Қазақстанда биыл қандай мамандықтарға сұраныс жоғары болады

Жаңалықтар
view 75
news

Кеңседегі қызметкер. Көрнекі сурет: pixabay.com

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы 2025 жылы сұранысқа ие мамандықтардың тізімін жасады. Орталықтың мәліметінше, елімізде 1,6 млн маман қажет болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, 2025–2030 жылдары елімізде түрлі салада 1,6 млн маман керек болады. Оның ішіне жоғары, орта, арнайы білімі бар мамандар, басшылар және арнайы біліктілігі жоқ жұмысшылар енеді. Әсіресе, есепшілер, күзетшілер, сатушылар, жүргізушілер және орта мектеп мұғалімдеріне сұраныс жоғары болады. Себебі, бұл - еңбек нарығындағы ең ауқымды бөлікті алып жатқан мамандықтар.

"Еліміз алдағы 5 жылда техникалық және кәсіптік білімі бар жұмысшылар тапшылығын сезінуі мүмкін. Ол жалпы еңбек нарығындағы сұраныстың тең жартысынан асады – 875 мың адам немесе 55 пайыз. Екінші орында жоғары білімі бар жұмысшы мамандар тұр – 429 мың адам немесе 27 пайыз. Құрылыс саласында да кадрға жоғары сұраныс болады деп болжанады – 100 мың адам немесе 25 пайыз. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы (13 пайыз), өңдеу өнеркәсібі (12 пайыз) және көлік саласында (10 пайыз) сұраныс артатыны байқалады, - делінген хабарламада. 

"Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ вице-президенті Шалқар Байқұлақовтың айтуынша, Қазақстанда қазіргі уақытта жұмыссыздықтың деңгейі төмен — 4,7 пайыз. Ал маман қажеттілігі жоғары сала - IT индустрия. Дейтұрғанмен, "көк жағалылардың" еңбек нарығындағы үлесі бәрінен асып түседі.

"Еңбек нарығында IT индустрия саласының қызметкерлеріне сұраныс артып келеді. Алайда біздің экономикада "көк жағалылар" үлесі бәрінен жоғары. Экономиканың әрқырлылығы индексінде Қазақстан әлем бойынша 81-орында тұр. Біздің экспортқа шығаратын өнімдерімізге қарасақ, көбіне мұнай, металл өнімдері, шикізат. Әрине, бұндай экономикада "көк жағалылар" санатындағы мамандардың көп болатыны айтпаса да түсінікті", - дейді ол. 

Мұндай мамандар үш санатқа бөлінеді: сәулетшілер, жобалаушылар, инженерлер секілді біліктілігі жоғары қызметкерлер; слесір, сантехник, монтер секілді білікті мамандар; әртүрлі жұмысты атқаратын жұмысшы, күзетші секілді арнайы біліктілігі жоқ жұмысшылар. Биыл жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру бағытындағы жұмыстар қолға алынады. Бұл осы салаға жастардың қызығушылығын арттыруы үшін де жасалып жатыр. Мұндай шараның бірі - Астанада Ұлттық құзыреттер орталығы құру.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, мұндай орталықтар әлемнің алдыңғы қатарлы индустриалдық мемлекеттерінде бұрыннан бар. "Бұл орталық кәсіби құзыреттерді, жаңа технологиялық шешімдерді, заманауи кәсіби дағдыларды әзірлеп, өндіріске енгізуге ықпал етеді. Сонымен қатар, Ұлттық құзыреттер орталығы базасында жыл бойы халықаралық чемпионаттарға арналған оқу-жаттығу лагерлері, республикалық чемпионат, педагогтерге арналған салалық курстар өткізіледі", - деді министр. Одан бөлек елімізде тау-кен металлургия саласында смарт жүйелерді әзірлеуші, роботтандырылған тау-кен техникасының операторы, машина жасау саласында — виртуалды прототиптеу маманы, құрылыста - Big Data сарапшысы, «Ақылды үй» жобалаушысы сияқты 75 жаңа мамандық пайда болды. Сондай-ақ, кәсіби стандарттарды әзірлеу және жаңарту жұмыстары аясында биыл 8 сала бойынша 336 мамандықты қамтитын 60 кәсіби стандарт әзірленіп, жаңарту жоспарланып отыр. 

Қандай жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, сұранысы жоғары жұмысшы мамандықтардың алғашқы ондығының тізімі мынандай: Сондай-ақ, орталық сарапшылары кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға алдағы 5 жылдағы сұраныс көлеміне жасаған болжамын жариялады:

2025 жыл: 63,8 мың адам 2026 жыл: 65,7 мың адам (+1,9 мың немесе 3 пайыз)

2027 жыл: 67,9 мың адам (+2,2 мың немесе 3,3 пайыз)

2028 жыл: 66,8 мың адам (1,1 мыңға кемиді немесе -1,6 пайыз)

2029 жыл: 67,5 мың адам (+0,7 мың немесе 1 пайыз) 2030 жыл: 71,4 мың адам (+3,9 мың немесе 5,8 пайыз).

Елімізде алдағы 5 жылда ең сұранысы жоғары болатын мамандықтар тізімінде мұғалімдер мен тәрбиешілер көш бастап тұр. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары келтірген дерекке сай, алғашқы бестікте мектепке дейінгі білім беру мекемесінің тәрбиешісі, гуманитарлық және жаратылыстану бағытындағы пәндердің мұғалімі, бастауыш сыныптардың мұғалімі және орта мектепте өзге де пәндерден сабақ беретін мұғалімдер тұр. Әлемдік еңбек нарығы технологиялық дамудың, әсіресе жасанды интеллектінің әсерінен үлкен өзгеріске түсіп жатыр. Дүниежүзілік экономикалық форумның есебінде алдағы 10 жылда шамамен 170 миллион жаңа жұмыс орны ашылатыны айтылған. Сөйте тұра, 92 миллион жұмыс орнын адамнан "ақылды" технология тартып алуы мүмкін, яғни жұмыспен қамтудың таза өсімі - 78 млн жұмыс орны. Сарапшылардың болжауынша, ауыл шаруашылығы саласының жұмысшылары, жүргізуші-жеткізушілер, құрылысшылар, сатушылар және тамақ өнеркәсібі саласының жұмысшылары саны көбейе түседі. Сондай-ақ мейірбике, әлеуметтік қызметкерлер мен консультанттар, жеке күтім бойынша көмекшілер, жоғары және орта білім беретін мұғалімдер саны аздап өседі. 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *