Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілген жоқ! Тоқаев шындығын айтты

Жаңалықтар
view 293
news

Фото интернеттен

Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілген жоқ. Шынын айту керек. Еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алдық. 40 мың ғалым 90-шы жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді. Кейбір институттар сақталып қалғанымен, жалпы ғылым біртұтас жүйе ретінде қатты әлсіреп кетті. Осының салдары енді көрініп жатыр. Біз еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіруіміз керек. Бұл туралы Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы айтты, деп хабарлайды janabastau.kz.

"Ал су тасқынына оралсақ, алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі, ауқымды. Апаттан зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті жағдайды жасауымыз керек. Бұл – қомақты қаражатты талап ететін жұмыс. Бірақ біз халықтың алдындағы міндеттемелерімізді толығымен орындаймыз. Бұл – парыз. Мен үшін бұл – ең маңызды және дәл қазіргі кездегі ең қажетті жұмыс.

Түптеп келгенде, Қазақстанды өркендеген елге айналдыру – бәрімізге ортақ міндет. Жаңа ғана сөз сөйлеген ғалымдар бірқатар салмақты ой айтты. Бастамаларды мұқият саралаймыз. Ұтымды ұсыныстар міндетті түрде жұмыс барысында ескеріледі, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек.

"Ахмет Байтұрсынұлы «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» деген екен. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөз қазір, әсіресе, өзекті.

Соңғы жылдары ғылым саласын дамыту үшін біршама жұмыс атқарылды. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды.

Былтыр ғылымға үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Мемлекет алдағы уақытта да бұл қаражаттың көлемін көбейте береді", - деп атап өтті Президент Тоқаев.

Оның мәліметінше, қазір ғалымдардың жалақысы екі есе көбейді. Озық ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыруға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Докторантурада оқуға арналған білім гранттарының саны артты. Ғалымдарға әлемнің озық ғылыми орталықтарында тәжірибеден өту үшін зор мүмкіндік беріліп отыр. Жас зерттеушілерді қолдау шаралары күшейтілді. Соның нәтижесінде ғылыммен айналысып жүрген жастардың саны көбейіп келеді.

Аймақтарда шетелдің жетекші университеттерінің филиалдары ашылды. Бірақ бұл шаралармен шектеліп қалуға болмайды. Еліміз тұрақты дамуы үшін өзгерістерге тез бейімделіп, тың мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану өте маңызды. Бұл – стратегиялық міндет. Осы орайда мемлекет ғалымдарға, сарапшыларға, ел экономикасына жаңашылдық әкелетін мамандарға зор үміт артады. Оларға айрықша миссия жүктеледі. Сол үшін де ғылыми әлеуетімізді нығайта береміз, - деді Мемлекет басшысы.

Пікірлер (1)

  • Ғалым

    Қазақ тілі мен Қазақ әдебиеті саласындағы ғалымдар ғылыми әлеуетіміз қалпында деп отыр.

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *