Құрылтайдан жаңа қадамдарға
Фото: Жеке мұрағаттан
Қазіргі кезең – еліміз үшін жаңару мен өзгерістер кезеңі. Қоғамның талабы да, азаматтардың ел болашағына деген көзқарасы да өзгеріп келеді. Осындай уақытта халықтың пікірін тыңдап, әртүрлі әлеуметтік топтардың ұсыныстарын бір ортаға тоғыстыратын алаңдардың маңызы арта түседі. Менің ойымша, Құрылтай сайлауының негізгі ерекшелігі де – осы қоғамдық диалогты дамытуға мүмкіндік беруінде.
Құрылтай сайлауы арқылы қазір елдің әр өңірінен, түрлі сала мен кәсіптің өкілдері өзекті мәселелерді көтеріп, өз ойларын ортаға салауда. Бұл тек белгілі бір мәселені талқылау ғана емес, сонымен қатар қоғамның даму бағытына қатысты ортақ пікір қалыптастыруға жол ашады. Әрине, ел көлеміндегі барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес. Бірақ мәселені ашық айтып, оны талқылап, нақты ұсыныс жасау – оң өзгерістің бастамасы деп ойлаймын.
Қоғамның дамуы тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана байланысты емес. Оған әрбір азаматтың жауапкершілігі, белсенділігі және ел тағдырына деген жанашырлығы әсер етеді. Осы тұрғыдан қарағанда, Құрылтай азаматтық жауапкершілікті арттыруға да ықпал ететін маңызды алаң. Әсіресе жастардың, еңбек адамдарының, кәсіпкерлердің, зиялы қауым өкілдерінің және түрлі сала мамандарының пікірлері елдің болашағын айқындауда маңызды рөл атқарады.
Мен үшін Құрылтайдың мәні – қоғамдағы әртүрлі пікірлерді бір арнаға тоғыстырып, ортақ мақсат төңірегінде біріктіруінде. Біздің ортақ мақсатымыз – тұрақты, әділетті, дамыған және болашағы берік Қазақстан қалыптастыру. Бұл жолда қоғам мен мемлекет бір-бірін түсініп, өзара байланыста жұмыс істегені маңызды.
Сондықтан Құрылтай сайлауын елдің болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылайтын қоғамдық диалог алаңы ретінде бағалаймын. Ең бастысы, айтылған пікірлер мен ұсыныстар нақты нәтижеге бағытталып, халықтың күнделікті өміріне оң әсер ететін бастамаларға ұласса екен. Елдің ертеңі – бүгінгі қабылданған шешімдер мен жасалған қадамдарға байланысты. Ал сол қадамдарды қоғаммен бірге талқылаудың маңызы зор деп есептеймін.
Айнұр Оразханқызы Телқожаева Тілдерді оқыту орталығы басшысы
Қосшы қаласы
Пікірлер (0)