – адамдардың бір-бірімен көрісіп, амандық сұрасатын, реніштерді ұмытып, татулық пен бірлікті нығайтатын игі дәстүрге толы мейрам, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Көрісу күні – үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіретін, ақсақалдардың батасын алып, ізгі тілектер айтылатын халқымыздың көне салттарының бірі.
Осы мерекеге орай Қосшы қаласының жастары қаламыздың ардақты ақсақалы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әжітаев Нұрқасым Әжітайұлының үйіне арнайы барып, Көрісу күнімен құттықтады. Жастар ардагердің хал-жағдайын сұрап, жылы лебіздерін білдіріп, ақ батасын алды.
Кездесу барысында жастар мен ақсақал арасында жылы әңгіме өрбіп, үлкеннің өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі айтылды. Мұндай тағылымды кездесулер жас ұрпаққа өнеге болып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлкен үлес қосады.
Айта кету керек, Көрісу күні – адамдар арасындағы сыйластықты арттырып, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын маңызды мерекелердің бірі.
Осындай игі бастамалар арқылы жастар халқымыздың дәстүрін жалғастырып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету мәдениетін дәріптеп келеді.


Пікірлер (0)