Қарапайымдылықтың үлгісі

Пікір
view 34
news

Фото: Ақорда

Соңғы уақытта Астана көшелерінен ерекше бір жылылық пен серпіліс сезіледі. Кеше ғана қаламызда өткен халықаралық тазалық күні аясындағы «Таза Қазақстан» акциясы жай ғана сенбілік емес, нағыз елді біріктіретін үлкен қозғалысқа айналды. Бірақ мені тұрғын ретінде ең қатты сүйсіндіргені Президентіміздің көрсеткен шынайы қарапайымдылығы.

Мемлекет басшысының ресми жиындардан тыс, халықтың ортасында жүрген сәттерін бейнежазбалардан көріп, іштей қатты қуанамын. Президентіміз Президент саябағында жастармен, экобелсенділермен бірге ағаш егіп қана қоймай, елорда көшелерін аралап, қаланың тыныс-тіршілігін өз көзімен көрді.

Әсіресе, таңнан қара кешке дейін қаланың тазалығы мен көркі үшін еңбек етіп жүрген тазалық қызметкерлеріне жылы жүзбен амандасқан сәті жүректі елжіретті. Олардың ауыр еңбегін бағалап, алғыс айтуы, ешқандай пафоссыз, ерекше күзетсіз қатар тұрып, бірге естелік фотоға түсуі нағыз халықтық Президентке тән қасиет.

Сонымен қатар, жастардың пікірін тыңдауы, емін-еркін әңгімелесуі біздің қоғамда жаңа мәдениеттің қалыптасып жатқанын көрсетеді. Жастардың Президентпен фотоға түсіп, мәз-мейрам болып жатқан шынайы эмоциялары көп нәрсені аңғартады.

Бұл көріністер маған мынадай ой салды: тазалық бұл тек сыпырылған көше емес, бұл ең алдымен  таза ниет пен бір-бірімізге деген құрмет. Президенттің өзі осындай қарапайымдылық танытып, еңбек адамын ұлықтап жатқанда, біз де өз қаламызды аялап, мәдениетті болуға міндеттіміз. 

Осы  «Таза Қазақстан» акциясы басталған екі жыл ішінде 1,5 мың экологиялық іс-шара ұйымдастырылыпты. Бұл уақыт аралығында 2 миллион тонна қоқыс жиналып, 5,5 миллионға жуық тал егілген. Жыл сайын бұл бастамаға 6,5 миллион адам, соның ішінде 780 мың волонтер қатысқан екен. Ал төрт жыл ішінде 1 миллионнан астам гектарға 1 648,4 миллион түп көшет отырғызылған. 

Көшбасшының жеке үлгісі сөзден қарағанда мың есе қуатты.

Бірғаным Ахметова, Журналист

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *