Қорқынышты болжам: Алматыда жойқын жер сілкінісі кезінде не болуы мүмкін

Жаңалықтар
view 75
news

Ulysmedia.kz коллажы

 

Алматыда жойқын жер сілкінісі болған жағдайда не күтіп тұр? Бұл жөнінде саясаттанушы Досым Сәтпаев пікір білдіріп, биліктің бұл жағдайға мүлде дайын емес екенін айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

ЭКОНОМИКАНЫҢ 20 БІР КҮНДЕ ЖОЙЫЛАДЫ

Сәтпаев Алматының ел экономикасындағы үлесі – 20% екенін еске салды. Егер қала жер сілкінісінен қираса, бұл көрсеткішті барлық мемлекеттік даму бағдарламаларынан алып тастауға тура келеді.

- Қазақстан онсыз да қаржылай қиын жағдайда отыр. Ұлттық қорды талан-таражға салып, бюджет тапшылығын еселеп жатқанда, мұндай апат болса – Алматы ұзақ жылдар бойы қалпына келмейді. Қала қираған күйінде қала береді, – дейді Сәтпаев.

ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК

Сәтпаевтың айтуынша, Қазақстан мен Алматы билігі қағаз жүзінде жоспар құрумен шектеліп отыр.

Мысалы, 2025 жылға дейін 28 сейсмостанция орнатылып, оларды Қырғызстанның ескерту жүйесімен біріктіру жоспарланған болатын. Сонымен қатар, Түрксіб ауданында 50 мың адамға арналған шатырлы қалашық жайлы ақпарат тараған.

- Алматыда 2 миллионға жуық адам тұрады. 50 мың орын – теңізге тамшы. Бұл – нақты шара емес, жай көзбояушылық, – дейді Сәтпаев.

ЭВАКУАЦИЯ ЖОСПАРЫ БАР, ОРЫН ЖОҚ

Кейінгі кезде көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне ТЖ кезіндегі эвакуация жоспарлары ілінген. Бірақ сарапшы бұл да қағаз жүзіндегі шара ғана екенін айтады.

- Адамдарды уақытша қабылдауға белгіленген мектептердің өзінде су, тамақ, дәрі, радиобайланыс, жылы киім сияқты ең қажетті заттар жоқ. Ешқандай дайындық жоқ, – дейді ол.

ҚАПТАҒАН ҮЙЛЕР ЗИРАТҚА АЙНАЛУЫ МҮМКІН

Сәтпаев соңғы жылдары салынған көпқабатты тұрғын үйлердің сапасына да күмәнмен қарайды. Оның пікірінше, жер сілкінісі болған жағдайда олар алып молаларға айналуы мүмкін.

- Соңғы жылдары Алматыда жаппай салынған үйлер – қауіптің қайнар көзі. Олар қираса, тірі қалу мүмкін емес. Алматы баяғыда-ақ құтқаруға келмейтін қалаға айналды, – деді сарапшы.

Досым Сәтпаевтың айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік деңгейде төтенше жағдайға дайындық жоқ. Сондықтан әр азамат жеке “дабыл сөмкесі” алдын ала дайындауы қажет.

- Бірақ ондай сөмке көп адамда жоқ. Себебі бұл – бала кезден бастап төтенше жағдайға үйрететін жүйенің жоқтығының нәтижесі. Жапонияда балабақша мен мектептен бастап үйретеді. Бізде бұл мүлде қарастырылмаған, – деп түйіндеді ол.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *