Қосшы суы – халық мұңы 

Қосшы жаңалықтары
view 326
news

Қосшының ауызсу төңірегіндегі түйткілдер ақпарат бетінен түспей келе жатқан ауқымды мәселелердің бірі. Осыдан біраз жыл бұрын бұл мәселені шешу мақсатында қомақты қаржы да бөлініп, біраз жұмыстар атқарылғаны бәрімізге белгілі. Десе де сол түйткілдің түйіні тарқамаған қалпы бүгінге жеткен. Қосшы суының ең ауқымды проблемасы – судың жеткіліксіздігі. Әсіресе жаз айларында су қысымының шамадан тыс төмендеуіне байланысты көпқабатты тұрғын үйлердің жоғарғы қабатына су жетпей жатады. Бұл үшін 2016-2018 жылдарға арналған сумен қамту жобасы жүзеге асқанымен, ауыл халқын толықтай сумен қамти алмады. Мәселені сол кездегі жауапты тұлғалар ауыл тұрғындары санының күн санап өсуімен түсіндірді және демографиялық өсімге сай келмегені үшін кейбір жобадан бас тартқаны да есімізде. Соңғы он неше жылда тұрғындар саны 20-25 есе өскені рас. Жоба жасалғанға дейін де, кейін де тұрғындар саны үздіксіз өсу үстінде. Жеке тұрғын үйлердің бір бөлімі бүгінге дейін құбыр суына қосылмаған. Қосшыға қоныс тепкен халық ұңғыма қазып, сорғылар арқылы су мәселесін өздері шешіп отыр. Ауыз судың жетіспеушілігі көбінесе көпқабатты үйлерде өзектілігін сақтап келеді. «Лесная паляна» тұрғын алабының 20-үйінде тұратын Гүлжан Ибраева былай дейді: «Осы үйде 8 жылдан бері тұрып келемін. Пәтерім 5-қабатта болғандықтан су жетіспеу мәселесі жиі қайталанып, ығырымызды шығарды. Көмегі тиеді деген құзырлы органдардың барлығының есігін қақтық. Уәде беруден ары аспайды. Теледидар мен газеттерден тілші де шақырдық. Көмегі болған жоқ. Демалыс күндері су жетіспей қалу әдеттегі жағдай. Оның үстіне аптасына 2-3 рет қайталанып отыратын су желісіндегі апаттар бар. Жөнделіп, су жіберілгеннен кейін де жоғарғы қабатқа су жету үшін 4-5 сағат уақыт кетеді. Сусыз қалмас үшін ыдыстарымызға алдын-ала су толтырып аламыз. Судың сапасы туралы айтқым да келмейді. Көршілеріміздің көбі ішетін суды онсызда арнайы сүзгілерден ішеді. Судың сапасыздығы кесірінен крандар мен басқа жабдықтар жиі істен шығады. Көршілерім қарт кісілер. Су тоқтаған күндері оларға қатты ауыр тиеді». Аталмыш тұрғын үйлердің аумағы жыл сайын артып, жаңа үйлердің көптеп салынуы да тұрғындарды алаңдатып отыр. Жоғарыда аталған үйдің тағы бір тұрғыны Нұртілек Қаныш та ауыз су төңірегіндегі бір қатар түйткілдерді айтып, «Мектептің айналасына салынып жатқан жаңа үйлерді пайдалануға берілгенде күніміз бұдан да қараң бола ма деп ойлаймыз. Қосшы қала болды. Жаңа әкімдік бір шешімін табар деген үмітіміз бар» деп, түбегейлі шешім күтіп отырғанын жеткізді. Қала тұрғындарының базынасын естігеннен кейін, қала әкімінің орынбасары Әлихан Қуатбековпен сөйлесіп, ауыз судың мән-жәйін анықтауға тырыстық: «Қосшы қаласындағы су құбырларының жалпы ұзындығы 156 км-ді құрайды. Қаламызды толық сумен қамту мәселесі қаншама жылдан бері өзектілігін сақтап келе жатқаны белгілі. «Сабынды-Қаражар» жобасы іске асуы үшін әлі 1-2 жыл уақыт бар. Оған дейін Қосшыны сумен қамтудың балама жолдарын іздеп жатырмыз. Сәуір айында облыс әкімі осы мәселені шешу туралы тапсырма берген. Қосшы қаласы әкімдігі ішкі резервтерді пайдалана отырып, қалай да сумен қамтамасыз етудің жолын қарастырды. «Целиноград су арнасы» Қосшы филиялымен бірлесе отырып жасаған 2-3 айдан бергі қауырт жұмыстың арқасында нәтижелерге қол жеткіздік. Жұмыс үш бағытта жүргізілді: бірінші кезекте судың ысырап болып, есепсіз кетіп жатқан жағдайларды анықтау керек болды. Ол үшін жеке меншік тұрғын үй алаптарындағы жер асты су құбырларының жұмыс жағдайын анықтадық. Нәтижесінде құбырлардың бүлінуінен жер астына кетіп жатқан фактілер анықталып, тоқтатылды. Екінші бағытта судың берілуінде іркілістер көп. Су  тораптары реттегіштерінің көбі ескіріп, тот басып, істен шыққан. Соларды анықтап, жөндеу арқылы судың берілу мөлшері ретке келтірілді. Судың негізгі желілерін қарап, қаншалықты дұрыс жұмыс істеп тұрғанын зерттедік. Нәтижесінде су жинау станциясынан тек қана бір құбыр арқылы су беріліп тұрғанын анықтадық. Қосшы су жүйесінің әлі күнге «Целиноград су арнасы» қарамағында болғандықтан, біздің қолымызда қазіргі күнде жұмыс істеп тұрған су желісінің жобасы жоқ. Біз бұрын осы салада жұмыс істеген зейнеткер ардагерлерден сұрастырып және басқа да мәліметтерді жинақтай отырып, қаншама жылдар бойы жұмыс істемей тұрған екінші құбырды таптық. Бірақ апаттық жағдайда. Төрт жердегі бүлінгенді қалпына келтірдік. Қазіргі күнде 315 см көлемде екі құбыр арқылы су жіберілуде. «Лесная полянадағы» көпқабатты үйлердің су қысымын тұрақтандыру үшін кезінде қосымша қаржы бөлініп, үш сорғы орнатылыпты. Соңғы жиырма күннен бері сол сорғылардың көмегінсіз көпқабатты тұрғын үйлерге дейінгі қысымды толықтай қалпына келтірдік. Сол арқылы қосымша шығынның алдын алдық. Үшінші бағытымыз «Меншік иелері» бірлестігімен (ОСИ) бірлесе отырып, көпқабатты үйлердің ішкі жүйелеріндегі іркілістер мен апатты жағдайларды анықтап, жөндеу бағытындағы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Көптеген үйлерде су қысымын бақылайтын манометрлер қойылмаған. Кейбір үйлердің ішкі жүйесінде сүзгілердің бекітілуі, крандардың жартылай істен шығуы секілді апаттық жағдайлар анықталып, қалпына келтірілді. Әрбір кіреберістің жоғарғы қабатындағы пәтерлерге барып, су қысымын тексердік. Біздің қазірге дейінгі жұмысымыздың нәтижелері Лесная поляна тұрғын алабындағы 13, 14, 16, 17, 18, 21, 22, т.б. үйлерде көріне бастады. Бұл жұмыс жалғасып жатыр. Пәтерге дейін судың берілуі жақсартылды, бірақ пәтер ішіндегі жабдықтардың бүлінуінен судың дұрыс берілмеу фактлері де анықталды. Осылайша, Қосшы қаласын сумен толықтай қамдайтын негізгі жоба іске асқанға дейін қала тұрғындарының су мәселесін шешудің балама жолдарын тауып, оң шешімдер қарастырып жатырмыз»,-дейді Әлихан Жұмаханұлы. 17-үйдің жоғарғы қабатында тұратын Айжан Садуақас есімді тұрғын судың тақсіретін тартқанына біраз жыл болғанын, Қосшы су арнасы мен әкімдіктің және «Меншік иелері» бірлестігінің бірлескен жұмыстары арқасында таяудан бері судың қысымы айтарлықтай жақсарғанын айтады. «5-қабатта тұрамын. Жаз шыға күнде болмаса да, екі-үш күнде бір судың қысымы азайып кетеді. Тіпті көп жағдайда мүлдем су болмай қалатын. Түндерде немесе таң алдында ғана суды еркін пайдалануға мүмкіндік туатын. Көршілерімізбен бірге жиі шағымданғанымызбен, өнімі болмады. Кейін қалыпты жағдай ретінде қабылдап, үйреніп кеттік. Соңғы кездері хәліміз оңала бастағанын жасырмаймыз. Дәл қазір судың берілуі өте жақсы. Бірақ біздегі су мәселесінің түбегейлі шешімі табылды ма, жоқ па? Оны қазірше білмейміз»,-дейді Айжан Садуақас. Көпқабатты үйлердегі судың ішкі жүйелеріндегі проблемалардың барлығын «Меншік иелері» бірлестігі өкілдері де жоққа шығармайды. 20-үйдің «Меншік иелері» бірлестігінің өкілі Еркебұлан есімді азаматтың айтуынша, сүзгілер мен крандардың істен шығуының маңызды бір себебі судың сапасыздығы. Жаңасын ауыстырып, мәселені уақытша шешкенімізбен, сапасыз судың кесірінен тағы да істен шығуы мүмкін, бұл халықтың қалтасына салмақ салады. Сол үшін су сапасын жақсарту шараларын қарастыру керек. Қосшы тұрғындары судың жетіспеушілігінен тыс, су сапасы жайлы біраз базыналарын жеткізді. Осыдан бірер жыл бұрын Қосшыда су тазарту станциясы салынып, пайдалануға берілгені жайлы ақпарат құралдарына айтылып, ұрандатқанымен, су сапасында айтарлықтай өзгерістер болмағаны халықтың есінде. Қала әкімінің орынбасары негізгі құжаттардың жоқтығын алға тартып, сүзгілік станцияның жұмысы туралы мәлімдеме бермеді. Бейресми ақпараттарға сүйенер болсақ, су тазартатын Сүзгілік станция құрылысы аяқталғанымен, толықтай іске қосылмаған. Бізге жеткен анықталмаған ақпараттар бойынша, Сүзгілік станцияның жобасында кейбір қателіктер орын алған болуы бек мүмкін. Жобаны жасағанда судың құрамын анықтауда жіберілген қателіктер салдарынан сүзгілік станцияның ауыз суды тиісті деңгейде тазалауға мүмкіндігі жоқ. Бұл ақпаратты біз хабарласқан ешқандай мекеме растамады және жоққа да шығармады. Ал қала әкімі орынбасарының сөзіне сенсек, сумен қамтудың уақытша шешімі табылды. Қосшы су арнасы әкімдік қарамағына өткеннен кейін, су сапасы бойынша түйткілдің де түйінін тарқату үшін дайындықтар жүріліп жатқанын жеткізді. «Қосшы су арнасы біздің қарамағымызда болмағандықтан, су тазарту станцияларына жобалар жасап, қаражат бөлуге бізде қазірше мүмкіндік жоқ. Бірақ қаланың бас жоспарында осы мәселені қарастыру үшін, бірнеше отандық және шетелдік ғылыми орталық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Су сапасын жақсартатын жоба жасау кезек күттірмейтін жұмыс. Ол үшін бар мүмкіндікті қарастыратын боламыз»,- деп сендірді Әлихан Жұмаханұлы. Қалай дегенмен халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету ауқымды жұмыс. Бұл ең алдымен халықтың денсаулығына қатысты мәселе. Сапасыз су әр түрлі онкологиялық аурулардың негізгі себебі екенін айтады мамандар. Сондықтан су тазарту жүйесінің дұрыс жолға қойылуы маңызды. Қосшы жолдарын жасау жөніндегі кейбір жобалардан бастап, Қосшы су арнасы сынды үлкен нысандардың бір әкімдіктен екінші бір әкімдікке өтуі ұзақ процесс екені түсінікті. Алайда халықтың әлеуметтік өміріне нұқсан келтіруі мүмкін маңызды нысандарды қала әкімдігінің қарамағына өткізу ісін тездету заңға қаншалықты қайшы немесе біздің жүйені жайлаған бюрократияның кесірі ме? Бұл және өзге де сұрақтар келесі мақалаларымыздың еншісінде.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *